Accessibility links

Көлік жүргізушілер «Щучинск ақылы жолының баламасы жоқ» дейді


Жолаушылар «Астана-Көкшетау» шағын автобусына мініп жатыр. Астана, 22 қаңтар 2013 жыл.

Жолаушылар «Астана-Көкшетау» шағын автобусына мініп жатыр. Астана, 22 қаңтар 2013 жыл.

Астананың көлік жүргізушілері «Астана-Щучинск күре жолы ақылы болса, біз жүретін басқа балама жол жоқ» дейді. Бұл Қазақстандағы алғашқы ақылы жол болмақ.

Астана автовокзалында тұрған он шақты автокөліктің иелері бір жарым-екі мың теңгеге (шамамен 10-17 доллар) Щучинск-Бурабай шипажай аймағына жеткізіп салатындарын айтады. Жүргізушілердің бірі жазға қарай Астана-Щучинск күре жолымен жүру үшін бір бағытқа шамамен 200 теңге (1,3 долларға жуық) ақша төлейтіндері туралы ескерту алғандарын айтты.

Көлік жүргізуші Сәкен «Егер жолды уақытында тазалап, жарықтандырып тұрса, өз басым жақсы жол үшін төлеуге әзірмін. Қазір жақсы болды, айналма жолмен жүру қымбатқа түседі» дейді.
Астана автовокзалы. 22 қаңтар 2013 жыл.

Астана автовокзалы. 22 қаңтар 2013 жыл.


– Астраханька арқылы өтетін айналма жол балама жол емес. Онымен жүрсең, жүз шақырымды артық жүріп, бензинге де артық шығынданасың. Айналма жолдың жағдайы да нашар. Одан да 200 теңгеңді беріп, кете берген жақсы ғой. Мүмкін, кейін тағы жол салатын шығар, – деді Сәкен Азаттық тілшісіне.

Алайда Жомарт есімді тағы бір көлік жүргізушісі өзінің наразы екенін айтады. Әсіресе оны әр көліктен жиналатын 200 теңгенің кімнің қалтасына түсетіні және бұл шаруаның қандай мекеменің құзырына берілетіні мазалайды.

– Ақылы болу үшін жол мінсіз болуы тиіс. Міне, боран соғып еді, қаншама көлік апаты болды. Жарықтандыру жүйесі де нашар. Мысалы, мен Германияда, Швеция мен Польшада болдым. Ол жақтың автобандары қандай, шіркін! Әр жүз шақырым сайын асхана, ТЖО бар. Көлігің сынып қалса, тегін сүйреп әкеледі. Оларда мұндай былық жоқ. Алдымен Еуропамен салыстырып алсын, – дейді Жомарт.

Оның пікірінше, трассаны ақылы жасағысы келсе, онымен қатарлас балама жол салып, содан кейін жүргізушілерден ақша талап етуі тиіс.

АЗАМАТТЫҚ БАСТАМА

«Автомобилистерді қолдау қоғамы» бірлестігінің төрағасы Руслан Лазута автожолмен жүргені үшін ақы төлеуге үзілді-кесілді қарсы. Ол «бұл жолды салуға өз қалтамнан баяғыда ақша төлеп қойдым» деп есептейді.
Қазақстандағы автобан. (Көрнекі сурет)

Қазақстандағы автобан. (Көрнекі сурет)


– Ешбір балама жол салмай, «жүрсең жүр – болмаса жаяу жүр» деп, жұртты ақша төлеуге мәжбүрлеп жатыр. Бұл жолды мердігер ұйымдар халықтан жиналған салыққа салды. Енді келіп, тағы төлеңдер дейді. Не үшін төлеуге тиіспіз? Қазақстанда жөні түзу жалғыз жол салып еді, енді қара жолдан да пайда таппақшы, – дейді Руслан Лазута.

Ол автомобиль жүргізушілерді бірігіп, өз құқықтарын қорғауға шақырады. «Әйтпесе жүргізушілер әдеттегідей бұрқылдап-бұрқылдап басылады да, ақыры төлейтін болады» дейді.

