Accessibility links

Cоғыс тарихын идеологиядан аршу дауы


Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні ескерткіш үстінде отырған бала. Aлматы, 9 мамыр 2013.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күні ескерткіш үстінде отырған бала. Aлматы, 9 мамыр 2013.

Ел тарихшылары Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын дәстүрлі схемалардан тазартып, оны идеологиядан аршу қажет дейді. 28 гвардияшы-панфиловшылардың ерлігі мен Түркістан легионында болғандарға қатысты дау әлі тыйылмаған.

Жеңістің 70 жылдығына орай кітаптар шығып, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына арналған конференциялар мен өзге іс-шаралар өтіп жатыр. Оларда бұрынғысынша советтік тарихнама тұжырымдары мен Кремльдің «соғыста Ресей бастаған Совет одағы жеңді» деген концепциясы басым.

Бірақ Екінші дүниежүзілік соғысқа қазіргі заман мүддесі мен шындық тұрғысынан баға беруге шақыратындар да бар. Қоғам Қазақстан тарихының Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне қатысты тәуелсіз тұжырымдама жасалмағанына назар аударады. Ал тарихшылар соғыс тарихын идеологиядан тазарту қажет дейді. Қазақстандық тарихшылар Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы мәліметтерде көптеген жайттар ашылмағанын, ақтаңдақтар барын да көрсетеді.

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХШЫЛАРЫНЫҢ СОҒЫС ЖАЙЛЫ КІТАПТАРЫ

Тәуелсіз журналист әрі баспасөз тарихын зерттеуші ретінде белгілі Андрей Свиридовтың айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы Қазақстанда жарияланған тарихи еңбектерде советтің дәстүрлі схемасы басым. Ол тарих ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Ләйлә Ахметова мен ресейлік тарихшы Владислав Григорьевтің шығармашылық тандемін мысалға келтіреді.

2011 жылдың сәуірінде Алматы қаласында Ләйлә Ахметова тарихшы Владислав Григорьев екеуі бірлесіп жазған «Қаһарлы 1941. Тарихшы ойлары» деген кітапты таныстырды. 2013 жылдың қарашасында екеуі Иван Панфилов атындағы 316-шы атқыштар дивизиясының (шайқас кезінде атауы 8-ші гвардиялық дивизия деп өзгерген) 1941 жылдың 14 қазанынан 14 желтоқсанына дейін Мәскеу түбіндегі шайқасына арналған «Панфиловшылар: аңызға айналған ерліктің 60 күні» деген кітабын жариялады. 60 күнде дивизия жаппай ерлік жасап, гвардияға айналды, генерал Панфилов қаза тапты, ал Мәскеу түбіндегі шайқастар қорғаныстан шабуылға көшті.

Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов.
Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов.

Бірақ Андрей Свиридов бұл кітаптарды іргелі тарихи зерттеулер деп атай алмайды. Оның пікірінше, бірақ бұл авторлар дәстүрлі тарихи концепцияны тым «ортодоксты» ұстанады немесе керісінше, Украинадағы сияқты коммунизмді нацизммен теңестіретін балама концепцияны ұстанады деп те айтуға болмайды.

— Екеуі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы тарихи олқылықтың орнын толтыруға тырысқан. Мұның өзі жақсы нәрсе, - дейді Андрей Свиридов.

Ләйлә Ахметова Азаттық тілшісіне «украиналық типтегі» балама тарихи концепцияға түбегейлі қарсы екенін айтады.

— Ардагер қарттарымыз, ардагерлердің балаларының көзі тірісінде әрі балаларымыз бен немерелерімізге талмай айтып отырсақ, бізде мұндай болмайды, - дейді Ләйлә Ахметова.

Бірақ ол Түркістан легионы тарихын зерттеу қажет деп санайды.

— Бірақ СС-тің архивтері әлі күнге ашылмай жатқандықтан, бұл туралы әзірше құр айта аламыз. Ал ғылыми тұрғыдан тұтас картинаны беру әзірше мүмкін емес,- дейді ол.

Ләйлә Ахметова «1990 жылдары туған жастарға тиісті тарихи білім мен тәрбие бере алмадық та, ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалды, соның кесірінен қазір кейбір жастар «Совет одағына қарсы соғыста фашистік Германияның жеңгені жөн болар еді» деп мәлімдейтін күйге жеттік» деп қынжылады.

28 ГВАРДИЯШЫ-ПАНФИЛОВШЫ ТУРАЛЫ ДАУ

Қазақстанда 28 гвардияшы-панфиловшылардың ерлігіне қатысты дау әлі толастамаған. Кейбір тарихшылар Мәскеу түбіндегі фашистермен шайқаста «бірі қалмай қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді» деген ресми болжамға шүбәмен қарайды.

28 гвардияшы-панфиловшының барлығы қаза таппаған болуы мүмкін
Қайдар Алдажұманов

Биыл қаңтарда Ресей мемлекеттік мұрағатында жұмыс істедім деген тарихшы Қайдар Алдажұманов СССР бас әскери прокуроры Н.Афанасьевтің «мұндай ерлік болмаған» деген әйгілі баяндамасының түпнұсқасымен танысқан.

Тарихшы бұл шайқасқа қатысты ресми болжамда дәлсіздіктер бар деген қорытындыға келген. Оның айтуынша, 1941 жылдың 16 қарашасында Мәскеу түбіндегі шайқаста саяси жетекші Василий Клочковтың басқаруымен дұшпанның 18 танкін жойып, қаза тапқан 28 гвардияшы-панфиловшының барлығы қаза таппаған болуы мүмкін.

— Олардың бірі - Даниил Көжебергенов әлгі шайқасқа қатыспаған. Ол байланысшы болғандықтан, таңертең полк штабына хабар әкеткен. Қайтып келе жатып тұтқынға түскен. Сол күні кешкісін тұтқыннан қашып шығып, генерал Доватордың кавалеристерінің қолына түскен. Бұл жайт Совет одағы батыры атағына ұсынылғандар тізімі жазылып қойған кезде белгілі болған. Кейін тексеру жүргізіліп, оның есімін тізімнен сызып тастап, орнына тегі ұқсас, бірақ басқа шайқас кезінде қаза тапқан Әлиасқар Көжебергенов деген гвардияшы-панфиловшының есімін жазған. Даниил Көжебергенов соғыстан тірі оралып, 1970 жылдары Алматыда пеш жағушы болып істеген. Бірақ әлгі шайқаста қаза тапқан жауынгер ретінде 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ескерткіші тұр, ал кеудесінде Совет одағы батыры жұлдызы жоқ, - дейді тарихшы Азаттық тілшісіне.

Тарихшы Қайдар Алдажұманов.
Тарихшы Қайдар Алдажұманов.

Қайдар Алдажұмановтың айтуынша, Иван Добробабин деген де жауынгер тұтқынға түскен. Ол жараланып тұтқынға түсіп, кейін Украинадағы туған деревнясында полицай болып немістерге қызмет еткен. Кейін Добробабин қызыл армия қатарына қайта қосылып, Берлинге дейін жеткен. Ол соғыстан кейін өзіне Совет одағы батырының жұлдызын беруді сұраған.

— Ол әлгі жұлдызды сұраймын деп ұсталып қалады. Неміс-фашист оккупанттарына қызмет еткені үшін 1947 жылы оны 15 жылға соттайды, ал батыр атағын беру туралы жарлықтың күші 1949 жылы жойылған. Оның үстінен іс қозғалған соң 28 гвардияшы-панфиловшылар ерлігіне қатысты жайттарды тексеру басталған, - дейді тарихшы.

Қайдар Алдажұмановтың айтуынша, 28 гвардияшы-панфиловшының тағы төртеуі түрлі жарақат алып, тірі қалған. Оның үстіне, екеуі тұтқында болған. Соғыстан кейін тірі қалған төртеуіне ертеректе берілген Совет Одағы батырының жұлдызын жұртқа дабыра етпей берген.

Бірақ тарихшы ол кезде Мәскеу қаласын 28 гвардияшы-панфиловшы емес, өзгелер қорғады деген сөздер дұрыс емес дейді. Қайдар Алдажұманов «Гвардияшы-панфиловшылар жаппай ерлік жасады, әрі оның ішінде 28 гвардияшы-панфиловшы да болды. Дұшпанның танктерін тоқтатты. Ал «өзге қаһармандарға» келсек, олардың есімдерін анықтап, қаза тапқаннан кейін болса да тиісті сый-құрмет көрсету – тарихшылардың міндеті» дейді.

ИДЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ СОҒЫС ТАРИХЫ

Тарихшы Қайдар Алдажұманов Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы тым идеологияланып кеткен деген пікірмен келіседі. Совет заманында жеңістегі одақтас елдердің үлесін кішірейтіп көрсету, «1945 жылдың көктемінде Совет одағы жеңген» деген ой қалыптасқан болатын. Соғыс тарихы Сталиннің «Совет одағының Ұлы отан соғысы» деген мақаласында өрілген схема бойынша жазылды.

Ресейдегі либералды билік кезеңінде Совет одағының гитлерлік фашизмді талқандаған жеңістегі Совет одағы рөлін кемітіп көрсету өріс алды
Қайдар Алдажұманов

Қайдар Алдажұманов «Никита Хрущев билікке келген соң соғыс тарихына арналған барлық оқулық, монографиялардан Сталин туралы жазылған мәліметтер түгел алынып тасталды да, оның орнына Хрущев «ұлы қолбасшыға» айналды. Ал Леонид Брежневтың билігі тұсында жарық көрген Ұлы Отан соғысының 12 томдық тарихында Сталин ғана емес, Хрущевтің де есімі жоқ» дейді.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары, яғни постсоветтік кезеңде де соғыс кезеңін жазғанда идеология тарихи шындықтан үстем болды. Алдажұмановтың айтуынша, Ресейдегі либералды билік кезеңінде Совет одағының гитлерлік фашизмді талқандаған жеңістегі Совет одағы рөлін кемітіп көрсету өріс алды. Ал Ресей билігіне өздерін ұлттық мүддені қорғаушылар ретінде көрсететін күштер келген соң «Орыстар Ұлы Отан соғысында одақтас республика халықтары көмегінсіз де жеңер еді» деген ойлар айтыла бастады.

ЛЕГИОНЕРЛЕР ТУРАЛЫ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ДАУ

Тарихшы Қайдар Алдажұманов «тарихи фактілерді бұрмаламай, өз атымен атау керек» дейді. Оның айтуынша, одақтастардың тұтқынында болған адамдардың соғыс жылдары немесе соғыстан кейінгі заманда шетел барлауымен байланысы болған, фашистердің басшылығы құрған Түркістан легионында болған қазақтар туралы ашық айту керек.

Ал тарихшы Ғани Меңлібаев командование дұшпан танкілеріне қарсы айдап салып, көбі қаза тауып, тірі қалғандары тұтқынға түскен қазақ жауынгерлерінің, кавалеристерінің жазығы жоқ деп санайды. Кейін фашистік командование олардың шала сауаттылығын пайдаланып, Түркістан легионына тарта бастады. Бірақ Меңлібаев «қазақ легионерлерін Украина ұлтшылдарының ұйымы мен Украина көтерілісшілер армиясында болғандар және олардың жетекшілері Степан Бандера мен Роман Шухевич сияқты Қазақстанның ұлт-азаттығы үшін күрескерлер деп атамас едім» дейді.

Бүгінде марқұм Түркістан легионында болған Ахметбек Нұрманов. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.
Бүгінде марқұм Түркістан легионында болған Ахметбек Нұрманов. Ақтөбе облысы, Ойыл селосы, 6 мамыр 2013 жыл.

Қайдар Алдажұманов соғыстың аяғында ағылшындардың тұтқынына түсіп, тыңшылыққа тартылған Түркістан легионерлерінің кейбірімен жолығып, сөйлескенін айтады. Ал Ғани Меңлібаев «кейбір қазақ легионерлерімен мен де әңгімелестім, бірақ олар мұндай ештеңе айтқан жоқ» дейді.

Қайдар Алдажұманов «Қазақ легионерлері мен қазақ панфиловшылары арасында идеологиялық айырмашылық барын мойындау керек. Түркістан легионының кейбір көрнекті мүшелері соғыстан кейін Азаттық радиосының Мюнхендегі редакциясына орналасты. Ал кейбір көрнекті гвардияшы-панфиловшылар, керісінше Қазақстан ғылым академиясының тарих институтында жұмыс істеген, тіпті біреуі оның директоры да болған. Бірақ бұл мәселеде ұлттық бітімге келу қажет. Қазақстан тарихының соғыс кезеңінде ақтаңдақ тұстар болмас үшін, әуелі бәрін толық зерттеп алу керек» дейді.

Ғани Меңлібаевтың айтуынша, идеология тарихи шындықтан үстем болмауы, ал идеологияны соғыс тұсындағы Қазақстан тарихын жетік білетін жастар қалыптастыруы тиіс.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG