Accessibility links

Оңтүстік Қазақстанда ВИЧ жұққан 224 бала бар


ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

ВИЧ дертіне шалдыққан бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр. Шымкент, «Ана мен бала» орталығы, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі ВИЧ жұққан балалардың ата-аналары медициналық және психологиялық көмекке мұқтаж екендерін айтады. Ал дәрігерлер «қажетті көмекті беріп жатырмыз» дейді.

Осыдан 9 жыл бұрын – 2006 жылы Шымкенттегі ауруханалардың бірінде қан құю кезінде ВИЧ (адамның иммундық тапшылық вирусы) дертін жұқтырған 149 баланың бірі Асанның (аты-жөні өзгертілді – ред.) әкесі Қанат Әлсейітов сол оқиға әлі көз алдында екенін айтады.

- Өкпесіне суық тиген сегіз айлық балам 2006 жылдың ақпанында жан сақтау бөліміне түсіп, үш ай жатты. Сол жерде қан құйылды. Қаннан балама ВИЧ инфекциясы жұқты. Мұны біз тамызда білдік, – дейді Шымкенттегі «Балақай-Шымкент» қоғамдық қорының төрағасы Қанат Әлсейітов.

«ПСИХОЛОГТЫҢ КӨМЕГІ АСА ҚАЖЕТ»

Қанат Әлсейітов қазір 10 жасқа толған тұңғышы Асанның денсаулығы өзінен кейінгі үш бауырына қарағанда әлсіз екенін айтады.

- Ата-ана ретінде баламызға бір тамшы көз жасымызды көрсетпейміз. Бірақ іштен тынамыз. Таңертең, кешке екі мезгіл дәрісін ішкенде қан жылаймыз. Өйткені бірден көз алдыма баламның ВИЧ инфекциясын жұқтырып, анықталған кездері келеді, – дейді Қанат Әлсейітов Азаттыққа.

Ол баласы мектепке бармай тұрып-ақ мектеп мұғалімдері мен ондағы оқушылардың ата-аналарына бұл дерт жайлы арнайы семинар өткізген.

Қанат Әлсейітов, ВИЧ жұқтырған баланың әкесі. Шымкент, 28 қараша 2015 жыл.

Қанат Әлсейітов, ВИЧ жұқтырған баланың әкесі. Шымкент, 28 қараша 2015 жыл.

- Содан болар, қазір баламды шеттетпейді. Оның үстіне балам инфекция жұқтырғанын біледі, түсінеді. Жасына қарай әлі түсіндіріп келеміз. Бұл – үлкен мәселе. 2006 жылдары инфекция жұқтырған балалардың дені 10-11 жасқа толды. Бірақ олардың ішінде ВИЧ жұқтырғанын білмейтін балалар да бар. Оларға психологтың, өте тәжірибелі мамандардың көмегі аса қажет, – дейді Қанат Әлсейітов.

ВИЧ жұқтырған баланың әкесі ұлына сол кезде бекітілген дәрілердің қазіргі талапқа сай келер-келмесіне күмәнмен қарайды.

- 2007 жылы шу шыққанда «дүниежүзіндегі ең қымбат, ең сапалы дәрі-дәрмекті сатып алып, тегін береміз» деп уәде етті. Біз сол кезде белгіленген 16 дәріні әлі күнге ішіп жүрміз. Ал медицина орнында тұрған жоқ. Сондықтан біздің дәрігерлер де тағы бір рет сараптап шыққаны дұрыс, – дейді Қанат Әлсейітов.

«ОБЛЫСТА ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАН 2735 АДАМ БАР»

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Ана мен бала» оңалту орталығының бас дәрігері Бақытжан Шәкеновтің айтуынша, 2006 жылы ВИЧ инфекциясын жұқтырған 149 баланың 123-і қазір сол орталықта есепте тұр – «олардың денсаулық жағдайы бірқалыпты, қанағаттандырарлық дәрежеде».

Балам инфекция жұқтырғанын біледі, түсінеді. Жасына қарай әлі түсіндіріп келеміз.

- 149 баланың 12-сі «Ана мен бала» орталығы ашылған 2007 жылға дейін қайтыс болған. 10 бала 15 жасқа толған соң облыстық СПИД орталығына жасөспірімдер дәрігерінің бақылауына ауыстырылды. Бірнеше бала ата-анасымен бірге басқа қалаларға қоныс аударды, – дейді Бақытжан Шәкенов.

Бақытжан Шәкенов ВИЧ жұқтырған балаларға берілетін дәрілерге күмәндану артық екенін айтады. Оның сөзінше, «бұл балаларды антиретровирустық препараттармен қамтамасыз ету – денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында».

- Барлық препараттар шетелде шығарылады. Балаларға тегін берілетін дәрі-дәрмектер «Ана мен бала» орталығы мен Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы дәрігерлерінің бірігіп өткізген консилиум шешімі бойынша денсаулық сақтау министрлігінің 9-хаттамасына сай беріледі, – дейді ол.

«Ана мен бала» оңалту орталығының бас дәрігерінің сөзінше, ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалар бір қалыпты жағдайда жүру үшін антиретровирустық терапияға ұстамдылықты қатаң сақтап, дұрыс тамақтанып, жақсы күтім жасауы керек.

ВИЧ дертіне шалдыққан балара «Ана мен бала» орталығында отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

ВИЧ дертіне шалдыққан балара «Ана мен бала» орталығында отыр. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Бақытжан Шәкеновтің сөзінше, қазір «Ана мен бала орталығында» ВИЧ инфекциясын жұқтырған 224 бала тіркеуде тұр: олардың жетеуі – 1-3 жас, алтауы – 3-5 жас, 211-і – 5-15 жас аралығындағы балалар.

Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Машировтың айтуынша, облыстағы ВИЧ жұқтырған 224 баланың 198-і қазір ем қабылдап жүр. Оларға дәрі алуға биыл бюджеттен 149 миллион теңге бөлінген.

Қазақстандағы ең ірі ВИЧ жұқтыру оқиғасы 2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелген. Ол кезде Шымкент ауруханаларының бірінде жас сәбилерге қан құю кезінде жаппай ВИЧ дерті жұққаны анықталған. Бұл жағдайға қатысты жауапты медициналық мекемелер мен әкімшілік қызметкерлер үстінен қылмыстық іс қозғалған. 2007 жылдың маусым айында осы іс бойынша сот үкім шығып, айыпталушы 21 адамның төртеуі шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Облыстық СПИД орталығы бас дәрігері орынбасарының сөзінше, қазір Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ жұқтырған 2 мың 735 адам бар.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG