Accessibility links

Қасым хан туралы жаңадан табылған дерек


Қасым хан туралы жазылған қолжазбаның беті. Тегеран, 14 қазан 2010 жыл. Мақала авторы түсірген сурет.

Қасым хан туралы жазылған қолжазбаның беті. Тегеран, 14 қазан 2010 жыл. Мақала авторы түсірген сурет.

Қазақстан тарихында «Қасым ханның қасқа жолы» атты дәстүрлі заң жүйесін қалыптастырған Қасым ханның таққа отырғанына биыл 500 жыл толды. Жуырда Ираннан табылған қолжазбада ол туралы жаңа деректер бар.


Биыл жыл басынан бері бірнеше айға созылған ғылыми экспедиция кезінде осы жолдардың авторы Ирандағы кітапханалардың бірінен табылған «Тарих-и Сафавие» қолжазбасынан Қасым хан туралы соны мәліметтер кезіктірді.

Қолжазба сол кездегі Орта Азия әміршісі Мұхаммед Шәйбани ханның Дешті Қыпшақты билеген Қасым ханды одақтасуға шақырғаны және соңынан одан өзі бас тартқаны жайлы баян етеді.

Тегерандағы Қажы Хусейн Малек кітапханасынан табылған, парсы тілінде жазылған «Тарих-и Сафавие» (Сефевидтер әулетінің тарихы) атты қолжазбада Қазақ хандығы тарихына қатысты деректер көп ұшырасады. Бұл қолжазбаның авторы – Исмаил Хусейни Мар‘аши Тәбризи. Ол өз ортасына Мир Мулайим Бек деген атпен танылған. Сондай-ақ оның «Да‘ва» деген лақап аты да белгілі.

Аталмыш қолжазба – сефевидтер әулетінің (XVI-XVIII ғасырлар) тарихы жайлы, осы әулеттің көршілес елдермен арадағы қарым-қатынасы туралы жазылған, 372 парақтан тұратын қомақты еңбек. Басында және соңында біраз беті түсіп қалған. Жазуы наста‘лиқ үлгісінде таңбаланған. Сақталу сапасы орташа, бірақ кейбір беттеріне сия жайылып, мәтіннің оқылуын қиындатады.

«ҚАСЫМ ХАН – ДЕШТІ ҚЫПШАҚ ПАТШАСЫ»

Қолжазбаның бір бөлімінде Иран билігіндегі сефевидтер әулетінің Орта Азия хандарымен байланысы, олардың бір-бірімен арадағы өзара дипломатиялық қатынасы әңгіме болады.

«Тарих-и Сафавие» қолжазбасының авторы осы еңбекті жазу үшін бірнеше
Қолжазбада Қасым ханды «Дешті Қыпшақ ханы» кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» деп атайды.

тарихи еңбекке («Раузат ас-сафа», «Тарих-и алам арайи Аббаси», «Хабиб ас-сийар», «Ахсан ат-тауарих») сүйенгендігін және шығарманы жазу барысында ауызша жеткен деректер мен хикаяларды пайдаланғандығын тілге тиек етеді. «Тарих-и Сафавие» қолжазбасында Қасым ханды «Дешті Қыпшақ ханы» кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» деп атайды.

Автор сефевидтер әулетінің негізін қалаушы І Исмаил шахтың ерліктерін баяндай келе, Иран шахы мен Орта Азия әміршісі Мұхаммад Шәйбани ханның арасындағы шайқас туралы айтады. Қолжазбаны оқи отырып, автордың Мұхаммад Шәйбани ханды бірде «Шахибек», енді бірде «Шәйбек» деп атағанына көз жеткіземіз.

ОРНЫҚПАҒАН ОДАҚ

Мұхаммед Шәйбани хан 1509 жылы қазақ ханы Бұрындықтың қарамағындағы сұлтандардың ауылын шауып, төңірегіне тықсыра бастайды. Осы кезде оның аймақтағы негізгі бәсекелестері – Дешті Қыпшақтағы қазақтар мен Хорасандағы ирандықтар болатын. Бұл Шәйбани ханның қазасынан бір жыл бұрынғы оқиға еді.

Сарайдағы жұлдызшылар мен қолжазбада жазылғандай, «шежіре білгірлері» Шәйбани хан қазақ сұлтандарын талқандағаннан кейін тұтас
Шәйбанидің хат арқылы Қасым ханның дәрежесін жоғары бағалауға тырысқаны байқалады.

Түркістан аймағы мен Хорасанда «Шыңғыс хан ошағының» түтінін түтетіні жайында болжамдар айта бастайды. Мұны естіген Мұхаммед Шәйбани «демде жорыққа жиналды» деп жазылған қолжазбада.

Мұхаммед Шәйбани әуелі Хорасанды Иран шахынан тартып алу үшін өзіне шеше жағынан жақын туысқан болып келетін Қасым ханды одақтастыққа шақырып, әскер сұрайды. Ол осы мақсатпен Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға «әризе» - арыз хат жазады.

Парсы тілінің «Әмид» түсіндірме сөздігінде «әризе» деген өзінен жоғары тұлғаға жазылатын хат екендігі айтылады. Сондықтан Шәйбанидің осы хат арқылы Қасым ханның дәрежесін жоғары бағалауға тырысқаны байқалады.

Арыз хат: «Күн нұрындай жарқын жүзді, хан ибн хан Шыңғыс ханның
Қасым хан жерленген Сарайшық қаласының қалдығы.

тәжі мен тағының мұрагері, Дешті Қыпшақ ханы Қасым ханға арыз хат» деп басталады. «Бұл күндері Шыңғыс ханның бағы бастан тайып, ғайып болды» деген Мұхаммед Шәйбани сол даңқты ендігіде Шыңғыс ұрпақтарының жаңғырта алатындығын айтады.

Шәйбани осы хат арқылы Қасым ханды Шыңғыс ұрпағы ретінде барынша іш тартуға тырысады. Ол Қасым ханнан алты мың қол әскер сұрап, осы өтініші орындалса, Шыңғыс хан ұрпақтарының «Сайыпқыранға (Әмір Темір мен оның ұрпақтарын меңзегені – автор) қараған тәмам Түркістанның жерін аз уақытта қайтарып алатын күні туады, иншалла» деп қорытады.

Мұхаммед Шәйбани Мавереннахрге кезекті жорық алдында жазған осы хатында Қасым хан қосымша күшпен қамтамасыз етсе, Бұхарада «Қасым ханның атымен құтпа оқылып, теңге соқтырғанда Шахи бектің есімінің үстіне Қасым ханның да аты жазылатындығын» айтады.

Хат жеткен соң Қасым хан Мұхаммед Шәйбани сұрағандай алты мың емес, оның үстіне тағы да екі мың әскер қосып, жиыны сегіз мың қолды Шәхибектің уәзірі Сары аталық арқылы жөнелтеді. Шәйбани хан бұған өзінің сегіз мың таңдаулы «аламанжи» – аламан әскерін қосып, жиыны 16 мың қолмен Мавереннахрге жорық ұйымдастырады.

Қасым ханның бұл жорыққа Шәйбанидің сұраған әскерін артығымен жіберуінің өзі оның Мұхаммед Шәйбанимен қатынасқа бейілді екендігін байқатса керек.

Алайда Мұхаммед Шәйбани Хорасан, Бадғиске дейінгі аралықты шапқан осы жеңісті жорықтан кейін Қасым ханға берген уәдесінен жалтарып, мүлде басқаша сыңай танытады. Ол «Қасым хан салық төлемеді, сондықтан оның атын теңгеге жазбаймыз» деп шешеді.

Осы оқиғадан кейін Қасым ханның жіберген елшісіне Мұхаммед Шәйбани Қасым хан атымен құтпа оқылғаны жеткілікті екендігін, алайда осы жолы қол ұшын созғанына бола Қасым хан өзін «Шыңғысханның наибы» (ізбасары) сезінбес үшін одан арыға бара алмайтынын айтып, қисық-қыңыр жауап береді.

ҚАЙРАТКЕР

Исмаил Хусейни Мараши Тәбризидің қолжазба күйінде сақталған «Тарих-и Сафавие» еңбегіндегі деректер арқылы ирандық тарихшылардың Қасым
Қажы Хусейн Малек кітапханасының солтүстік кіреберісі. Тегеран. 14 қазан, 2010 жыл. Мақала авторы түсірген сурет.

ханның есімімен, ерліктерімен жақсы таныс болғандығын, ал Иран патшаларының Орта Азия хандарымен қалай қарым-қатынас жасағанын байқаймыз. Мұның барлығы – Қасым ханның ресми түрде хан көтерілгеніне дейін болған оқиғалар.

1446-1518 жылдар арасында өмір сүрген Қасым ханның ресми түрде ақ киізге отырып, хан көтерілген, таққа отырған кезі – 1511 жыл. Ал Мұхаммад Шәйбани ханның (1451-1510) билік құрған кезі – 1501-1510 жылдар арасы. Ал Иран шахы І Исмаил шах 1501-1524 жылдар арасында патшалық құрған. Мұхаммад Шәйбани ханды 1510 жылы Хорасанға жасаған жорығында қолға түсіріп, өлтіріп, бас сүйегінен шарап ішетін күміс ыдыс жасатқан да – осы патша.

Бұл айтылған деректер «Қасым ханның қасқа жолы» атты дәстүрлі заң жүйесін қалыптастырған Қасым ханның атақ-даңқы хан сайланбай тұрып-ақ кең таралғанын, өзге ел билеушілерінің онымен ерте есептесуге мәжбүр болғанын көрсетеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG