Accessibility links

Үйінен қуылған отбасы қыстап шығатын жер іздеп жүр


Жалғыз баспанасынан сот үкімі бойынша шығарылған алматылық отбасы сол үйде тағы біраз уақыт тұруға рұқсат етуді сұрайды.

Сот орындаушылары үйінен шығарған Бибіжан Сембаева қарашаның 22-сі күні заңды өкілі Ермек Нарымбаевпен бірге Алматы қалалық прокуратурасына келіп, өтініш тапсырды.

– Біз Бибіжан Сембаеваға тым болмағанда қыста өзінің пәтерін уақытша паналай тұруға мүмкіндік беруін сұрап отырмыз, – деді Ермек Нарымбаев Азаттық тілшісіне.

Шағым иелерін Алматы қалалық прокурорының аға көмекшісі Әділбек Дүйсенбай қабылдады. Ол «заң бойынша пәтерден шығару барлық мезгілде жүргізіле беретінін», бірақ шағым иелерінің сол пәтерде қыстап шығу жайын қарастыратындарын айтты.

– Сіздер болған жағдайды жазып, арыздың ішінде көрсетіңіз. Содан кейін біз өндіріс қағазын сұратамыз. Не болғанын, қалай болғанын тексереміз. Заңды түрде жауабын береміз, – деді прокуратура өкілі Бибіжан Сембаеваға.

СОТ ҮКІМІН ОРЫНДАУ

Сот үкімін орындаушылар «Темірбанктен» алған несиесін өтей алмаған Алматы тұрғыны, 56 жастағы Бибіжан Сембаеваны қарашаның 21-і күні отбасымен бірге (оның 72 жастағы әпкесі Галина Сембаева және 17 жастағы қызы Нейля Сембаевамен бірге) бір бөлмелі пәтерінен шығарып, есікке мөр басып кеткен еді.

ВИДЕО: Пәтерлерінен сот үкімі бойынша шығарылған тұрғындар
Алматы, 21 қараша 2013 жыл.

Үйіндегі заттарын да ала алмай отырған баспанасыз отбасы сол түні таныстарының үйіне қонып шыққанын айтады.

Тұрғындар өздерін пәтерден шығарған кезде сот орындаушыларының «күш көрсеткеніне» наразы болып, оларды жазалауды сұрайды.

– Адамдардың банкке қарыз екенін, банктердің өз ақшасын қайтаруы керек екенін түсінеміз. Бірақ мұнда мәселе – осындай қиын жағдайға түскен адамдарға адамша қарым-қатынас жасау жайлы, – дейді шағым иесінің өкілі Ермек Нарымбаев.
Қарашаның 21-іне дейін уақыт бердік. Кеше мәжбүрлі түрде үйден шығардық. Ешқандай күш қолданбадық.

Азаттық тілшісі сот орындаушыларының біріне, шағым иелері «күш қолданды» деп сипаттаған Алмас Елтоқовқа хабарласты. Ол борышкер азаматтың отбасын пәтерлерінен шығару жайлы сот шешімін орындағанда заң бұзбағанын айтты. Үй иелерін пәтерден шығару үшін әуелі 14 қарашада келгендерін, кейін сот үкімін орындауды ол азаматтардың өтініші бойынша 21 қарашаға шегергенін айтқан Алмас Елтоқов:

– Қарашаның 21-іне дейін уақыт бердік. Кеше мәжбүрлі түрде үйден шығардық. Ешқандай күш қолданбадық. Керісінше бізге шабуыл жасады. Менімен бірге прокуратура өкілі, «Боран» арнайы жасағы және банк өкілдері болды, – деді.

6 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Бибіжан Сембаева бизнес ашу мақсатында 2008 жылы үйін кепілге қойып, «Темірбанктен» 6 миллион теңге көлемінде несие алып, кейін банкротқа Бибіжан Сембаева мен оның заңды өкілі Ермек Нарымбаев. Алматы, 22 қараша 2013 жыл.

Бибіжан Сембаева мен оның заңды өкілі Ермек Нарымбаев. Алматы, 22 қараша 2013 жыл.

ұшырағанын айтады. Оның несиесін төлей алмағанын білген банк 2010 жылдан бастап ақшасын даулай бастаған. 2013 жылы тамыз айында сот борышкер Бибіжан Сембаеваны үйін банкке беріп, өзін пәтерден шығаруға шешім еткен.

Сембаеваның заңды өкілі Ермек Нарымбаев бұл мәселе бойынша дәлелдер жинап, алдағы уақытта істі сотқа қайта беретінін айтады.

Қазақстанда банкке борышты болып, жалғыз баспанасынан айырылып қалған Бибіжан Сембаева сияқты азаматтар аз емес. Әдетте мұндай оқиғалардың соңы наразылық акциясына ұласып жатады.

Қазір интернетте «Азаматтарды жалғыз баспанасынан күштеп қуылуынан арашалаймыз» атты акция бойынша қол жинау жалғасып жатыр. Оны ұйымдастырушылар азаматтардың баспаналы болу құқығын жүзеге асырып, оларды үйінен күштеп қууға тыйым салу туралы заң қабылдауды талап етеді. Бұл бастаманы қолдаған азаматтар арнайы бетке барып, қол қоя алады.

Қарашаның 22-сі күні кешке қарай қол қойғандар саны 600-ге жуықтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG