Accessibility links

АТФ банкі борышкер Бақыт Тілесбаеваға қатысты заңсыздыққа барған деп тапты адвокаттар


Банк борышкері Бақыт Тілесбаева балаларымен бірге. Алматы, 18 наурыз,2009 жыл.

Банк борышкері Бақыт Тілесбаева балаларымен бірге. Алматы, 18 наурыз,2009 жыл.

Банктің шағымы бойынша сотқа қатысқан Қамқоршы және қорғаушы органының өкілі борышкер Тілесбаеваны үйден ешкім қуа алмайды деп мәлімдеді. Енді АТФ банкі екі баланың анасы Тілесбаеваға банктың үйінде уақытша тұруға рұқсат беруді қарастырып жатыр.

Банк шағымының негізінде қозғалған азаматтық істі Медеу аудандық сотының судьясы Құралай Қалекеева қарап жатыр. Іс биылғы жылдың ақпан айында өндіріске алынғанына қарамастан сот түпкілікті шешім шығаруға асығар емес. Сот отырысын бұған дейін екі мәрте кейінге қалдырған судья сәрсенбі күні тараптардың уәжін тыңдаумен шектелді. Екі жақты келіссөздерге Медеу аудандық қамқоршы және қорғаушы органының өкілі Динара Теңізтамова да қатысты. Бала құқығын қорғаумен айналысатын мекеме қызметкері Азаттық радиосына кесімді шешімін былай деп жеткізді:

- Қамқоршы және қорғаушы органы жауапкер Бақыт Тілесбаеваның кәмелет жасына толмаған екі баласының құқықтарын қорғайды. Яғни, бұл отбасының баспанасын біздің мекеменің рұқсатынсыз ешкім ала алмайды. Біз оған жол бермейміз.
АТФ банкінің заңгері Азаджан Курбансупиев және жауапкердің адвокаты Динара Бітімбаева. Алматы,18наурыз,2009жыл.

Қорғаушы және қамқоршы органының ұстанымы АТФ банкінің заңгерлерін тығырыққа тірегендей. Судья алдында өткен келіссөздер барысында банктің мүддесін қорғаушы заңгер Азаджан Құрбансупиев жауап берушіге бірқатар ұсыныстары бар екендігін білдірді.

Атап айтқанда, АТФ банкі ипотекалық борышкер Б. Тілесбаеваны, екі баласымен бірге банк есебіндегі үйде уақытша тұруына рұқсат бермек. Бірақ пәтерақы мен коммуналдық қызмет ақысын Тілесбаеваның өзі төлеуі тиіс. Айта кетерлік жайт, банк кепіліндегі баспанада борышкерлердің қанша уақыт тұратындығы белгісіз. Сондай-ақ, бұл ұсыныстың өзінің заңдық күші жоқ. Өйткені заңгер Азаджан Құрбансупиевтің осындай шешімді өз бетімен қабылдауға өкілеттілігі жоқ екен. Бұл мәселе алдымен АТФ банкі басқармасының жиналысында қаралуы тиіс.

Жауап берушінің жақтаушылары банк ұсыныстарымен қазірдің өзінде келіспейтіндігін білдірді.

- Сіз бірнеше жыл бойы пәтер үшін несие төлеп келдіңіз. Ал банк Сізге пәтердің шығындарын көтеруді ұсынады, бірақ жылжымайтын мүлікті өз меншігінде қалдырады. Сіз осындай ұсынысқа келісер ма едіңіз? Жоқ, келіспейсіз, - деді жауапкердің қорғаушысы Ғалия Дүйсембаева.

Адвокат Динара Бітімбаева болса АТФ банкі Б. Тілесбаеваға қатысты әрекеттерінде заң бұзушылықтарға барғандығын, атап айтқанда кәмелетке толмаған екі баланың анасының келісімін алмастан, сондай-ақ қамқоршы және қорғаушы органынан рұқсат сұрамастан пәтерді саудаға салған. Осындай заңсыздықты ескере отырып, ана мен баланың мүддесін қорғаушылар жалпы АТФ Банкі мен Б. Тілесбаева арасындағы келісімшарттың күшін жоюды көздеп отыр. Яғни, мұндай жағдайда ипотекалық борышкер үйді банкке босатып береді, ал банк Б. Тілесбаеваның осы уақытқа дейін банкке төлеген ақшасын қайтарып береді деген сөз. Б. Тілесбаеваның айтуынша, осы уақытқа дейін ол банкке 20 мың доллардан астам ақша құйған.

АТФ Банкі мұндай ұсынысқа келісе ме? Бұл жағы әзірге белгісіз. Судья Құралай Қалекеева сот мәжілісін наурыздың 30-на белгіледі.

Өйткені бүгін жауапкер Б. Тілесбаева, екі баласының тұмауратып ауырып қалғандығына байланысты, сот мәжілісінің басталу уақытын күте алмайтындығын айтып кетіп қалған еді.

Алматы тұрғыны Бақыт Тілесбаева, 2007 жылы жазда АТФ банкімен жылдық 13,5 пайыздық көрсеткішпен 15 жылға 180 мың доллар көлемінде ипотекалық несие рәсімдеген. Ай сайын 2300 долларды банкке төлеуге міндеттенген борышкер былтыр, табысының тоқтауына байланысты, төлемді уақытша тоқтату туралы өтініш түсіреді. Алайда АТФ Банкі кепілге қойылған пәтерді босатуын сұрап, Медеу аудандық сотына шағым түсірген.
XS
SM
MD
LG