Accessibility links

Тәуелсіздік күні алдында оқушыларға да ескерту жасалды


Студенттер. Жезқазған, 2013 жыл. Көрнекі сурет

Студенттер. Жезқазған, 2013 жыл. Көрнекі сурет

Алматыдағы жоғарғы сынып оқушылары «алаңға бармаңдар» деген ескерту алғандарын айтады. Ал университеттердің басшылығы студенттерінің сол күні қайда баратынын білуге құмар.

Алматының Алатау ауданына қарасты Өжет ықшам ауданындағы мектептің Б. есімді оқушысы (есімі өз өтініші бойынша аталмады) мұғалімдері «Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсанда алаңға бармаңдар» деп ескерту жасағанын айтады.

– «Тәуелсіздік күні берілетін демалыста үйде отырыңдар, алаңға бармаңдар» деді. Себебін білмеймін, – дейді мектеп оқушысы.

Азаттық тілшісі осы мектептің басшылығына хабарласқанда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары «жиналысқа кеткен директордың рұқсатынсыз ештеңе айтпаймын» деді.

Қаладағы Ақсай ықшам ауданында орналасқан мектептердің біріндегі жоғарғы сынып оқушысы Қайсар да «Тәуелсіздік күнінде қала көшелеріне шықпай-ақ қойыңдар» деген ескерту алғандарын айтты.
Астаналық студенттер

Астаналық студенттер


Бірақ қалалық білім басқармасының өзін Гүлжайна деп таныстырған қызметкері мұндай ескертуден хабары жоқ екенін мәлімдеді.

ТІЗІМДЕУ

Алматыдағы жоғарғы оқу орындарында да Тәуелсіздік күніне «дайындық» жүріп жатыр. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ) студенттерінің 16 желтоқсан күні қайда баратындарын білуге құмартқан.

– Университеттің студенттік ұйымы мүшелері келіп, Тәуелсіздік күні қайда баратынымызды сұрады. Жатақханада қалатындарды тізімдеп алды. Ал «ауылға қайтамын» дегендердің баратын ауылдарының атын жазып алды, – дейді ҚазҰУ-дың Ж. есімді студенті.

Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің (ҚазҰТУ) студенттерінің бірі де «басшылық 16 желтоқсанда қайта болатындары жайлы ақпаратты жазып алғанын» айтты.

Бірақ бұл университеттердің өкілдері ондай оқиға болғанын жоққа шығарады.

– Студенттерге ешқандай сауал қойып жатқан жоқпыз. Студенттер сессияға дайындалып жүр. Кейбір студенттер тәуелсіздік күніне арналған демалысқа орай ауылдарына қайтып жатыр, – деді ҚазҰУ-дың жатақханаларға жауапты, аты-жөнін айтпаған маманы.

АЛАҢДЫ ҚОРУ

Осыған дейін Алматы студенттері тәуелсіздік күні қарсаңында бір апталық демалысқа шығатын туралы айтқан. Оқу орны басшылары «бұл демалыс тәуелсіздік күніне орай берілді» десе, қоғамдық белсенді «билік тәуелсіздік күні жастар алаңға шығып, наразылық акцияларын ұйымдастыра ма деп қорқады» деген.

Алматылық студенттерге желтоқсанның ортасында демалыс беру оқиғасы 2012 жылы да болған. Былтыр кейбір оқу орындарында сессия 16 желтоқсанға дейін-ақ аяқталған, басқа жоғарғы оқу орындарының студенттері 10-17 желтоқсан аралығында демалысқа жіберілген.
Билік тәуелсіздік күні жастар алаңға шығып, наразылық акцияларын ұйымдастыра ма деп қорқады.

1986 жылы желтоқсанның 16-18 күндері алматылық мыңдаған студент пен жұмысшы жастар қаланың орталық алаңына наразылық шарасына шыққан еді. СССР құлаған соң желтоқсанның 16-сы Қазақстанда тәуелсіздік жарияланған күнмен сай келді. Кейін дәл осы алаңда наразылық митингілері ұйымдастырылып, 1990 жылдардағы мұндай жиындарда жемқорлық пен демократия мәселелері көтеріле бастады.

2011 жылғы желтоқсанның 16-сында болған Жаңаөзен оқиғасы да Қазақстанның тәуелсіздік күні мерекесімен тұспа-тұс келген. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мұнайшылар айлықты көбейтуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, 2011 жылдың көктемінен ереуілдеп тұрған еді. Олардың наразылық шарасы 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні күшпен жаншылды. Полиция мен арнайы әскер Жаңаөзен мен Шетпе стансасында ереуілшілерге оқ атып, 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Бұдан кейін Алматыда Жаңаөзен оқиғасына байланысты наразылық жиындары өткен.

Соңғы жылдары құқық қорғау органдары Тәуелсіздік күні мейрамы кезінде мұндай рұқсат етілмеген жиындарды өткізбеуге тырысып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG