Accessibility links

«ВИЧ-диссиденттер» әрекеті СПИД орталықтарын алаңдатты


Қарағанды облыстық СПИД орталығының Теміртаудағы ғимараты. (Көрнекі сурет)

Қарағанды облыстық СПИД орталығының Теміртаудағы ғимараты. (Көрнекі сурет)

ВИЧ-ке шалдыққан әйелдерді емделмеуге және балаларына дәрі бермеуге шақыратын, «ВИЧ дерті жоқ» деп санайтын қозғалыс үндеулерін интернет арқылы таратып отыр. «ВИЧ-диссиденттер» - Қазақстанда жуырда пайда болған қозғалыс. Олардың әрекеті СПИД орталықтары дәрігерлерін алаңдата бастады.

Қарағанды облыстық СПИД орталығы мамандары теріс көзқарас пен болашақ аналардың жүктілік кезінде дәрі ішуден бас тартуының зардаптары туралы мәселе көтеруді ұйғарып отыр. Олар ВИЧ-инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдердің назарын бұл мәселеге ақпарат құралдары арқылы аудармақ. Қарағанды облысы ВИЧ инфекциясына шалдыққандар саны жағынан Қазақстанда алдыңғы орындардың бірінде тұр. 2014 жылы облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырған 37 жүкті әйел анықталған. Оның тоғызының тұрақты партнері (төсектесі) ВИЧ-ке шалдыққан, ал сегізінің тұрақты әрі кездейсоқ партнері болған.

ДӘРІГЕРЛЕР АЛАҢДАЙДЫ

Қарағанды облыстық СПИД орталығы дәрігерлері соңғы кезде интернетте «ВИЧ-диссиденттердің» ВИЧ жұқтырған жандарды дәрі ішуден және емделуден бас тартуға шақырған үндеулері қаптап кетті деп алаңдайды. Олар әсіресе болашақ аналарды көп үгіттейді. Дәрігерлер «ВИЧ жұқтырған әйелдер әлгі «ВИЧ-диссиденттердің» ақыл-кеңестерін оқығаннан кейін емделуден жалтарғанын дәрігерлерден жасырып, ВИЧ-тің алдын алу шараларын елемеуі немесе емделуден бас тартуы мүмкін» деп қауіптенеді.

- Бірақ әзірге қоғамда диссиденттерді жауапқа тартатын тетіктер жоқ. Қазір кейбір елдерде дәрігерлер ВИЧ-диссиденттік қозғалыстарға қатысты шара қолдануды сұрап, прокуратураға жүгініп жатыр, бірақ бұл проблеманы заң деңгейінде шешу керек, - дейді облыстық СПИД орталығы мамандары.

Бірақ әзірге қоғамда диссиденттерді жауапқа тартатын тетіктер жоқ.

2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі есеп бойынша, Қарағанды облысында ВИЧ жұқтырған 4 мың 11 адам және СПИД-ке шалдыққан 861 адам тіркелген. Дәрігерлер «антиретровирустық емдеу шараларының арқасында бір ВИЧ-науқастың 10 жылдан көп өмір сүргенін, оның 2014 жылдың көктемінде қайтыс болғанын» айтады. Медицина практикасында ВИЧ диагнозымен 15 жылдан көп өмір сүрген науқастар да бар.

Ресми ақпаратқа сәйкес, мемлекет ВИЧ жұқтырған бір науқасты емдеуге жылына 5-7 мың доллар ақша жұмсайды. Қарағанды облыстық СПИД орталығы дәрігерлері «адамның қалыпты өмір сүру құқығын ана құрсағынан бастап қорғау керек» деп есептейді. Аяғы ауыр әйелдерді жүктіліктің 14-аптасынан бастап емдейді. Қарағанды облыстық СПИД-пен күресу және оның алдын алу орталығы коммуналдық мемлекеттік мекеме мамандары Азаттық тілшісіне:

- Егер ВИЧ жұқтырған жүкті әйел антиретровирустық ем шараларын қабылдаса, дүниеге дені сау нәресте әкеледі. ВИЧ-инфекциясын жұқтырудың перинаталдық жолдарына дер кезінде жасалған химиялық профилактика баланың вирусты жұқтыру қатерін бір пайызға дейін азайтады, - дейді.

Мамандар жас жұбайларға неке қияр алдында ВИЧ-ке тест тапсыруды ұсынады. Облыстық СПИД орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Қаламқас Баймұқанова:

- Батыс елдерінде бұл шараны норма деп есептейді, әрі бұл мемлекеттің дені сау әрі толыққанды ұрпақ қалыптастыруға ұмтылысы болып саналады, - дейді.

Қарағанды облыстық СПИД-пен күрес және оның алдын алу орталығы дерегіне қарағанда, облыстың Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Приозерск қалаларында ВИЧ жұқтырған адамдардың көбейгені байқалған.

ВИЧ-ДИССИДЕНТТЕР

Жұрт «әлдебір қастандық теориясының жақтастары» деп атайтын «ВИЧ-диссиденттер» ВИЧ деген дерт жоқ, ал СПИД инфекцияға жатпайтын түрлі факторлардың нәтижесі деп санайды. ВИЧ/СПИД дертін терістейтін қозғалыс «ВИЧ-ке қатысты деректердің бәрі ойдан шығарылған, ал вирус - ақша табу үшін ойлап табылған амал» деп мәлімдейді.

Қарағанды облысында тіркелген науқастардың бәрі антиретровирус терапиясын қабылдайды. Өйткені олар дәрі ішпесе өмірі қысқаратынын түсінеді.

Интернетте антиретровирустық емдеу шараларына қарсы адамдардың өз форумы бар. Көбінесе Ресей тұрғындары пікір білдіретін форумдағы жазбаларға қарағанда, «ВИЧ-диссиденттердің ұясы» Екатеринбург қаласында орналасқан. Бірақ форумға қазақстандық тұрғындар да қатысады. Олардың арасында вирусты емдеуден бас тартуды құптайтындар да бар.

Бірақ Қарағанды облысы СПИД орталығы мамандарының айтуынша, аймақта «ВИЧ-диссиденттердің» ықпалы әлі анықталмаған.

- Қарағанды облысында тіркелген науқастардың бәрі антиретровирус терапиясын қабылдайды. Өйткені олар дәрі ішпесе өмірі қысқаратынын түсінеді. Сондықтан құқық қорғау органдарына жүгінудің әзірше қажеті жоқ сияқты, - дейді облыстық СПИД орталығы қызметкерлері.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG