Accessibility links

Сотталған «Хизб ут-Тахриршілердің» туыстары наразы


Терроризм айыбымен сотталған қазақстандықтардың туыстары сот ғимаратында отыр. Көрнекі сурет

Терроризм айыбымен сотталған қазақстандықтардың туыстары сот ғимаратында отыр. Көрнекі сурет

Алматыда «Хизб ут-Тахрир» ұйымының қызметіне қатысты» деген айыппен сотталған бес азаматтың туыстары сот үкімімен келіспейді. Азаттық сотталғандардың кім екенін анықтап көрді.

Алматы сотының шешімі бойынша «конституциялық құрылымды құлату» және «терроризмді насихаттау» сияқты ауыр айыптар тағылып сотталған қазақстандықтардың туыстары Азаттыққа үкіммен келіспейтіндерін мәлімдеді.

Маусымның 30-ы күні Алматы қаласындағы Алмалы аудандық соты Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының жұмысына араласты деп айыпталған бес азаматқа қатысты үкім шығарған. Сот үкіміне сәйкес, Мұхит Мұсахожанов – 7,5 жыл, Ерболат Оспанов – 6 жыл, Асхат Сәрсембаев – 6 жыл, Қуаныш Ботбаев – 6,5 жыл, Оңласын Дүйсенбай – 6 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Оларға әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік және діни араздық тудыру (164-ші бап 2-ші бөлім), конституция құрылымын күштеп құлату немесе өзгерту немесе территория тұтастығын күштеп бұзуға шақыру (170-ші бап, 1-ші бөлім), елде тыйым салынған қоғамдық ұйым немесе діни ұйымның әрекетін ұйымдастыру (337-ші бап, 1-ші бөлім), терроризмді насихаттау (233-1 бап, 2-ші бөлім) сияқты ауыр айыптар тағылған.

Алматы қалалық сотының хабарлауынша, қылмыстық істегі дәлелдер куәгер сөздеріне, сонымен бірге ҰҚК қызметкерлері жасаған аудио және бейнежазбаларға негізделген.

Сот залында діни экстремизм және терроризм бойынша айыпталушының үкімін күтіп тұрған алматылық журналистер. Көрнекі сурет

Сот залында діни экстремизм және терроризм бойынша айыпталушының үкімін күтіп тұрған алматылық журналистер. Көрнекі сурет

​«Деректерге сәйкес, Мұхит Мұсахожанов, Ерболат Оспанов, Қуаныш Ботбаев және Оңласын Дүйсенбай, Асхат Сәрсембаев Алматыдағы екі кездесуге қатысқан, онда ислам халифатын құру және конституциялық құрылымды күштеп өзгерту сияқты экстремистік идеялар насихатталған» дейді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешимет жергілікті агенттіктерге.

Бұған қоса, тергеу деректері бойынша, Мұхит Мұсахожанов «Хизб ут-Тахрир» ұйымының Алматыдағы өкілдігіне жетекшілік жасаған» деп сипатталады. Айыпталушы Мұсахожанов, Оспанов және Сәрсембаевтарды ұстаған кезде полиция «экстремистік әдебиеттер тапқанын» хабарлаған.

«СВАРЩИК ҚАЛАЙ МЕМЛЕКЕТ ҚҰЛАТАДЫ?»

Азаттық тілшісі сот-тергеу процесі көп көзінен таса түрде өтіп, сотталған кезде де жеке бастарына қатысты мәлімет жергілікті БАҚ-тарда жарияланбаған бес азаматтың кім екенін анықтауға тырысты.

Айыпталушылардың барлығы да – 25-30 жастағы азаматтар. Солардың бірі – Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 28 жастағы Ерболат Оспанов. Ағасы Нұрболат Оспановтың айтуынша, ол қамауға дейін яғни, 2013 жылдың желтоқсан айына дейін Алматының Каменка базарында дәнекерлеуші болып жұмыс істепті. Әйелі және үш баласымен бірге сол жерде пәтер жалдап тұрған. Ағасы інісін «біреудің ала жібін аттамайтын адал адам» ретінде сипаттайды және «мемлекетті құлатуды мақсат тұтатын ұйымның белсенді мүшесі» деген айыпқа үзілді-кесілді қарсы.

«Інім үйімнің жанында тұрды. Жұмысы да қасымда. Білем ғой кімнің немен айналысатынын. Өзі де айтады. Ол намаз оқиды. Мешітке бірге барамыз. Мен намаз оқымасам да, жұма намазға бірге барып, уағыз тыңдайтынбыз. Оның ылғи айтатыны «біреуді алдама, ақысын жеме» дейтін. Клиенттер келгенде қаттырақ баға айтып қойсақ, «көп айтпа, ертеңгі күні Алла алдында жауап бересің» дейтін. Оны осы жерге жұмыс істеуге өзім шақырған едім. Болмаса ауылда жүрген бала ғой» дейді Нұрболат Оспанов.

"Хизб ут-Тахрир" ұйымының жиынына қатысушылар. Көрнекі сурет

"Хизб ут-Тахрир" ұйымының жиынына қатысушылар. Көрнекі сурет

Нұрболат Оспанов «інімнің бойынан оғаш ештеңе байқағам жоқ, жаланың құрбаны болып кетті» деп өкінеді. «Хизб ут-Тахрир» ұйымының тіпті не екенін де түсінбейтінін айтқан ол үкімнің әділ болмады деп санайды.

«Кеше сотта «мемлекетті құлатпақ болған» дейді. Сонау жоғарыдағы депутаттардың қолынан келмеген нәрсе, баяғыда өліп кеткен Заманбек Нұрқаділовтің (оппозициялық саясаткер – ред.) қолынан келмеген нәрсе қарапайым жүрген сварщиктің қолынан келеді деу қай адамның миына сыяды? Қарны тоқ, бала-шағасы алдында. Жала ғой!» дейді ол.

Ол қорғау жағының сот үкімін аппеляцияға беретінін айтқанмен інісінің ақталып шығатынына сенімсіздік білдіреді.

Нұрболат Оспановтың айтуынша, сотталғандардың тағы бірі – Асхат Сәрсембаев та інісі сияқты дәнекерлеуші болып Каменка базарында жұмыс істеген.

«Хизб ут-Тахрир» ісі бойынша сотталғандардың және бірі – 28 жастағы Оңласын Дүйсенбай 2009 жылы Қытайдан келген. Алматының көкбазарында шаштараз болып жұмыс істеген. Әйелі Перизат Әріпқожаның айтуынша, оны 2013 жылы желтоқсан айында полиция үйінен ұстап алып кеткен. Перизат ері «ешқашан тыйым салынған ұйымның мүшесі болған емес» деп санайды.

«АЙҒАҚТАР ЕСКЕРІЛМЕДІ»

«Жолдасым былтыр намаз оқып жүрген еді. Олармен («Хизб ут-Тахрир» ұйымының мүшелері – ред.) тек араласқан. Және ауызашар деп біреуі үйіне шақырған. Екінші ретте біреуі үйлену тойына шақырған. Ол жерге де барған. Осы екі-ақ кездесу. Барған жерлерінде ешкімді үгіттемеген. Егер нақты дәлелі болса, риза болар едім. Меніңше, күйеуім қалғандардың көлеңкесінде кетті» деп қамығады әйелі.

Перизат Әріпқожа «сот қорғау жағының келтірген дәлелдеріне құлақ аспай, біржақты үкім шығарды» деп есептейді. «Алты жыл деген ұзақ қой. Ендігі бір үміт – Құдайда» деп қайғырып тұрды ол.

"Хизб ут-Тахрир" ұйымының Симферопольдегі жиынына қатысушылар. Көрнекі сурет

"Хизб ут-Тахрир" ұйымының Симферопольдегі жиынына қатысушылар. Көрнекі сурет

Айыпталушы Ботбаев, Оспанов және Сәрсембаевты сотта қорғаған адвокат Төлеген Берліқожанов та сотта көптеген айғақтардың ескерілмегенін айтады.

«Қазақстан заңында егер азамат тыйым салынған ұйымнан өз еркімен кетіп, райынан қайтса, қылмыстық іс қысқартылады деп көрсетілген. Мына балалардың кейбіреулері ол ұйымнан кеткен. Қатысы жоқ. Мысалы, Сәрсембаев райынан қайтып, Шымкентке көшіп кеткен екен, сол жерден ұстап қайта алып келген. Оның ісін қысқартуға болатын еді» дейді адвокат.

Ресейде 2003 жылы, ал Қазақстанда 2005 жылы сот шешімімен «Хизб ут-Тахрир» ұйымына тыйым салынған. Содан бері осы ұйымның мүшесі деген айыппен ондаған адам сотталды. Азаттық 2009 жылы «Хизб ут-Тахрирдің» мүшесі» ретінде ұзақ мерзімге сотталған қазақстандық Рафис Галиуллинге араша түсемін деп жүріп былтыр өзі де 5 жылға сотталған оның әйелі Наталья Войтенкова туралы жазған еді. Қазақстанның дін істері агенттігі вебсайтында «Хизб ут-Тахрирді» «демократиялық құндылықтар мен зайырлы мемлекетті құлатуды мақсат тұтатын экстремистік діни-саяси ұйым» деп сипаттайды. Ресми вебсайтында «Хизб ут-Тахрир» ұйымы өзіне «Исламды идеология еткен саяси партия» деген анықтама берген. Даулы «антисемиттік үгіт-насихаты үшін» қызметіне Германия сияқты бірнеше ел тыйым салғанымен, көптеген Батыс елдерінде бұл ұйым діни азшылықтардың бірі ретінде еркін жұмыс істеп тұр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG