Accessibility links

Алматыда педиатрия мен қан құю орталықтарын тағы үш ана сотқа берді


Гепатитпен ауырған Айбек, анасы Әлия Имановамен бірге.

Гепатитпен ауырған Айбек, анасы Әлия Имановамен бірге.

Бүгін Алматы қалалық соты С гепатиті вирусын жұқтырған балалардың ата-аналары түсірген апелляциялық шағымды қарап, бұл жолы да дәрігерлерді кінәлі деп таппады. Ал ата-аналардың айтуынша, гепатит жұқтырған балалардың өлімі тоқтамай тұр.


Өткен жылы жаз айларында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген, С гепатиті вирусын жұқтырған балалардың ата-аналары Алматыдағы Бостандық аудандық сотына талап-арыз беріп, республикалық қан құю орталығы мен педиатрия орталығын («Ғылыми педиатрия орталығы және балалар хирургиясы») жауапқа тартуды сұраған еді. Ата-аналардың айтуынша, «балаларға С гепатитінің вирусы педиатрия орталығында қан құю кезінде жұққан».

2012 жылы ақпан айында Бостандық аудандық соты олардың өтінішін қанағаттандырмай тастады.

«ОНДА НЕГЕ БАСҚА АУРУ ЖҰҚПАҒАН?»

Шағым берген аналардың бірі Әлия Иманованың айтуынша, бүгінгі істі қараған судья Сейітов алдыңғы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған.
Науқас бала анасымен ауруханада жатыр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Науқас бала анасымен ауруханада жатыр. Балалардың қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. Алматы, 9 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)


- Сот біздің уәждерімізді, қан құю орталығы мен педиатрия өкілдерінің уәждерін тыңдады. Бүгінгі сотта жауапкер жақ «лейкоз С гепатиті ауруының пайда болуына жағдай туғызады» деп ақылға қонымсыз нәрселерді айтты. Біз осы күнге дейін тіпті дәрігер болып кеттік. Олар бәрін иммундық жүйеге артып қояды. «Баланың иммундық жүйесі мүлде жоқ болғандықтан С гепатитінің вирусын жұқтырып алады» дейді. Олай болса, неге басқа ауру жұқпаған? С гепатиті қан құю арқылы берілетіні ғылыми түрде дәлелденген ғой, - дейді Әлия Иманова.

Ата-аналардың заңгері Ғалия Дүйсенбаева енді кассациялық алқаға шағым түсіреміз деп отыр. Оның айтуынша, бірінші инстанцияда вирус ошағын анықтау сараптамасы біржақты жүргізілгеніне қарамастан, судья педиатрия орталығы мен республикалық қан құю орталығын кінәлі деп таппаған.

- Жауапкер жақтан қазіргі донорлардың қанын емес, қанның архивтік үлгілерін сынаққа алған. Бұл - балаларға қан құйылған кездегі қандар емес. Олар өткен жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айларында алынған қан үлгілерін берген. Біз қазіргі донорлардың қан үлгілерін сараптан өткізу керек деп есептейміз. Егер жауапкер жағы, олар да шындықты білгісі келсе, неге қазіргі донорлардың қанын тексеруге кедергі жасайды? - дейді Ғалия Дүйсенбаева.

Ол ата-аналардың «аталған екі мекемені тексеру туралы бас прокуратураға талап қоятындарын» айтты.

Азаттық тілшісі бүгінгі сот шешімі турасында пікірлерін білу үшін дәрігерлер тарабына да хабарласты. Ғылыми педиатрия және балалар хирургиясы орталығының директоры Сәуле Нукушева:

- Соттың шешімі дұрыс. Себебі біздің институтта балалардың С гепатитін жұқтыратын жағдайы жоқ. Біздегі санитарлық-эпидемиологиялық режим өте қатал. Шприцтерді, бәрін де бір-ақ рет қолданамыз. Республикалық қан орталығынан алынған қанды біз толық тексеруден өткіземіз. Барлық вирустарға тескереміз. Содан кейін ғана балаларға құямыз. Сондай жағдайда ауруды қалай жұқтырамыз? Бұл мүмкін емес қой, - дейді.

Бұған дейін республикалық қан құю орталығының директоры Дилявер Бекиров ақпарат құралдарына «Бұл балалар С гепатиті вирусын ауруханадан басқа кез келген жерде жұқтырып алуы мүмкін, донорлық қандардың сапасына күмән болмасын» деп мәлімдеген еді.

Ал шағымданушылар балаларының денсаулығына алаңдап отырған өздері сияқты наразы ата-аналардың көп екенін, тек олардың Алматыға келуге ақшалары болмай отырғанын айтты.

ТАҒЫ ДА ҮШ АРЫЗ ТҮСТІ

Осы апта басында, бүгінгі апелляциялық шағымнан бөлек, Бостандық аудандық сотына республиканың әр аймағынан келген үш ана арыз түсірді. Олар да соттан республикалық қан құю орталығы мен педиатрия орталығын жауапқа тартуды талап етпек.

Үш ананың бірі Ұлболсын Арынғазина «лейкоз дертіне шалдыққан немересін педиатрия орталығына емдету үшін апарып, С гепатитінің вирусын жұқтырып алғанын, сотқа амалсыздан шағым түсіргенін» айтты.
Балалар орталығынан қан құйдыртқан едік. Бірақ бізге екінші ауру жамап берді.

- Немерем қазір жаман емес, жақсы. Бірақ бізге екінші ауру байлап берді. Гепатит С деген. Жағдай өте қиын болып тұр. Балалар орталығынан бес рет қан құйдыртқан едік. Дәрігерлердің өздері де «С гепатиті қан құю арқылы жұғады» деп айтып отыр. Баланың жағдайы жақсы болғанмен, С гепатитінің әсері бар. Тамағы өзгерсе бітті - баланың бауыры ауырады. Содан өте қатты қорқамыз, - дейді Ұлболсын Арынғазина.

Оның айтуынша, бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын пайда болған. Алайда Ұлболсын Арынғазина ата-аналардың сол кезде не себепті сотқа шағымданбағанына таңғалатынын айтты. «Сол кезде арызданса, бәлкім, қазіргідей жағдай болмас па еді?» дейді ол.

- Неге біздің медицина осы мәселелердің бәрін шешпейді? Неге балалар ауыруы тиіс? Менде «неге» деген сұрақтар өте көп! Мемлекеттің осы мәселені шешуге қауқарсыз болғаны ма? – дейді Ұлболсын Арынғазина.

2010 жылдың аяғында Алматыдағы педиатрия орталығында емделген лейкозбен ауыратын жүзден астам баладан С гепатиті вирусы табылған еді. Ата-аналардың шағымынан кейін осы орталықта тексеріс болып, ақырында "балалар бұл дертті стоматологиялық емханаларда жұқтырды" деген қорытынды жасалған.

Ата-аналардың айтуынша, бұл қорытындыдан кейін де балалар өлімі тоқтамай тұр. Олардың дерегінше, 2010 жылдан бері гепатиттен 49 бала шетінеген.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG