Accessibility links

Қараусыз пәтер иелері оларды қайтаруды талап етеді


Мұқтаж адамдар мекендеп жатқан Сәтбаев қаласындағы иелері тастап кетіп, бос қалған пәтер. Қарағанды облысы, 10 маусым 2014 жыл.
Мұқтаж адамдар мекендеп жатқан Сәтбаев қаласындағы иелері тастап кетіп, бос қалған пәтер. Қарағанды облысы, 10 маусым 2014 жыл.

Қарағанды өңірінде ондаған отбасын пәтерден шығармақ. Кезінде иелері тастап кеткен үйлерді билік басқа адамдарға берген. 1990 жылдары көшіп кеткен меншік иелері аяқ астынан пайда болып жатыр.

Сол бір қиын жылдарда елден кетіп қалғандардың жылжымайтын мүлкі қазір бірнеше есе қымбаттаған. Енді олар келіп, пәтерлерін қайтарып беруді талап етіп жатыр. Осының әсерінен Орталық Қазақстанның кейбір шағын қалаларында жаңа әлеуметтік құбылыс – «үйден шығарылғандар» пайда болды.

1990 жылдары Қазақстан тұрғындары жаппай елден көшіп жатты. Мәселен, Шахтинск қаласында үш мыңнан аса пәтер қараусыз қалды. Қала атауы айтып тұрғандай, мұнда мыңдаған шахтер еңбек еткен. Кеңес Одағы тарағаннан кейін олардың көбі жұмыссыз қалып, Қазақстаннан көшіп кеткен. Сол кезде билік орындары тұрғын үй қорының бір бөлігін сақтап қалу үшін, адамдарды қаңырап қалған көпқабатты үйлерден көрші үйлерге көшірген. Енді талай жылдан соң жаңа проблема туып отыр: қайтып келген меншік иелері тастап кеткен пәтерлерін кері қайтаруды талап етті.

«ҮЙДЕН ШЫҒАРЫЛҒАНДАР» БІРІКТІ

Ресми мәліметтер бойынша, Қарағанды облысының бірнеше шағын қаласы мен облыс орталығындағы сот орындаушыларының қолында жүзеге асырылуы тиіс 200-ден астам сот шешімі жатыр. Яғни, 200-ден аса пәтерді босату керек. Оның 38-і Шахтинск қаласына тиесілі. Сот орындаушылары ондаған отбасын пәтерден шығарып та үлгерген.

«Үйден шығарылғандардың» айтуынша, олар бұл пәтерлерде 10-15 жыл тұрған. Тұрып жатқан баспаналарын жекеменшікке айналдыру үшін құжат тапсыра бастаған кезде пәтер иелері пайда болған. Иесіз пәтерлерге 1990 жылдардың басында қоныстанғандар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, баспананың салығын, коммуналдық қызмет ақысын төлеп келген. Енді оларды қуып шықпақ.

Жезқазған қаласы орталығындағы бос қалған үй. Қарағанды облысы, 27 қараша 2013 жыл.
Жезқазған қаласы орталығындағы бос қалған үй. Қарағанды облысы, 27 қараша 2013 жыл.

«Үйден шығарылғандардың» кейбірі «Баспанаға таласып отырғандардың көпшілігі – меншік иесі емес, жағдайды пайдаланып қалуды көздеген алаяқтар» дейді. Олардың көпшілігі иелері табылған пәтерлерден шығуға әзір, бірақ шарттары бар: бос пәтерлерге үйлерді қираудан сақтап қалуды ойлаған жергілікті шенеуніктердің келісімімен кіргендіктен, билік орындары енді басқа баспана тауып берсін.

Шахтинск қаласының тұрғыны Любовь Коваленко пәтерден шығарылатын тұрғындардың құқықтарын сотта қорғау жауапкершілігін мойнына алып отыр.

Белсендінің анасы, 67 жастағы Галина Кузнецова да осындай бос қалған пәтерге кірген. 15 жылдан аса тұрған пәтерінен шығарылса, ол да далада қалмақ. Галина Кузнецованың оған дейін пәтері болған. Бірақ ол үйдің жартысы бос қалып, билік орындары оған көшуге кеңес береді. Құжаттарын ресімдеуге көмектесуге де уәде еткен. Алайда меншік иесі пайда болып, енді Галина Кузнецова ол пәтерді босатуға тиіс болып шыға келді. Қазір зейнеткер шенеуніктердің табалдырығын тоздырып, соттасып жүр. Іс Қазақстанның жоғарғы сотына дейін жетті. Азаттыққа Шахтинск тұрғыны Любовь Коваленко:

- Неге екені белгісіз, меншік иелерінің құқықтары бар да, міндеттері жоқ. Сол жылдары қала қирап жатты, көп адамдар пәтерлерін тастап, басқа қалаларға, Ресейге кетіп қалды. Қаңырап қалған үйлер қаңғыбастар мен нашақорлардың мекеніне айналды. Үйлерді сақтап қалу керек болды. Міне, сол кезде адамдарға бос қалған пәтер тауып, оны жөндеп, тұра беруді ұсынды. Кейін сол пәтерге ордер алатындарын айтты. Тастап кеткен пәтеріне талай жылдан соң иесі қайтып келеді деп ол кезде ешкім ойлаған да жоқ, - деді.

БАСҚА ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДЕРДЕН КЕЛГЕН МЕНШІК ИЕЛЕРІ

Пәтер даулап жүрген ер адам кезінде тастап кеткен баспанасының сол күйі тұрғанын біле салысымен Ресейден жедел келгенін жасырған жоқ. Қазір ол сот арқылы балалы-шағалы бір отбасын пәтерден шығартып жатыр. Баспананы қайтарып алғысы келеді. Ресейден келіп жатқан мұндай меншік иелері аз емес.

Балқаш қаласында бос қалған көппәтерлі үйдің төбесіне өскен ағаш. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.
Балқаш қаласында бос қалған көппәтерлі үйдің төбесіне өскен ағаш. Қарағанды облысы, 10 ақпан 2013 жыл.

Қарағанды қаласының тұрғыны Вера (аты-жөнін толық атамады) екіұдай жағдайда қалып отыр. Екі балалы әйелді 10 жылдай тұрған пәтерінен әне-міне шығарғалы жатыр. Ал ол әжесінің пәтерін сатып алған басқа отбасын сотқа беретінін айтады.

- Орнына басқа баспана берместен, мені бала-шағаммен қуып шығатын болса, қайда бармақпыз, далаға ма? Маған меншік иесі қоңырау шалып, қорқытып жүр. Жеке сот орындаушысын табамын дейді. Олай болса, мен де басқа адамдарға сатқан пәтерімді даулаймын. Өйткені ол пәтер заңды түрде олардың атына аударылмаған. Қайтарып алуға тырысамын, - дейді Азаттыққа Қарағанды тұрғыны.

ЖОҒАРҒЫ СОТ БЕЛГІЛЕЙДІ

Жергілікті шенеуніктер «баспана алдымен коммуналдық меншікке өткен жағдайда ғана қазіргі тұрғындар оны өз атына аудара алатынын» айтады. Шахтинск қаласы әкімдігі мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта екі мыңға жуық осындай өтініш қаралып жатыр.

Жергілікті баспасөзге Шахтинск әкімі Александр Аглиулин «Арыздың астында қалдық. Соттар да, біз де пәтерлерді коммуналдық меншікке аудару жөніндегі өтініштерді қарап үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан бұл істер ұзақ қаралады. Мен әкім ретінде мұны өзім бақылаймын» деп мәлімдеді.

Шенеуніктердің айтуынша, бір кездері тастап кеткен пәтерлерін даулап келіп жатқандар күн сайын көбейіп барады.

Астаналық заңгер Әбілда Әбдікәрімов қызметіне байланысты Қарағанды облысындағы мұндай істермен жиі ұшырасатынын айтады. Ол «Бұл жағдайда «үйден шығарылғандардың» ішіндегі заң бойынша жеңілдік берілген адамдар ғана пәтерде қалады» дейді. Ол Азаттық тілшісіне:

Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.
Заңгер Әбілда Әбдікәрімов. Теміртау, 28 мамыр 2012 жыл.

- Шындыққа тура қарау керек - адамдарды алдап жатыр. Шенеуніктер «үйден шығарылғандарды» өтірік үміттендіріп қояды. Бірақ мен оларға ескерткім келеді – пәтерді алып қалуға мүмкіндік аз. Адамдар құр босқа жүйкелерін жұқартып, адвокаттарға ақша шашпасын. Меншік құқы заңмен қорғалған. Егер пәтерден қуылып жатқан адам жеңілдік берілетін топқа жататын болса, оның баспаналы болу мүмкіндігі басқалардан гөрі көбірек. Бұл жағдайда жеңілдік берілген адамды пәтерден шығаруға биліктің құқығы бар, бірақ міндетті түрде құны бірдей, тұруға жарамды басқа баспана беруі тиіс. Меншік иесі пәтерден бас тартпаса, онда жеңілдігі жоқ адамдар баспананы босатуға мәжбүр болады. Бірақ келіп жатқандардың пәтерден бас тартуы неғайбіл. Себебі жылжымайтын мүлік қымбаттай береді, - деді.

Өткен аптада ақпарат агенттіктері қараусыз қалған пәтерлердің қазіргі тұрғындарына Қазақстан жоғарғы соты төрағасы Қайрат Мәмидің ара түскенін хабарлады. Ол соттарды бұрын иесіз және қараусыз деп танылған пәтерлер үшін соттасып жатқан «меншік иелерінің» ығына жығылмауға шақырды.

«Үйден шығарылғандардың» шағымдарын қазір Қарағанды облысының прокуратурасы тексеріп жатыр. Тексеріс жүріп жатқан кезеңде пәтерден шығару уақытша тоқтап тұр.

XS
SM
MD
LG