Accessibility links

Алматы әкімшілігі мемлекет бөлген 10 миллиард теңгені «ПКС-қа» беріп, 96 үлескерді жарылқамақшы. Қалғаны қайтеді?


Әкімшілікке қарасты құрылыс компаниясы "ПКС" бұл үйді өткен жылы бітіруі керек еді.Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

Әкімшілікке қарасты құрылыс компаниясы "ПКС" бұл үйді өткен жылы бітіруі керек еді.Алматы, 3 ақпан, 2009 жыл.

Алматы әкімшілігі мемлекеттік бюджеттен бөлінген 10 миллард теңгенің есебінен өзіне тікелей қарасты компанияның 96 үлескеріне үй салып жатыр. Ал жекелеген құрылыс компанияларына алданып қалған басқа да үлескерлер болса қазынадан бөлінген қаржының бұлайша жұмсалуына алаңдаулы.

Жұртшылық арасында «ПКС» деген атауға ие «Алматы әкімшілігі Күрделі құрылыс кәсіпорыны» осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанда құрылыс қарқынды жүріп жатқан шақта құрылған. Аталған компания Алматыдағы Жетісу-3 ықшам ауданында 96 пәтерлік тұрғын үйді үлескерлердің есебінен салып, оны 2008 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беруі тиіс еді. Алайда, құрылысты жүргізушілердің айтуларына қарағанда, құрылыс жұмыстары қаржы дағдарысына байланысты тұрғын үйдің бір қабаты ғана көтерілген шақта, 2007 жылы тоқтап қалған.

Мемлекет Алматы қаласында үлескерлердің мәселесін шешу мақсатында бюджеттен 10 миллиард теңге бөлді. Енді қалалық әкімшілік сол қаржының есебінен осыдан екі жыл бұрын тоқтап қалған құрылысты аяғына дейін жеткізбек ниетте. Қыс мезгілі екендігіне қарамастан жалқы қабаты ғана қылқиған жартыкеш үйге жан бітіп, қалқиған крандары арлы-берлі жүре бастады. Әкімшілік өкілдері бұл үйді 2009 жылдың қыркүйек айына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

«Алматы әкімшілігі Күрделі құрылыс кәсіпорынының» директоры Мазан Серғазиннің айтуынша, «ПКС-тің» 96 үлескері биылғы жылдың қазан айында жаңа пәтерлерінің табалдырығын аттай алады.
Алматы әкімшілігі Күрделі құрылыс кәіпорнының директоры Мазан Серғазин үлескерлермен сөйлесіп тұр. 3ақпан, 2009жыл.


Алайда қаладағы басқа да алданған үлескерлер мемлекеттен бөлінген қаржы әкімшіліктің тек өз проблемаларын шешуге жұмсап жатқанына алаңдаулы.

- Әкімшілік кезінде өз міндетін орындай алмаған, яғни үй салынбаған. Оның 96 үлескері, әрине, сотқа жүгінген. Енді келіп әкімшілік алданған үлескерлерге бөлінген ақшаның есебінен өзінің проблемаларын шешіп алмақшы - дейді «ВерныйKZ» компаниясына алданып қалған үлескер Төрехан Кәрібаев.

Тағы бір үлескер Айжан Жамқоразқызы болса мемлекеттік қазынадан ақша бөлінген күннің өзінде жергілікті билік үлескерлердің мәселесін әділ шешуге дайын еместігіне алаңдаулы.

- Өз сұрақтарыма жауап жоқ. Өйткені үлескерлерді пәтермен қамтамасыз ету жұмыстарының нақты механизмі жасалмаған. Мысалы, біз, яғни «ВерныйKZ» компаниясының үлескерлері «ПКС»-ке жүгінгенімізде, аталған компанияның заңгері салынып жатқан мынау үй бітпейінше келісімшартқа отыру мүмкін емес екендігін айтты. Мұндай жауапқа біздің көңіліміз толмайды. Алданған үлескерлер сол қалпында алданып қала бермек, - деді ашына сөйлеген Айжан Жамқоразқызы.

Үлескерлердің бұл сауалдарына «Алматы әкімшілігі Күрделі құрылыс кәсіпорынының» директоры Мазан Серғазин жауап беруге дайын емес.

- Бұл мәселелерді мен шешпеймін. Ведомствоаралық комиссия қарайды бұл мәселелерді, - деді ол.

Айта кетерлік жайт, сейсенбі күні Алматы әкімшілігінде үлескерлер мәселесі бойынша комиссияның екінші отырысы болып өтті. Жиынға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қатыстырған жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG