Accessibility links

Бас бостандығын он жыл талап еткен тұтқын тарихы


Сотталған Алик Ибрагимов.
Сотталған Алик Ибрагимов.

Алик Ибрагимовтің «біреудің мүлкін тонады» деген айып тағылып, түрмеде отырғанына он жылға жақындап қалды. Он жылдан бері кінәсіздігін дәлелдей алмаған ол өзінің де, туыстарының да полицияның озбырлығынан жапа шеккенін айтады.

34 жастағы Алик Ибрагимовке қарақшылық жасап, кісі тонады деген айып тағылған. Сот материалында ол 2000 жылы Қарағандыда тонаумен шұғылданған қарақшылық топтың мүшесі ретінде көрсетілген. Барлығы 13 жылға сотталған ол мерзімінен бұрын шартты жазасын өтеп шықпаса, онда бостандыққа 2013 жылы бір-ақ шықпақ.

Қарақшылық топты басқарған Михаил Кимлач. Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық сотының 2003 жылы ақпанда шыққан үкімінде Михаил Кимлачтың жетекшілігімен зорлық-зомбылық көрсету мен қару қолдану арқылы өзгенің мүлкін иелену мақсатында тоғыз рет қарақшылық шабуыл жасалған деп көрсетілген.

Бұл іс бойынша тоғыз адам сотталды. Соның бірі – Алик Ибрагимов. Ол қарақшылық шабуыл жасалатынын білгенін және оны жоспарлауға да қатысқанын мойындайды. Бірақ қылмысты жүзеге асыруға қатысқан жоқпын дейді.

Сотталушы Алик Ибрагимов өзін мүлде кінәсіз демейді. Бірақ мен жасамаған қылмысты да маған заңсыз қосып берді деп санайды.
«Бұзақылық жасадым. Бірақ бұл тонауларға қатысқан емеспін. Қалай шабуыл жасауды жоспарлаған кезде мен де бірге болдым. Бірақ оған қатысқым келмей, сылтау тауып қалып қойдым», – дейді Алик Ибрагимов Азаттық радиосына жазған хатында.

Ол бұл қарақшылық топтың белсенді мүшесі болмағанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, тіпті әдейі ұйымдасқан қарақшылық топ та бола қоймаған.

«Мен аулада отырған балаларды үлкендермен жай ғана таныстырдым. Олар мен арқылы байланысып тұрды. Үлкендер жоспарлады, біз тек соларды қолдаушы топ едік», – дейді сотталушы Ибрагимов.

ЭПИЗОДТЫҢ БІРІ

Алик Ибрагимов төрт қылмысы үшін сотталған. Оның ішінде «Ақ сұңқар» дүкенін тонау әрекеті де бар. Сот материалында тонаушылардың «түн қараңғысын жамылып» дүкенге кіріп келгені, сөйтіп оның ішіндегі құрылысшылардың қарсылығын күшпен басқаны» туралы айтылады. Дүкеннен ұрланған заттардың тізімі де келтіріледі. Жалпы шығын 915 мың 282 теңгеге (шамамен алты мың доллар) бағаланған.

Алик Ибрагимов бұлай болуы мүмкін емес дейді. Өйткені металлоконструкция зауытында жұмысшы болып істейтін ол бұл кезде түнгі кезекте болған. Бірақ ол өз сөзін дәлелдей алмаған. «Мен соттан аталған зауыттың жұмыс кестесін алдыруды сұрадым, бірақ судья оны ескермеді», – дейді ол.

Бұл эпизод бойынша шығарылған айыптау қорытындысында үш адам: Михаил Кимлач, Алик Ибрагимов және Олег Бабин аталған. Оның үстіне сот материалында жәбірленуші Уткиннің дүкенге қарулы үш адам баса-көктеп кіріп келді деп көрсеткені бар.

Алик Ибрагимов осы эпизод бойынша жасалған айыптау материалындағы әртүрлі хаттамалар арасында тексеру, тінту, тану және тергеу секілді, іске қатысты хаттамалар жоқтығына назар аударады.

Айыптау қорытындысында осы іспен сотталушының тағы бірі – Дербеневтің үйіне жасалған тінту хаттамасы келтіріледі. Дүкеннен ұрланған заттардың тізіміндегі сағат соның үйінен табылған. Тоналған дүкеннің бірқатар тауары Михаил Кимлачтың үйін тінту барысында алынғаны да айыптау қорытындысында құжат жүзінде бекітілген.

Бұл эпизод бойынша сот үкімінде тек Михаил Кимлач пен Алик Ибрагимов қана айтылады. Олег Бабиннің аты-жөні жоқ. «Барлық қылмыстарға белсене қатысқаны заттай айғақтармен дәлелденсе де Бабинді шартты түрде ғана соттады», – дейді Алик Ибрагимов.

ТЕРГЕУ

Сотталушы Алик Ибрагимов қалған үш эпизод бойынша тағылған айыптар да заңсыз деп санайды. Оның сөзіне қарағанда тергеу барысында өрескел бұрмалауларға жол берілген.

Алик Ибрагимовты, өз сөзіне қарағанда, Михаил Кимлач басқарған қарақшылық топтың шабуылына қатысы жоқ айып бойынша 2000 жылы 27 қарашада тұтқындаған.

«Мастықпен машина аттым. Бұл 2000 жылдың 27 қарашасы болатын, мені сол күні қамады»,- дейді ол.

Михаил Камличтің қарақшылық тобының құрамында тонаумен шұғылданды деген айып оған бұзақылығы бойынша қамалғаннан кейін бір айдан соң тағылған. «Алғашқы іс бойынша төрт жылға соттады, онан соң тонауға қатысты деген айыппен тағы да тоғыз жыл қосты. Сөйтіп түрмеден шықпай-ақ екі рет сотталдым», – дейді Алик Ибрагимов.

Сот материалында Алик Ибрагимовтың өз айыбын мойындағаны айтылады. Алайда ол қылмыс жасалған уақытта өзінің қайда болғаны мен не істегені туралы ғана түсініктеме жаздым деп отыр.

«Менің мойныма бұл қарақшылық топқа қатысы жоқ отыз екі эпизод пен он жеті кісі өлімін іліп қойды», - дейді ол.

СОТТАН - ҮМІТ

Жасамаған қылмысты мойындату үшін қысым жасады дейді сотталушы Алик Ибрагимов. Оның сөзіне қарағанда туыстарын полицияның қуғын-сүргінен қорғап қалу үшін азаптауларға да көнуге тура келген.

- Мені тергеуге алып барған кезде «Сенің әйелің мен шешең де сонда болады. Олар үйіне қайта ма, әлде сол жерде қала ма бәрі саған байланысты» деп жол бойы қайталаумен болды. Келген кезімізде, шынында да әйелім сол жерде тұрды. Оны мені тамақтандыру керек деген желеумен шақырғанын қайдан білейін. Салым суға кетті. Мені тергеушіге апарады. Ал тергеуші үстелінің үстіне бір қорап оқ пен есірткіні тастай салады. Осыдан соң әрі қарай сөздің қалай жүретіні түсінікті. Мен бастапқыда қол қоюдан бас тарттым, бірақ олар әйелім мен шешемді де қамап тастағанын айтты», – дейді Алик Ибрагимов.

Ол өзін азаптағаны мен ұрып-соққаны туралы жазған мәлімдемесін сот мұқият тексерер деп үміттендім дейді. Сондықтан кейін өзінің кінәсіздігін дәлелдей алатын эпизодтарды ғана мойындап қол қойған.

"Бірақ соттан қайыр болмады,"- дейді Алик Ибрагимов. Полицияның қысымы туралы айтқан сөздері негізсіз деп танылды.

Алдын ала тергеу барысында көрсеткендерінен сот кезінде бас тартқан Ибрагимов жалғыз емес еді.

Сот материалында «Осы іс бойынша сотталғандардың барлығы да сот кезінде бұрынғы жауаптарын өзгертіп, полиция қызметкерлері күш көрсетіп, моральдық қысым жасағанын айтты» делінген. Шара қолдану мақсатында тергеушілер Рыбалкин, Омаров, Ғабитов және полиция қызметкерлері Көмекбаев пен Крей сотқа шақырылған. Алайда олар сотталушылардың барлығы да қылмыстарын өз еріктерімен мойындады деп мәлімдеген.

Мұнан өзге сот өз үкімінде «сотталушыларда қандай да бір дене жарақаты жоқтығын» көрсеткен сот-медициналық сараптама қорытындысына сілтеме жасалған.

Жоғары инстанциядағы сот та, прокуратура да кейіннен «Алик Ибрагимовтың «алдын ала тергеу барысында рұқсат етілмеген әдістер арқылы қылмыстың күштеп мойындатылғаны туралы» мәлімдемесі сотта мұқият тексеріліп, негізсіз деп танылды» деген қаулы шығарды.

БІР АЯҚПЕН ТҰРУ

Полициялардың қатігездік көрсеткені туралы Алик Ибрагимовтың әйелі де айтып отыр. Ол Азаттық радиосына өзін жиі-жиі сұрақ-жауапқа шақырып, күйеуіне қарсы куәлік етуін талап еткенін хабарлады.

Оның айтуынша сұрақ-жауап таңертеңнен кешке дейін жалғасқан. Бір кабинеттен екінші кабинетке апарып, бір сұрақты қайталап қоя берген.

- Күйеуімнің немен шұғылданатынын білмеймін дегенімде олар мені басымнан ұрып, қабырғаға итеріп жіберді дейді Ибрагимовтың әйелі, - Олар мені бірде «қарлығаш» болып тұруға мәжбүрледі. Екі қолымды жайып, бір аяқпен қанша тұрғанымды білмеймін, - дейді ол.

Полициялар оның үйіне түнде де келген. «Мені бір бастықтың кабинетіне алып келді. Ол мас екен. Маған «шешін» деді. Не үшін дегенімде: «бриллиант іздейміз» деді. Шешінбей қойған едім, бас салып умаждай бастады. Кабинетінен қашып шықтым», - дейді Ибрагимовтың әйелі.

Оның сөзіне қарағанда тергеушілер оған сені де «темір тордың түбіне тығамыз» деп қоқан-лоққы жасаған. «Мені уақытша қамау орнына әкелетін де, осы жерде отырасың деп қорқытатын», - дейді ол.

Бұл уақытта ол мұндай қыспақтан өзін қалай қорғауды да білмейтін жиырма жаста ғана еді. «Менде қарсыласар күш те қалмады, ақыры көрсеткен қағаздарына қол қойып бердім. Тіпті әлдебір нашақор туралы ақпарат жеткізіп тұруға міндеттеніп қолхат жазып бергенімді білемін», – дейді ол.

Арада он жыл өтсе де осы оқиға туралы айтып беру бұл әйелге оңай емес. Әлі күнге жаны ауырады. Бұл мақалада өзінің аты-жөнін айтпауды сұрады. Қорқатынын жасырмайды.

Алайда тергеушілердің өзін қалай қинағанын айтып беруге бұл әйел қалай болғанда да келісім берді. Ол өзін озбырлықтың құрбаны деп санайды, кінәлілердің жазаға тартылғанын қалайды.

БОСТАНДЫҚ ҮШІН КҮРЕС

Дегенмен Алик Ибрагимов өзіне шығарылған үкімді жойдыруға бар күшін салып келеді. Ондаған шағым жазды. Қадағалау органдары оның ісін қайта қараудан бас тартқанына қарамастан өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, кінәсіздігін дәлелдеумен келеді.
Жоғарғы сот Ибрагимовтың дәлелдерін негізсіз санап, шағымын қайтарып тастады.

2003 жылдың 24 қыркүйегіндегі шешімінде Жоғарғы сот: «Өзгенің мүлкін ұрлау мен тонау мақсатында қарулы қарақшылық жасағаны жөнінде Ибрагимовке тағылған айып сотта жан-жақты қаралып, объективті дұрыс баға берілді» деп жазады.

Прокуратура да Алик Ибрагимовтың шағымына «кінәсі толық дәлелденгендіктен бұл іс бойынша қарсылық жазуға негіз жоқ» деп жауап қайтарды.

Ал Ибрагимовтың әрбір шағымы оның өзіне қарсы полициялар тарапынан таяқ болып тиіп жатқанға ұқсайды.

«Шағым жазсам болды, ішкі істер басқармасындағылар жетіп келеді де «саған бұл аз болса, мойныңа кісі өлімін де іле саламыз» дейді. Бірақ одан қорықпаймын. Алты лагерьден өттім. Қорқатын не қалды?» – дейді Алик Ибрагимов.
XS
SM
MD
LG