Accessibility links

30 жыл бұрын әлем ВИЧ инфекциясы туралы білді


ВИЧ жұқтырған бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

ВИЧ жұқтырған бүлдіршін СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.

Ғалымдар осыдан 30 жыл бұрын СПИД дертіне себеп болатын вирустың не екенін анықтады. Қазір әлемде бұл ауруды жұқтырған 34 миллион адам өмір сүреді. Қазақстанда олардың саны 20 мыңнан асқан.

Осыдан 30 жыл бұрын, 1983 жылы мамырдың 20-сы күні Science журналында жарияланған екі мақала алғаш рет IDS-ке (иммун тапшылығы синдромына) ұқсас симптомы бар науқастардан жаңа ретровирус бөлінгенін сипаттады. Бұл вирус кейін ВИЧ деген атқа ие болды.

Жаңа вирус оған дейін табылған, доктор Роберт Галлоның зертханасы сипаттаған екі ретровирусқа ұқсағанымен, иммунологиялық ерекшелігі өзгеше болып шықты. Кейін бұл ретровирус «адамның иммун тапшылығы вирусы -1» (ағылшынша қысқарған атауы – HIV-1, орысша – ВИЧ-1) деген атқа ие болды.

Science журналындағы сол мақаланың авторы Франсуаза Барре-Синусси 25 жылдан кейін (2008 жылы) ұстазы профессор Люк Монтаньемен бірге физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алды.

«ҚАЗАҚСТАН БИЫЛ СПИД-ПЕН КҮРЕСКЕ 4 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕ БӨЛДІ»

Қазақстандағы республикалық СПИД-пен күрес орталығының бөлім жетекшісі Батырбек Әсембековтің айтуынша, «елдегі ВИЧ жағдайы тұрақты».

ВИЧ-ке шалдыққандар тіркеліп жатыр, бірақ жағдай тұрақты. 2013 жылдың 30 сәуіріндегі көрсеткіш бойынша, Қазақстанда ВИЧ індетіне шалдыққан – 20 509 науқас, ал СПИД-ке шалдыққан 1 802 науқас тіркелген. Олардың әлеуметтік кескіні – негізінен жұмыссыздар. ВИЧ жұқтырғандардың үштен екісі – инъекция арқылы жұқтырғандар. Індетке шалдыққандардың 70 пайызы - 20-39 жас аралығындағы еңбекке қабілетті азаматтар, – деді ол мамырдың 20-сы күні Азаттыққа берген сұхбатында.
Тұрғындары ВИЧ-ке көп шалдыққан үш өңір – Қарағанды облысы, Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облыстары.

Батырбек Әсембековтің сөзіне қарағанда, «Тұрғындары ВИЧ-ке көп шалдыққан үш өңір – Қарағанды облысы, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан облыстары».

Мамандардың айтуынша, бүкіл Қазақстан бойынша ВИЧ жұқтырған 393 баланың 229-ы Оңтүстік Қазақстанда тұрады. Ол облыстағы 220 бала ВИЧ індетін 2006 жылы ауруханадан жұқтырған еді.

Азаттық тілшісі маманнан ВИЧ анықталған соңғы 30 жыл ішінде бұл дертті анықтау, емдеу мен оның алдын алу бойынша Қазақстанда қандай шаралар жасалғанын сұрады.

– ВИЧ инфекциясынан толықтай сауығып кететін дәрі жоқ. Сондықтан оның алдын алу мен оған шалдыққандардың өмірін жеңілдету шарасы ғана жасалады. 2013 жылы Қазақстан билігі СПИД-ке қарсы күреске, оның ішінде емі мен профилактикасы, санитарлық ағарту жұмыстарына 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Оның 1 миллиард теңгеден астамы ВИЧ жұқтырғандарға арналған антиретровирусты терапияның дәрі-дәрмегіне жұмсалады, – дейді Батырбек Әсембеков.

ӘЛЕМДЕ 34 МИЛЛИОН АДАМ ВИЧ ЖҰҚТЫРҒАН

ВИЧ адамға негізінен қорғаныш амалын қолданбаған жыныстық қатынас арқылы, вирус жұққан шприц немесе медициналық жабдықтарды қолданған кезде, адамға қан құйғанда, балаға науқас анасынан (босанғанда немесе емізген кезде) жұғады.

ВИЧ адамның иммундық жүйесі мен басқа жасушаларын зақымдайды. ВИЧ жұққан лимфоциттер біртіндеп өліп, адамның жасушалық деңгейдегі иммунитеті төмендейді де, ағза инфекцияға қарсы күресе алмай қалады. ВИЧ-ті ретровирусқа қарсы дәрілермен дер кезінде емдесе, бұл вирустың дамуы баяулап, адамның СПИД дертіне ұшырау қаупі бір жарым пайызға дейін азаяды (СПИД - ВИЧ-тің соңғы сатысы – ред.).
Қазақстанда 2001 жылдан бері СПИД-тен шамамен 1 мың 200 адам қаза тапқан.

БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД бойынша бірлескен бағдарламасының (ЮНЭЙДС) есебінше, 2011 жылы әлемде ВИЧ жұқтырған адамдар 34 миллионға (15-49 жас аралығындағы ересектердің 0,8 пайызы) жеткен. Бұл дерттің ең көп тараған жері – Африка Сахарасының оңтүстік аймағы: ол өңірдегі ересектердің 4,9 пайызы (яғни әлемдегі бүкіл ВИЧ-науқастардың 69 пайызы) ВИЧ жұқтырған.

Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азияда 5 миллион адам ВИЧ жұқтырған. Кариб бассейні, Шығыс Еуропа мен Орта Азия халқының ересек тұрғындарының 1 пайызы ВИЧ жұқтырған. Әлем бойынша ВИЧ-тің соңғы сатысы – СПИД-тен 2011 жылы 1 миллион 700 мың адам қаза тапқан. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 2 миллион 300 мың адам болды.

БҰҰ-ның 2001-2011 жылдарға арналған дерегі бойынша, Қазақстан – соңғы 10 жылда ВИЧ жұқтырған ересек адамдар саны артып бара жатқан елдердің бірі. Елде 2001 жылдан бері СПИД-тен шамамен 1 мың 200 адам қаза тапқан.

Республикалық СПИД-пен күрес және профилактика орталығының дерегінше, Қазақстанда тек 2012 жылы 2015 адам ВИЧ жұқтырған, 232 адам СПИД дертіне шалдыққан.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG