Accessibility links

Көктем шыға Астананың жанындағы Қоянды ауылынан береке қашып, халқы үрей құшағына енді


"Лайықты баспана үшін" ұйымының Астанадағы кеңсесі алдына жиналды. Астана, 10 сәуір, 2009 жвл.

"Лайықты баспана үшін" ұйымының Астанадағы кеңсесі алдына жиналды. Астана, 10 сәуір, 2009 жвл.

Билік Астананың іргесіндегі Қояндының 149 отбасына «жерді заңсыз басып алдыңдар» деп, үйлерін күреп тастауға таяу тұр екен. Жергілікті сот шешімін орындаушылар жұма күні он алты үйді айнала қазып, қызыл бояумен белгілеп кетіпті. Ал ауыл әкімі «жерді басып алғандар, заң алдында жауап беруі керек» дейді. Тұрғындар "жерді әкімдіктен сатып алғанбыз" деп отыр.

ҚОЯНДЫЛЫҚТАРДЫ «ҚОЯНША» ҮРКІТКЕН КІМ?

Астана маңындағы Целиноград ауданына қарайтын Қоянды елдімекенінің дені Қытайдан, Монғолиядан көшіп келген оралмандар. Бұл жерді жергілікті халық оралмандар ауылы деп те атайды. Бүгінде осы ауылдың басына қара бұлт үйріліп тұр. Ауылдың 150-ге жуық отбасының өкілдері жұма күні Астанадағы Үкімет үйінің алдына барып, шенеуніктерден араша сұрады.

Қоянды ауылының белсендісі Бақыт Алуайұлы кезінде жерді алу үшін жергілікті билікке жем болғанымызбен қоймай, енді бүгін сол билік маңдай терімізбен салған үйлерімізді сүріп тастағалы отыр дейді.
Қоянды ауылы тұрғындарының бірі Бақыт Алулайұлы. Астана, 10 сәуір, 2009 жыл.

- Жергілікті әкімдер бізді әбден әбігерге түсірді. Кеше ғана ауыл әкімі Дәулет Сүгірәлиев келіп, халықтың алдында «Жерлерің заңдасады деп ойламаңдар. Соттың шешімі шықты. Үйлеріңді күрейміз. Софиевка деген ауылдан жер алыңдар. Сонда көшесіңдер» деді. Біз бүгін барлығымыз жиналып, амал жоқ Үкімет үйінің алдына барып, шенеуніктерге жолықпақ болдық. Сол жерге біз қарайтын Целиноград ауданының әкімі келді. Олар «Еш қам жемеңдер, қыркүйек айына дейін мәселелерің шешіледі» деп бізді кері қайтарды. Бірақ сот орындаушылары келіп, үйлеріміздің шетін күреп, белгі салып кетті, - дейді Бақыт Алуайұлы.

Бақыт Алуайұлының айтуынша, Қытайдан келген оралмандардың дені әлі күнге дейін кириллица жазуын түсінбейді. Соны пайдаланып, тұрғындарды алдап, жергілікті әкімдік «басқа ауылға көшеміз» деген хатқа қол қойдырып алыпты. Оралмандар ауылының белсендісі даудың басы осыған дейін әкім болған Темірхан Сағымбаевта жатыр дейді.

- Бұрынғы әкім Темірхан Сағымбаев делдалдар арқылы үш жарым мың жер телімін сатты. Тіптен бір адамға отыз-қырық гектардан жер берген. Ал ол адамдар сол жерді бөліп-бөліп халыққа алдап сатқан. Сол әкімді полицияға өзіміз ұстап бердік. Бірақ, күні бүгінге дейін құқық қорғау орындары дұрыс тергеу жұмыстарын жүргізбей келеді, - дейді Бақыт Алуайұлы.

Қоянды елдімекенінің тұрғындары басқа ауылға бармайтындықтарын айтуда. Себебі, «маңдай терімізбен» салған үйді бұзып тастап, басқа үй салатын қаражатымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ» дейді.

Ал Сара Нағыманова деген Қояндының тұрғыны 2007 жылы сегіз жарым мың долларға осы ауылдан он сотық жер сатып алып, үй тұрғызыпты.

- Жерді алып, үй салып, аяқтағанымыз сол еді. Соттан шақырту қағаз келді. Маған «жерді басып алғансыз, үйіңіз күреледі» дейді. Онда күні бүгінге дейін электр жарығы, су жоқ. Тұрғындар өзіміз қалтадан ақша шығарып, суды да тасып әкеп жатырмыз. Жолды да өзіміз салып жатырмыз. Осындай еңбекпен келген үйімізді күретіп тастатып отыра алмаймыз. Соңына дейін күресеміз, - дейді Сара Нағыманова.

Жергілікті билік Қоянды елдімекеніне тіптен Ұлыстың ұлы мерекесі - Наурызды да атап өтуге барынша кедергі жасап, сол күні халықты электр жарығынсыз қалдырыпты.

- Қазіргі ауыл әкімі Дәулет Сүгірәлиев деген азамат оралмандарды жек көреді. Жаны қас. Бізге ондай әкім керек емес, - дейді Қоянды ауылының белсендісі Бақыт Алуайұлы.


«БАС БАСЫНА БИ БОЛҒАН ӨҢШЕҢ ҚИҚЫМ...»

Қоянды елдімекені тұрғындарының осындай шағымдарынан кейін осы ауылдың әкімі Дәулет Сүгірәлиевке хабарласқан едік. Ол Азаттық радиосына «ол менің құзырымда емес, сот шешеді» деп, бойын аулақ салуға тырысты.

- Тұрғындарды «жерді басып алдыңдар» деп, сотқа берген сіздердің әкімдік емес пе?

- Заңға сәйкес, жер инспекторлары арқылы сотқа берілді.

- Неге сүйеніп?


- Олар алаяқтардың сөздеріне сеніп, оларға ақша беріп, жерді заңсыз алған. Бүгінде делдалдардың бәрі ұсталды. Сот ісі жүріп жатыр.

- Халық қайда барады? Олардың жерін заңдастыруға болмай ма?

- Әрмен қарай басып алу жалғаспасын деп, мәселенің бәрі сот арқылы шешіліп жатыр. Қазір жерлерді қайтадан сызып, тексеріп жатырмыз. Оларға басқа ауылдардан жер беріп жатырмыз.

Қоянды ауылы Қазақстандағы «Руханият» партиясының көсемі Алтыншаш Жағановамен тығыз байланысты. Ол кезде көші-қон комитеті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарамайтын дербес агенттік болатын.

2003 жылы «Руханият» партиясын құрып, саяси белсендігілі күшейіп тұрған Көші-қон және демография жөніндегі агенттіктің төрайымы Алтыншан Жағанова Қоянды ауылынан үш жүз оралманға жер телімін әперіп, сол жерде киіз үй тігіп, мал сойып, оралмандардың дүркіретіп той жасағаны есімізде. Бүгінде оралмандардың сол қуанышы қайғыға айналып отыр. Осы жайлардан «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова хабарсыз болып шықты.

- Кезінде, үш жүзден астам отбасыға жер әпергем. Олардың бәрі заңды берілген. Егер қазіргі әкім қоқан- лоққы жасап жатса, онда халыққа жақсылық ойлайтын әкім деп ойламаймын. Жалпы қазақтың жері – қазақтікі. Әкім кейін берілген сол жерлерді керісінше заңдастырып беруіне көмектесуі керек, - дейді Алтыншаш Жағанова.


ЖЕР ДАУЫНЫҢ БАСЫ ЖЕҢ ҰШЫНАН ЖАЛҒАСҚАН ЖЕМҚОРЛЫҚТА

Алайда, Қоянды ауылының тұрғындары бастарына қиындық туғанда сол «Руханият» партиясының көсемі Алтыншаш Жағановаға емес, «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының төрайымы Зәуреш Батталоваға жүгінді. Бүгін де үйлерін сүруге сот орындаушылары келген кезде, олар бірден Зәуреш Батталоваға жүгірген.

Ал «Лайықты баспана үшін» қоғамдық ұйымының төрайымы Зәуреш Батталова осының бәрі атқарушы биліктің жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекетінен туындап отыр дейді.
"Лайықты баспана үшін" қоғамдық ұйымының төрайымы Зәуреш Батталова. Астана, 10 сәуір, 2009 жыл.


- Осы уақытқа дейін елімізде оралмандарға қатысты қаншама бағдарлама қабылдады. Біреуі де аяғына дейін толыққанды жұмыс істеген жоқ. Ал қазіргі қабылданған «Нұрлы көш» бағдарламасы «зорлы көшке» айналып кетті деп оралмандардың өздері айтады. Ал Қоянды ауылына келетін болсақ, онда қордаланған мәселелерді зерттейтін бірде-бір комиссия жұмыс істеп жатқан жоқ.

Мен былтыр аудан әкіміне арнайы комиссия құрып, Қояндыда қанша отбасы тұрады, соның бәрін тиянақты зерттеу керектігін айтып, салынған үйлердің барлығын заңдастырып беріп, ал кейінгі келетіндерді жауапқа тартыңдар дегем. Бірақ әкім ол сөзіме құлақ аспады, - дейді Зәуреш Батталова.

Ол мұндағы жер сол әкімдердің қолымен бірнеше рет сатылғанын айтады.

- Атқарушы биліктің әрекетсіздігі сол, халық жерге үй салып жатқанда бірде біреуі үндемеген, үй салуға мүмкіндік берген. Енді үй тұрғызып, мал- жайын жайғастырып болған отбасыларға күш көрсетеді. Халықаралық пактілерге сүйенсек, сол жерде бірнеше жыл тұрған отбасыға жерді заңдастырып беруі керек. Барлығының қолдарында әкімнің қолы қойылған құжаттары бар. Ал бұлардың басты кемшілігі - мемлекеттік акті алып алмаған ғой. Екіншіден, жергілікті атқарушы билік о бастағы ауылшаруашылығына арналған жер дегенді өзгертпей келген. Осылай жергілікті әкімдік қитұрқы әрекетке барып отыр. Бұл атқарушы биліктің кінәсі, - дейді Зәуреш Батталова.

Қоянды ауылының тұрғындары енді қолдарымен тұрғызған шаңырақтарын жау жоқ заманда күні-түні ұйқысыз күзетіп, қорғауға мәжбүр болып отыр. Олар «Алматыдағы Шаңырақ оқиғасы секілді халық шырт ұйқыда жатқанда, баспанамызды сүріп тастамасына кім кепіл?!» дейді.

Себебі, «Шаңырақ оқиғасын жасағандар бүгінгі күні Астананың қақ ортасында отырған жоқ па?!» деп те үрейленеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG