Accessibility links

БАҚ мониторингі қалай жүргізіледі?


Компьютер алдында отырған жігіт. (Көрнекі сурет.)

Компьютер алдында отырған жігіт. (Көрнекі сурет.)

Астанадағы БАҚ мониторингі орталығы іс жүзінде орталықтандырылған цензура қызметін атқарады деп алаңдайды құқық қорғаушылар. Бірақ мұндай пікірмен келіспейтіндер де бар.

Қазақстанда БАҚ мониторингін жуырдан бері инвестиция және даму министрлігі жүргізіп, бұл жұмысты байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті бақылайды. Ол бұл шаруаны ведомствоға қарасты «Сараптама және ақпарат орталығы» мемлекеттік кәсіпорнына жүктеген. Кәсіпорын 2012 жылдың шілдесінде құрылған, бірақ ақпарат құралдарына мониторинг жүргізу ережелері биыл 26 қаңтарда бекітілген. Жуырда министрлік «Әділ сөз» қорының өтініші бойынша әлгі ережелерді және БАҚ мониторингі не себепті сараптама және ақпарат орталығына жүктелгенін түсіндірді. Бірақ құқық қорғаушылардың сұрақтары әлі көп.

Сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы жетекшісі Тамара Калеева Азаттыққа берген комментарийінде бұрын БАҚ мониторингімен аймақтық билік айналысқанын айтады. «Енді әкімдіктердің орнына мына түсініксіз орталық пайда болды» дейді Тамара Калеева.

Оның болжамынша, БАҚ мониторингі орталығы бірінші кезекте тәуелсіз басылымдар мен оппозицияшыл деген күдікке іліккен басылымдарды бақылайтын болады. Бірақ оның айтуынша, орталықтандырылған мемлекеттік постцензура қызметін осы орталық атқармақ.

Баспасөз құқығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 14 сәуір 2016 жыл.

Баспасөз құқығын қорғайтын «Әділ сөз» қоғамдық қоры жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 14 сәуір 2016 жыл.

— Бізде цензураның бір түріне тыйым салынған және цензураның бір түрі – мемлекеттік органдардың алдын ала цензурасы ғана бар деп түсіндіреді. Бірақ халықаралық ақпарат құқығы саласында цензура деп постцензураны, яғни мақала жарияланғаннан кейінгі цензураны айтады. Халықаралық ұғым жағынан алғанда, иә, бұл – постцензура, - дейді баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі.

Бірақ биліктің ресми комментарийінде БАҚ мониторингі заң талаптарын орындау үшін жүргізіледі деп көрсетіп, әуелі конституция, «Мемлекеттік рәміздер туралы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Ұлт көшбасшысы туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы», «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» және өзге заңдар аталады.

Алматылық журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың сөзінше, бұрын БАҚ мониторингін жүргізумен өзгелермен бірге арнайы қызмет те құпия айналысқан. Енді арнайы қызмет «Сараптама және ақпарат орталығы» мемлекеттік кәсіпорны атын «жамылып», ал өздері көлеңкеде қалмақ деп топшылайды оппозициялық журналистикада көп жұмыс істеген Дуванов.

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 4 қараша 2015 жыл.

Журналист, құқық қорғаушы Сергей Дуванов. Алматы, 4 қараша 2015 жыл.

— Қылмыстық іс қозғалған жағдайда олардың атын атап, түсін түстеуге тура келіп, қиналатын. Ал бұл ақпарат құралдарына кінәрат артқан кезде жария еткісі келмейтін элемент болатын, - дейді Сергей Дуванов.

Мұндай пессимизммен келіспейтіндер бар. Парламент депутаты әрі билікшіл Қазақстан коммунистік халықтық партиясының бейресми жетекшісі Владислав Косарев халық пен елдің мүддесі үшін қазіргі жағдайда ақпарат көбінесе «біркелкі» болуы тиіс деп санайды. Косаревтің айтуынша, БАҚ мониторингі орталығының міндеті ақпарат құралдарының «райын» реттеп отыру және орталық мұны асыра сілтемей істеуі тиіс.

— Егер ол [орталық] проблемаларды, кемшіліктерді көрсетіп, жоятын болса, бұл жақсы емес пе. Ал егер ол аузын ашқан, бірдеңеге наразы жұрттың бәрінің аузын жауып, бүкіл парақшалардан, бүкіл сайттан қуып жатса, бұл әрине, олақтық болады, – дейді Косарев.

Алматыдағы газет-журнал сататын дүңгіршек.

Алматыдағы газет-журнал сататын дүңгіршек.

Ресми ақпаратқа сәйкес, «Сараптама және ақпарат орталығы» теле және радио арналардың тәулік бойғы эфирін сандық форматта үзбей жазып отыруды ұйымдастырады. Ал баспадан шығатын БАҚ өнімдері мониторингін жүргізген кезде мақаланың мазмұны (тақырыбы, тақырыпшалары, мәтіннен үзінділер), суреттері мен шығу деректері тексеріледі. Электронды БАҚ өнімі мониторингі кезінде іздеу жүйелері, кілт сөздер, сөз тіркестерін пайдаланып «контентті қарау процесі» бақыланады.

Анықталған заң бұзушылықтар тіркеледі. Бұл үшін мақала үзіндісінің көшірмесі сканерленеді, экранды суретке түсіреді немесе теле және радиобағдарламаның үзіндісін жазып алады. Бүкіл ақпаратты тіркелген сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей құзырлы органға жолдайды. Бірақ оның қандай орган екені айтылмаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG