Accessibility links

Ер адамдар арасында өлім екі есе көп


Астанадағы саябақтардың бірінде шахмат ойнап отырған ер адамдар. (Көрнекі сурет)

Астанадағы саябақтардың бірінде шахмат ойнап отырған ер адамдар. (Көрнекі сурет)

Дәрігерлер «Қазақстанда ерлердің денсаулығын дәрігерге қаралуға құлықсыздығы құртып барады» дейді. Олар ер адамдардың арасындағы өлім-жітімнің көбеюін күйзеліс пен әлеуметтік жайсыздықпен байланыстырады.

ЕРЛЕР ДЕНСАУЛЫҒЫ

Алматы облысындағы Байсерке кентінің тұрғыны Гаднан Камалов биыл тамыз айында, небәрі 59 жасында өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болды. Отбасы оның айықпас дертке шалдыққанын өте кеш, кесел асқынып, соңғы сатысына өткенде бір-ақ білген. Жұбайынан жесір қалған Гүлмира Камалованың Азаттық тілшісіне айтуынша, Гаднан Камалов соңғы алты ай ішінде адам танымастай жүдеп, әлсіреп барып қайтыс болған.

Қазақстанда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Академик Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығының деректеріне сәйкес, елде ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға кем. Дәрігерге қаралуға баратын ер адамдар саны, әйелдермен салыстырғанда, үш есе аз екен. Осындай салғырттықтың кесірінен олардың сырқатын ерте анықтау деңгейі де төмен.

Дәрігерлердің есебінше, әйелдерге қарағанда, онкологиялық кеселден қайтыс болатын ер адамдар саны екі есе көп. Соңғы бес жылда жыныс безінің қатерлі ісігінен қайтыс болған ер адамдар саны сүт безі ісігінен дүние салған әйелдермен салыстырғанда екі есе өскен.

Дәрігердің қабылдауында отырған ер адам. (Көрнекі сурет)

Дәрігердің қабылдауында отырған ер адам. (Көрнекі сурет)

Бірақ ер адамдардың қатерлі ісіктен басқа да дерттері жетеді.

Қазақстанда ер адамдар жүректің ишемиялық ауруына үш есе, қант диабетіне алты есе көп шалдығады. Урология ғылыми орталығының бас директоры Мырзакәрім Алшынбаев Азаттық тілшісін ер адамдардың денсаулығына қатысты зерттеулердің кейбір нәтижелерімен таныстырды.

– Урология ғылыми орталығы өткізген «Ер адам денсаулығы күні» жобасы аясында Қазақстанның 26 қаласында тұратын 4 мың 21 ер адам мен ұл бала тексерілді. 3 мың 348 еркек пен ұл баланың бойынан уроандрологиялық патология табылды, – дейді дәрігер.

Уролог мамандардың айтуынша, ер адамның жыныс безінің простатиті қазір медициналық проблемадан әлеуметтік проблемаға айналып барады. Өмір сапасына жағымсыз әсері бойынша миокард, стенокардиямен теңесетін созылмалы простатит дерті оған шалдыққан еңбекке қабілетті жастағы ер адамдарда психологиялық және әлеуметтік проблема тудырады.

Қазақстанның техногенді аймақтарында жұмыс істейтін 28 мың 500 ер адамның ұрпақ өрбіту қабілетін анықтау мақсатында жүргізілген зерттеу нәтижесі мұнай саласында еңбек ететін 15 мың 500 ер адамның, сол сияқты, түсті металлургия кәсіпорындарында жұмыс істейтін 13 мыңдай ер-азаматтың денсаулығында кінәрат барын көрсеткен.

ҚАТЕР ФАКТОРЛАРЫ

Қоғамдағы, тіршілік ортасындағы кикілжің-жанжалдардың кесірінен қозатын жаңа ауру түрлері Қазақстанда да көбейіп барады. Олардың ішінде дұрыс тамақтанбау проблемасы да бар.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов өлім-жітім көрсеткішінің өсуіне себептердің қатарында ер адамдардың медициналық көмекке кеш жүгінетін жауапсыздығымен бірге дұрыс тамақтанбауын да атайды. Оның айтуынша, ерлерді күнделікті өмірдегі күйзелістер мен әлеуметтік жайсыздық та тұралатып барады.

Урология ғылыми орталығының бас директоры Мырзакәрім Алшынбаев. 22 қараша 2013 жыл.

Урология ғылыми орталығының бас директоры Мырзакәрім Алшынбаев. 22 қараша 2013 жыл.

– Қазақстанда ешкім жүз жасамайды. Әйелдер де, ерлер де. Себебі, кедейліктің тауқыметін тартып отырған шаңырақ көп. Жұмыс жоқ, отбасында ұрыс-керістер. Мардымсыз жалақы. Витаминді қойып, тамаққа да ақша жетпейді, - дейді Төрегелді Шарманов Азаттық тілшісіне.

Дәрігерлердің пікірінше, бұл проблеманы шешу үшін аурудың алдын алу ғана емес, сонымен бірге ауқымды шаралар да қолдану қажет. Урология ғылыми орталығының бас директоры Мырзакәрім Алшынбаев ер адамдардың денсаулығын сақтауға бағытталған саясат жүргізуді ұсынады.
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG