Accessibility links

Шалғайдан келген студенттер жатақханаға зәру


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жатақханаға орналасқан студенттері Қуанышбек Есентемір (оң жақта) мен Бекзат Үшкемпіров. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің жатақханаға орналасқан студенттері Қуанышбек Есентемір (оң жақта) мен Бекзат Үшкемпіров. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Алматы жоғары оқу орындарының басқа аймақтардан келген студенттері жатаханадан орын жетпей, қиналып жүргеніне талай жыл болды. Көбі пәтер жалдауға мәжбүр.

Баспана мәселесін шешуге тырысқан бір топ студент Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы жанында тұр. Университеттің тоғыз қабатты бір жатақханасы ғана бар, ол ғимараттың екі қабаты Қазақ-Америка университеті студенттеріне тиесілі.

Атырау қаласынан келген студенттер Аруна Құттыбек пен Бибінұр Берекетқызы үш жылдан бері сәулет-құрылыс академиясының жатақханасында тұрады. Екеуінің айтуынша, «Студенттер үйінен» орын тимеген жастар көп.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенттері Аруна Құттыбек (сол жақта) пен Бибінұр Берекетқызы. Алматы, 20 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенттері Аруна Құттыбек (сол жақта) пен Бибінұр Берекетқызы. Алматы, 20 қыркүйек 2015 жыл.

Жатақхананың әр қабатында әр түрлі факультет студенттері тұрады. Бір факультетке 180 орын бөлінеді, бөлмеде алты адамнан тұрамыз. Жатақханада душ, тұрмыстық және қонақ бөлмелері, кір жуатын орын бар. Ай сайын 2 мың 400 теңге төлейміз. Бөлме аз, студент көп болғандықтан, көбіне орын тимейді, - дейді Аруна Құттыбек Азаттыққа.

Аты-жөнін толық көрсетпеуді сұраған Жеңіс деген тараздық студентке биыл жатақханадан орын тимей қалған.

- Бізде «қара» тізім деген бар, былтыр соған ілігіп қалдым. Бөлмеме қыз әкелгенім видеобақылау камерасына түсіп қалыпты. Сондықтан биыл жатақханадан орын бермей қойды. Мен сияқтылар көп, орын жетпейді, - дейді ол Азаттыққа.

Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық унивеситетінің үш жатақханасы бар. Университеттің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бөлімі бастығы Владлена Сафонованың Азаттық тілшісіне айтуынша, жатақханада 267 бөлме бар, шеттен келген студенттердің 821-і орын алған.

Қазақ қыздар педагогикалық университеті территориясында жеті жатақхана орналасқан. Университет өкілдерінің айтуынша, биыл жатақханамен студенттердің 80 пайызы қамтылған.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің «Студенттер үйі» меңгерушісі Айгүл Даниярова. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің «Студенттер үйі» меңгерушісі Айгүл Даниярова. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің «Студенттер үйі» меңгерушісі Айгүл Даниярованың айтуынша, студенттерге биыл бөлінген 260 орынның 81-і бірінші курстарға, ал қалғаны жоғары курстарға берілген. Айгүл Даниярова «аймақтардан келген студенттердің түгелге жуығы ордер алды, студенттердің 70 пайызын жатақханамен қамтыдық» дейді.

- Университеттің «Студенттер үйінде» тұрудың бір жылдық ақысы – 25 мың теңге (шамамен 90 доллар). Кір жуатын орынды пайдаланғаны үшін бөлек ақы төлейді, бізде тәртіп қатал, - дейді жатақхана меңгерушісі.

Жатақханадан орын тимегендер «Студенттер үйінен» бөлмені жалға алады, оның ақысы бір кісілік орынның ақысынан бірнеше есе қымбат.

«ЖАТАХАНАЛАР КЕШЕНІ ЖОБАСЫ ҚАҒАЗДА ҚАЛДЫ»

Саясаттанушы Дәурен Бабамұраттың айтуынша, Алматыдағы жатақхана мәселесін қала билігі әлі шешпеген.

- Біз рейд жүргізіп, Алматыда жатақханамен студенттердің небәрі 50 пайызы қамтылғанына көз жеткіздік. Заң бойынша әр университет жатақханамен қамтуы тиіс болғанымен, студенттердің көбі пәтер жалдап немесе туыстарының үйінде тұруға мәжбүр. Жеке меншік ЖОО-лар студенттердің 10 пайызына ғана орын бөлген. Қала билігі бұл мәселені дұрыстап ойластырып, жатақхана салуға ақша бөлуі тиіс, - дейді Дәурен Бабамұрат Азаттыққа.

Студенттер жатақханасындағы тұрмыстық бөлме. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

Студенттер жатақханасындағы тұрмыстық бөлме. Алматы, 22 қыркүйек 2015 жыл.

«Қазақстан жастар ақпараттық қызметі» қоғамдық ұйымы директоры Ирина Медникованың пікірінше, билік студенттердің бәріне орын жететіндей етіп қала шетінен жатақханалар кешенін салуы тиіс.

- Кезінде бұл мәселе талқыланған, бірақ сол күйі қағаз бетінде қалды. Жатақхана салса, бүкіл проблема шешілер еді. Көлікпен қамтамасыз етсе, шеттен келген студенттер пәтер жалдап қиналмас еді. Студенттердің 50 пайызы жатақханадан орын жетпей тентіреп жүргеніне сенімдімін, - дейді Ирина Медникова Азаттыққа.

Алматы қаласы Әуезов ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Серік Сарабаев «біздің ауданда мұндай үлкен проблема жоқ» дейді. Оның айтуынша, Әуезов ауданы территориясында орналасқан ірі университет жоқ, ал институттар өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз еткен. Жатақханамен бірінші кезекте жетім балалар мен тұрмысы нашар және көпбалалы отбасылардың балалары қамтылады. Бас маман «бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр» дейді.

Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының бұрынғы басшысы Санжар Боқаевтың мәлімдеуінше, «Алматыдағы 12 ЖОО-ның жатақханасы жоқ».

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының "Студенттер үйі". Алматы, 20 қыркүйек 2015 жыл.

Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының "Студенттер үйі". Алматы, 20 қыркүйек 2015 жыл.

Zakon.kz ақпараттық порталы «Ертеңгі күні баспанасыз қалмас үшін баспанаға зәру болып жүрген жастар үшін арнайы хабарлаймыз. Екіншіден, студенттерге жағдай жасап, жатақхана мен инфрақұрылым салуға тиіс екенін ЖОО-лар ректорларының есіне салғымыз келеді. Ал жеке меншік ЖОО акционерлері білім беру мекемесін тек табыс әкелетін коммерциялық жоба ретінде қарастырмауы тиіс» деп жазады.

Ұлттық экономика министрлігі дерегінше, Қазақстанда 126 жоғары оқу орны бар. Студенттердің жалпы саны – 500 мыңнан асады, оның 70 пайызы – Алматыдан тыс аймақтардан келіп оқитындар.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG