Accessibility links

Министрлік нарықты медицина денсаулық сақтау жүйесін жемқорлықтан арылтады деп үміттенеді


Қазақстан денсаулық сақтау миистрі Жақсылық Досқалиев.

Қазақстан денсаулық сақтау миистрі Жақсылық Досқалиев.

Денсаулық сақтау министрлігі ВИЧ жұқтырғандар саны өсіп барады, қолдан дайындалатын қанның сапасына бақылау жасалмайды деп ескертті. Ал министр Досқалиев денсаулық сақтау жүйесінің нарықтық моделіне көшуге ұсыныс жасады. Сырқаттар болса дәрігерлердің қызметі үшін ежелден-ақ төлеп келеміз дейді.

Оның айтуынша, медицина қызметкерінің сыбайлас жемқорлық қылмысқа баруының бір себебі – олардың әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етілуінің төмендігі, сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жүктелетін жауапкершілік жөнінде бейхабарлығы, халықтың құқықтық жауапкершілігінің төмендігінен екен.

Тамыр-танысың мен ақшаң болмаса ауырып қалудан сақтан

Қазақстандағы барша қарым -қатынас сыбайлас жемқорлықтың негізінде құралған – дейді біздің радиомызға сұхбат берген Жомарт есімді Алматы тұрғыны. Оның сөзіне қарағанда, қазір не ақшаң болу керек, не танысың болу керек. Әйтпесе «күнің қараң» - дейді ол.

- Қазір кез-келген салада тамыр-таныстық керек. Немесе ақша беруің керек болады. Мәселен, жуырда анам ауырып қалды. Қан қысымы көтеріліп, бірнеше күн жүрді. «Жедел жәрдем» шақыртып едік, «біз тек қатты ауырып қалғанда келеміз, сондықтан ертең асықпай емханаға барыңыздар» деп кеңес берді. Ертесі анамды ертіп біз тіркеуде тұрған емханаға бардық. Ол жерде анализ тапсыру үшін, УЗИ-ге түсу үшін, терапевтке қаралу үшін 4 кабинетке қатарынан кезекке тұрдық. Содан емхананың жұмыс уақыты кешкі сағат 17-ге дейін, тек анализімізді ғана тапсырып үлгердік – бұл дегеніңіз масқара емес пе!?- деп ашуланды Жомарт.

Ертесі күні барғанда тағы сол кабинет, тағы сол кезекте тұру. Алайда кезекте тұрған анама «жаны ашыған» ақ халатты жігіт бұл жерде дәрігерге тиын-тебенін берсең, барлық ісіңді 1 сағаттың төңірегінде бітіріп береді дегенді айтты,- деп әңгімесін жалғастырды сұхбаттасымыз.

- Сұрастыра келсем, артық бірнеше мың теңге берсең, бірінші күні-ақ барлық процедураларды өтуге болады екен. Сонда қарап отырсаңыз, барлығын қарайтын сол бір дәрігер, алайда «риза етсең» сенің жұмысың елден бұрын шешілетін болып тұр. Осы кезде мемлекеттік емханаларда қызмет ететін ақ халатты жандардың өзі науқастарды бөлген кезде басқадан не сұрайсың деген ой келді. Бұл күнде, тамыр-таныссыз, ақшасыз ауырып қалғаннан Құдай сақтасын!- дейді Жомарт.

Қымбаттың бәрі әрдайым жақсы болады деген сөз емес

Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев: «Медициналық қызмет көрсетуде бәсекелі орта болуы тиіс, оған тек мемлекеттік ұйымдарды ғана емес, жекеменшік ұйымдарды да міндетті түрде қамту қажет» деген еді.

Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі жоғарғы деңгейде медициналық қызмет көрсететін қосымша жекеменшік, халықаралық, бірлескен кәсіпорындардың ашылуын қолдап отыр.

"Келесі бір шара - дәрігерді еркін таңдау. Дәрігерді еркін таңдаған жағдайда емханалар мен ауруханаларда қазіргідей топырлаушылық пен парақорлыққа жол берілмес еді", - деді Ж. Досқалиев. Сонымен бірге, мекеме басшысының айтуынша, "көрсетілетін қызметтер ашық болуға тиіс. Әр азамат өзінің алған қызметі мен оның құны қандай екенін білуге тиіс".

Бұл пікірмен қала тұрғындары да келіседі, алайда кейде медициналық қызмет өзінің бағасына сай емес кездер де болады. Бағасы қымбат медициналық орталықтар әрдайым адамның ауруына шипа бола бермейді.

Кішкентай кезінде бетін пешке күйдіріп алған Бегнұр есімді бойжеткен пластикалық операцияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты. Десе де, хирургияның соңғы жетістіктері де, сол үшін төленген 2000 доллар да бетінің әрін сақтап қалуына көмек бола алмаған көрінеді. Қазірде Бегнұрдың бетінде тыртық сақталып қалған.

- Мен операция жасатар алдында қаладағы барлық медицина орталықтарынан кеңес алдым, барлығының мүмкіндіктері мен қызмет көрсету құқын салыстырдым. Сөйтіп ең қымбат дегеніне жүгіндім, дегенмен нәтижесі менің көңілімнен шыққан жоқ. Орталық дәрігерлері де қолдарынан келгенінше көмектескендіктерін айтып, ондай-ондай жайттар кездеседі деп жұбатты. Менің осыдан кейін түсінгенім, қымбат қызметтің әрдайым нәтижесі жақсы болмайтындығы, – дейді бойжеткен.

ВИЧ жұқтырғандар саны артып барады

Сәуірдің 23-інде Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Анатолий Белоног Алматыдағы №1-ші тергеу изоляторында 174 адам ВИЧ індетін жұқтырғандығын хабарлады. Сотталғандардың 42 пайызында ВИЧ індеті - тергеу изоляторларына түсу кезінде, 58 пайызында түзеу мекемелерінде анықталған көрінеді.

"Талдау көрсеткендей, бұл үдеріс Алматы қаласындағы №1-ші тергеу изоляторындағы жағдайдың нашарлауымен тікелей байланысты. Мәселен, өткен жылы қамауға алынғандардың 40 пайызына мұндай індеттің бар-жоғын анықтайтын тексеріс жүргізілмеген. Нәтижесінде 174 адам дертті жұқтырып, олар облыстың басқа аймақтарына ауыстырылғанда оны тарату көзіне айналған, –деді Анатолий Белоног.

Сондай-ақ ол , ВИЧ індетін жұқтырған сотталғандардың ең жоғары көрсеткіштері, әсіресе, түзеу мекемелері көп шоғырланған аймақтарда тіркелгендігін айтты. Олардың саны Шығыс Қазақстанда - 14, Қарағандыда - 10, және Алматы облысында - 6. ШҚО-ның түзеу мекемелерінде 110 адам, Павлодарда - 15 адам, Қарағандыда -2 және Астана мен Солтүстік Қазақстан облысында бір-бір адамнан жұқтырған екен.

Алматыдағы Қан құю орталығында қан мен оның құрамды бөлшектерінің қауіпсіздігіне бақылау лайықты дәрежеде қойылмаған. Қалада, тіпті ВИЧ індеті анықталған донорларға қатысты эпидемиологиялық тергеу жүргізілмеу, донорларды жеке басын куәландыратын құжаттарсыз қабылдау фактілері анықталған. Сонымен қатар медициналық мекемелерге жіберу үшін дайындалған қан құйылған ыдыстың сыртына ВИЧ індетіне қатысты тексерістің нәтижелері жазылмаған.

Оның үстіне әрбір бесінші жүкті әйелге ВИЧ бар-жоқтығына тексеру жүргізілмеген. Соның салдарынан 6 әйелде ВИЧ уақытылы анықталмаған, ана мен құрсақтағы сәби тиісті алдын алу антиретровирустық емді қабылдамаған.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ВИЧ індетіне қарсы іс-қимылдар жоспарын тиісті деңгейде жүзеге асырмай отырғаны үшін Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Зәуре Аманжоловаға тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG