Accessibility links

Автобан ақысы арзандағанын көпшілік білмейді


Қазан айынан бастап Астана-Бурабай ақылы жолының бойындағы аудандарда тіркелген көліктер жылына мың теңге ғана төлейді.

Автобанмен жүру үшін бір мың теңге төлеп, бір жылға рұқсат қағазын алған жүргізушілердің бірі –Шортанды ауданы Жолымбет ауылының тұрғыны Александр Кочалов.

– Ары-бері жүрген сайын терминалға 60 теңге төлейтінмін. Менің шағын автобусым бар. Салмағы бір тонна болғандықтан, жеңіл автокөліктер санатына жатады. Яғни мен де жылына 1 мың теңгелік абоненттік төлем ала аламын. Ал бұрын айына 1800 теңге төлейтінмін, – дейді ол.

БЕС АУДАНҒА ТИЕСІЛІ ЖЕҢІЛДІК

Астана қаласынан шыға берістегі Астана-Бурабай ақылы жолы терминалының операторы Әнуар Жаңғабылов бұл өзгерісті Азаттық тілшісіне түсіндіріп:

Терминал операторы Әнуар Жаңғабылов жұмыс орнында отыр. Астана, 6 қазан 2013 жыл.

Терминал операторы Әнуар Жаңғабылов жұмыс орнында отыр. Астана, 6 қазан 2013 жыл.

– Қазанның 1-інен бастап үкіметтің 1039-қаулысы шықты. Ақылы жол бойында орналасқан Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Еңбекшілер және Бурабай аудандарында тіркелген автокөліктер жылына 1 мың теңгеге абоненттік төлем ала алады. Жеңілдік көпшіліктің сұрауы бойынша қарастырылды. Аталған аудандардың көліктері терминал базасына тіркелген соң оларға шлагбаум автоматты түрде ашылатын болды, – дейді.

Қаулы шыққан бойда таратылған, жеңілдік жайындағы жарнамалық парақшаны Астанадан Бурабайға күнделікті қатынайтын таксистер де алған. Бірақ қаладағы Бөгенбай даңғылы мен Уәлиханов көшелерінің қиылысында тұратын таксистер мұндай өзгеріске сенбейді. Суретке түскісі келмеген, аты-жөнін де атамаған таксистердің бірі «жылына 1 мың теңгеге абоненттік төлем алуға болады» деген хабарды «кезекті лохотрон» деп сипаттады.

Жүргізушілер арасындағы сенбестіктің себебі жеңілдік туралы ақпараттың жеткіліксіздігі болуы да мүмкін. Ақылы жол терминалы қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, соңғы екі күнде жеңілдік алуға 60 жүргізуші ғана өтініш берген.

Астана - Бурабай автобанына шыға берістегі ақпарат тақтасы. 6 қазан 2013 жыл.

Астана - Бурабай автобанына шыға берістегі ақпарат тақтасы. 6 қазан 2013 жыл.

Қазақстандағы алғашқы ақылы жол, ұзындығы 220 шақырым Астана-Бурабай автобаны 2013 жылдың 1 маусымында ашылған еді. Бұл жолды қадағалаушы мекеме өкілі Мейрамбек Темірханның сөзінше, жол бойына орнатылған терминалдарға жаз кезінде тәулігіне орташа есеппен 3 миллион теңге табыс түсіп тұрған.

Жол төлемі әр көліктің салмағы мен көлеміне қарай белгіленеді. Мысалы, осы жолмен Астанадан Щучинск қаласына бару үшін жеңіл көлік иелері – 200 теңге, ал 2,5 тоннадан 10 тоннаға дейін жүк арта алатын көлік жүргізушілері 1000-4000 теңге арасында ақы төлейді. Көліктердің сол сәтте артқан жүгі емес, олардың жалпы қанша тоннаға дейін жүк тиеп жүре алатыны ескеріледі.
XS
SM
MD
LG