– Бір нәрсені бастамас бұрын, жұрттан ақша жинамас бұрын жағдай жасасын. Сонда не үшін ақша алмақшы? Бетонға ма әлде инфрақұрылым үшін бе? Өз басым осы жолмен талай жүріп көрдім. Жол бойында ешқандай дәмхана жоқ. Бірнеше тұрақ пен әжетхана ғана бар, – дейді Руслан Лазута.

Ақылы жол салудың құқықтық негізін Қазақстан үкіметі парламент заңдарға тиісті түзетулер енгізген 2008 жылдың мамыр айында бекіткен болатын. Азаттық бұл жайында өзінің «Министрлердің ауысуы және алғашқы ақылы автожолдар туралы идея» деген экономикалық талдауында жазған.

ЖОЛ МАМЫР АЙЫНАН БАСТАП АҚЫЛЫ БОЛМАҚ

Ұзындығы 224 шақырым болатын Астана-Щучинск автожолы ақылы болатыны жайында жолды қайта жөндеу басталғалы айтылып келеді. Қашан ақылы болатыны туралы түрлі мерзімдер де тағайындалған болатын.

Қаңтар айының аяғында Қазақстанның көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев жол ақысын жинау биылғы жылдың мамыр айында басталатынын айтты. Әзірше тестік режимде көлік құралдарының қозғалысының мониторингі өткізіліп жатыр.
Астана автовокзалындағы қалааралық автобустар. Астана, 22 қаңтар 2013 жыл.

Астана автовокзалындағы қалааралық автобустар. Астана, 22 қаңтар 2013 жыл.


Қазақстан билігі ескі жолдарды жаңартып, жаңаларын салу ақылы жолдар енгізбесе мүмкін еместігін айтады. Ресми тұлғалар «бөлінген қаржы қажет қаражаттың 30-35 пайызын ғана жабады» дейді. Оппоненттердің айтуынша, Астана-Щучинск күре жолы ескі жолдың орнына салынғандықтан үкімет оның қатарына балама жол салуы тиіс. Автомобиль жолдары комитетінің Ақмола облыстық департаменті директорының орынбасары Сәтжан Әбләлиев 2012 жылдың 12 қарашасында «Мегаполис» газетіне берген сұхбатында балама жол салудың мәні жоқ екенін айтты:

«Ұзындығы 230 шақырым болатын Астана-Щучинск немесе Атырау-Орал (500 шақырым) трассасымен қатар жаңа жол салуға мемлекет қанша қаржы құюы тиіс, білесіздер ме? Өзімізді Еуропамен салыстырып қажеті жоқ. Еуропада жолдар тығыз орналасқандықтан, кез келген тұстан балама жолға шығып кетуге болады. Айтпақшы балама жол бізде де бар: Астанадан шықсаң Шучинскіге Атбасар арқылы айналып баруға болады» деген еді.

Көлік және коммуникациялар министрлігінің автомобиль жолдары комитеті бұрынырақта Астана-Щучинск автобанындағы төлем жүйесі арқылы жылына 1 миллиард 400 миллион теңге (9,3 миллион долларға жуық) ақша түседі деген болатын. Қолданылатын төлем жүйесінің өзі – 700 миллион теңге (4,6 миллион долларға жуық).

– Біз жолды салуға кеткен шығынның орнын толтыруды көздеп отырған жоқпыз. Мақсатымыз – жол өзін өзі ақтап, жолды күтуге, яғни қысқы-жазғы күтім мен ағымдық жөндеуге жұмсалатын шығынды өтеп тұрса болды. Біздің есебіміз бойынша, бұған жылына бір миллиард 300 миллион теңге қажет, – деді көлік және коммуникациялар министрлігінің автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов.
Мақсат – жолды жөндеу шығынын өтеу. Жылына 1 миллиард 300 миллион теңге қажет.

Жол жүру құны көліктің көлеміне байланысты болмақ. Әр шақырым үшін жеңіл көліктен бір теңге (0,6 цент), автобустан бес теңгеден он теңгеге дейін (3-6 цент), ал жүк көлігінен 20 теңгеге дейін (12 цент) ақы алынбақ. Маңайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін жеңілдік жасалатыны туралы уәде етілді.

Сондай-ақ primeminister.kz сайтында көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевтің сөзіне сілтеме жасалып, «биыл Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай арасында тағы екі ақылы жол салу басталады» деп жазылған.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG