Accessibility links

БТА банкінің шағымы бойынша борышкер Жайна Сұлтановаға қарсы сот ісі басталды


Борышкер Жайна Сұлтанова сотта жауап беріп тұр. Алматы, 20 ақпан, 2009 жыл

Борышкер Жайна Сұлтанова сотта жауап беріп тұр. Алматы, 20 ақпан, 2009 жыл

Бүгін Алмалы ауданының №2 сотында БТА Банктан алған ипотекалық несиені уақытында қайтара алмаған борышкер Жайна Сұлтановаға қарсы банктың берген талап-арызы қаралды. «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысының мүшелері өздері тағдырлас жанға қолдау білдіріп,банктен қысым көрсетуді тоқтатуды талап етті

Шағым беруші БТА банкі Сұлтанованың банктен несиеге алған ақшасын соңғы бір жыл бойы төлемей қашып жүргендігін алға тартты. Ал жауап беруші өзінің несиені төлеуден еш бас тартпайтындығын, алайда өзі де, күйеуі де жұмыссыз қалып, қарызды төлеп тұратын мүмкіндіктен уақытша айырылғандығын айтады.

Жайна Сұлтанова осыдан екі жыл бұрын БТА банкінен 274 мың АҚШ долларын құрайтын несие алған. Келісімшарт бойынша ол 15 жылдың көлемінде ай сайын 4 мың 200 доллар төлеп тұруы керек болатын. Алайда, осыдан бір жыл бұрын өзі де, жолдасы да жұмыссыз қалған. БТА банкінің өкілі, заңгер Вячеслав Подшиваловтың айтуынша, соңғы төлем өткен 2008 жылдың 2 ақпанында жасалған. Сондықтан банктің, несие алушыны сотқа беруден басқа амалы қалмаған.
БТА банкінің заңгері Вячеслав Подғивалов. Алматы, 20 ақпан, 2009 жыл.


Бүгінгі сотта банк өзіне тиесілі негізгі қарызын ғана талап етіп отыр. Заңгер Вячеслав Подшивалов «біз бір жыл бойы төленбеген несие үшін өсімпұл талап етіп отырған жоқпыз» - дегенді айтты.

Алайда, жауап беруші Сұлтанова мемлекетке тиесілі салығын да төлеуі тиіс. Жайна Сұлтанова баж салығының өзі 1 миллион теңгеге жуық, ай сайынғы несиемді төлей алмай отырғанда қалайша салыққа ақша табамын деуде.

Банк өкілі сотта жағдайды ушықтырмас үшін барлық шараларды қолға алғандықтарын айтып ақталды. Осы мақсатта олар Сұлтановамен бірнеше рет хабарласқандықтарын, үйіне де барғандықтарын, алайда ол үйде бөтен біреулер тұрып жатқандығын жеткізді.

«Бізге тіпті телефонын да берген жоқ. Сондықтан амалсыздан осындай қадамға барып отырмыз» - деді банк өкілі, заңгер Вячеслав Подшивалов.

Ал, Жайна Сұлтанова бұл сөздерді шындыққа жанаспайды деді сотта берген жауабында.
- Ол үйде 2007 жылы сатып алғаннан бері тұрып келемін. Мен ол үйді сіңіліммен бірге алғанмын, сондықтан ол үйде екі отбасы тұрамыз. Банк өкілдерінің келдік деп отырғандары өтірік, – дейді ол.

Жайна Сұлтанова «менде қазір ешқандай қаржы жоқ, сондықтан егер олар менің үйімді аламын десе, маған ең алдымен алдындағы ай сайын төлеген ақшам мен сол банкте депозитте жатқан 40 мың АҚШ долларын қайтарып берсін. Әйтпесе, мен үйді босатпаймын» дегенді айтып отыр.
Алмалы аудандық екінші соты. Алматы, 20 ақпан, 2009 жыл.

Ал осы сот процесіне қатысқан «Халыққа баспана қалдырайық» қозғалысының төрайымы Ельмира Ысқақова соңғы екі айдың ішінде банктер тарапынан үлескерлерді, ипотекалық борышкерлерді сотқа тарту жиілеп кетті деп отыр.

Оның пайымдауынша, «қазіргі таңда банктер ең болмағанда соттар арқылы өздерінің ақшасын қайтарып алмақ ниетте».
Қазіргі дағдарыс кезінде олар өз қызметкерлеріне айлық төлеулері қажет, тағы да басқа шығындар бар. Менің ойымша олар өздерінің жағдайын жақсартамыз деп қарапайым халықты әуре - сарсаңға салып отыр, – дейді Ельмира Ысқақова.

Ал сот процесіне қатысты екі жақты бірдей тыңдап шыққан Алмалы ауданының нөмері 2-ші сотының судьясы Шолпанай Үмбеталиева, келесі сот отырысын наурыз айының 2-сіне қалдырды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG