Accessibility links

Баспанасыз офицерлер Қорғаныс министрлігіне қыр көрсетудің тағы бір тың әдісін ойлап тапты


Баспанасыз офицерлер қозғалысының белсенділері (арқаларындағы жазу: ҚР-ның Қорғаныс министрлігін моргқа) наразылық акциясында. Алматы, 27 сәуір, 2009 жыл.
Баспанасыз офицерлер қозғалысының белсенділері (арқаларындағы жазу: ҚР-ның Қорғаныс министрлігін моргқа) наразылық акциясында. Алматы, 27 сәуір, 2009 жыл.

Сәуірдің 27-і күні баспанасыз офицерлердің қоғамдық қозғалысы Алматыдағы әскери сот ғимаратының алдында, перфоманстық әдіспен, Қорғаныс министрлігі мен сот жүйесіне өз наразылықтарын білдірді. Дәл осы күні әскери сот заң бойынша баспана талап еткен запастағы екі офицердің шағымын қарап жатқан болатын.

Қаланың қос күре жолының қиылысындағы бұрышта орналасқан ғимараттың алдында үлкен әріптер жапсырылған ақ жейделер киіп алып, сап түзеп тұрған соқталдай офицерлерді көрген жұрт әуелгіде жымия күлгені рас.

Бірде зәулім үйлерді тұрғызуға арналған кранның басына шығып алып, тағы бірде Қорғаныс министрлігіне қаржы жинау жәрмеңкесін өткізген запастағы офицерлер бұл жолы өз наразылықтарын білдірудің перфоманстық әдісін таңдап алыпты. Ал, сарбаздар қаз-қатар сап түзегенде олардың жейделеріндегі жазудың қосындысынан «МО РК в МО РГ» деген сөз тіркестерін оқуға болатын еді.

Баспанасыз офицерлердің өздері «БОМЖ» деп атаған қоғамдық қозғалысының 25 мүшесі осы жылдың басында қоныс тойын тойлағалы бері әртүрлі сипаттағы акцияларын өткізбей қалған-ды. Содан бері үш ай өтіпті, дүйсенбі күні перфоманстық әдістерімен отставкадағы офицерлер тағы да билікті сынап, бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігіп отыр. Қоғамдық қозғалыстың жетекшісі Дәулет Жұмабековтың айтуынша, офицерлер әскери сот алдына баспана тимей қалған әріптестерін қолдау үшін жиналған.
Баспанасыз офицерлер Қорғаныс министрлігі мен сот жүйесіне наразылық танытуда. Алматы, 27 сәуір, 2009 жыл.


- Жетпей қалған себебі – Қорғаныс министрлігі баспанаға қатысты тендерді өткізгенде бірқатар заңсыздықтарға барған. Бас прокуратураның комиссиясы бұл жағын тексеруі тиіс деп есептеймін. Өйткені министрлік бізге қарастырылған үйлерді өте жоғары бағамен сатып алды. Ал, егер олар нарықтағы бағамен саудаланғанда, сол бөлінген ақшаға мұнда қазір дабыл қағып жүрген офицерлердің бәріне де баспана алуға болатын еді. Алайда министрліктегілер солардың есебінен пайда тапқысы келген. Біздің есебіміз бойынша, баспанаға бөлінген қаржыдан 3 миллион долларға жуық ақша мақсатсыз жұмсалған. Міне, соның нәтижесінде қазір көпшілігіне үй жетпей отыр, - деді Дәулет Жұмабеков.

Бұл мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігі тарапынан қандай да бір жауап алу мүмкін болмай отыр.

Офицерлердің дәл бұл күні қалалық әскери соттың алдына жиналуының өз себебі бар. Өйткені әскери сот дүйсенбі күні заң бойынша баспана талап еткен запастағы екі офицердің шағымын қарап жатқан болатын. Шағымы бойынша сот шешімін алған Александр Дюйнов былай дейді.

- Мен өз отбасымның санына қарай жеке бір пәтер бөлуін сұрап шағым түсірген едім, сот менің өтінішімді қанағаттандырған жоқ. Олар менде үй бар деп айтты. Бірақ ол мемлекеттің есебіндегі пәтер және жекешелендірілмеген. Сосын сот әскери бөлім маған тағы бір мемлекет есебіндегі пәтерді қосып бөліп беруін талап етуді кеңес етіп отыр. Яғни, менің отбасым бөлек екі үйде тұруы керек пе? Олар маған мемлекет есебіндегі пәтерді өткізбегенімді сылтау етті. Ал, мен оны өткізіп қайда барып тұрмақпын? Жеке пәтер бөліп жатса мемлекеттің есебіндегісін қайтарып беремін ғой, - деді жиырма жылға жуық әскерде қызмет істеп, соңғы бір жылдан бері үш балалы отбасымен бірге әскери бөлімге қарасты пәтерде тұрып жатқан Александр Дюйнов.

Екінші шағымды қарай бастаған қалалық сот дүйсенбі күні ол бойынша шешім шығарып үлгермеді. Сот оң шешім шығарған күннің өзінде бұл офицерлердің жуық арада жеке баспаналарына кіре қалуы екіталай.

Өйткені, осындай сот шешімін 2006 жылы алған офицерлер былтыр жыл бойы әртүрлі сипаттағы акциялар арқылы өз наразылықтарын білдіріп жүріп, баспанаға биыл ақпанда әрең жеткен еді. Сөйтіп жүріп алған үйлері нде қыста салқын болғандықтан олар "жиде қағып" шыққан екен.
XS
SM
MD
LG