Accessibility links

Астанада әйелдерді мерекесімен құттықтау қаншаға түседі?


Гүл алып жүрген ер адамдар. Қазақстан, 7 наурыз 2014 жыл.

Гүл алып жүрген ер адамдар. Қазақстан, 7 наурыз 2014 жыл.

Астана қаласы 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге дайындалып жатыр. Совет заманынан қалған мереке болса да, қала тұрғындары оған алдын ала қамданады.

Астана тұрғыны Руслан Бердяев әйеліне сыйлық сатып алуға 30 мың теңге (шамамен 160 доллар) жұмсамақ. Мерекелік сыйлыққа алтын әшекей сатып алып, кешкі асты өзі әзірлегісі келеді. Ол «бұдан азырақ ақша жұмсасам да болар еді, бірақ алтын бұйым сыйлап үйренгенмін» дейді.

- Әдетте асыл тасы бар әшекей сатып аламын. Қажетсіз сувенирлерді жақсы көрмеймін, әйелге ондай ұсақ-түйек сыйлау қораштау көрінеді, - дейді ол.

Әйелдер мерекесіне арнап ұйымдастырылған жәрмеңке. Астана, 5 наурыз 2014 жыл.

Әйелдер мерекесіне арнап ұйымдастырылған жәрмеңке. Астана, 5 наурыз 2014 жыл.

Астана қаласында мереке қарсаңында Руслан Бердяев сияқты сыйлық іздегендер үшін жәрмеңке ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде жеңілдіктер қарастырылған әрі тауарлардың бағасы базар нарқынан арзан болады деп хабарланды. Зергерлік бұйым сатушылар бағаны 25 пайызға арзандатқандарын айтады. Жұрттың көбі осындай сөрелерді аралап жүр.

Тоқыма орамал, шәлі, киім-кешек сатылып жатқан сөрелердің маңында да кісі көп. Заттардың орташа бағасы – 3 мыңнан 5 мың теңгеге дейін (16-27 доллар). Жүннен тоқылған шұлық, гетралардың бағасы - бір жарым мың мен үш жарым мың теңге арасында (8-19 доллар).

Жәрмеңкеде қолдан жасалған ыдыс-аяқ та табуға болады. Мысалы, оюмен өрнектелген үлкен табақ 6 мың теңге (32 доллар) тұрады. Түркіменстанда тігілген төсек жаймасы жиынтығын Анна Чернявская анасына арнап 5 мың теңгеге (27 доллар) сатып алды.

- Мұндағы бағаны арзан дей алмаймын. Мына бағаларға кез келген дүкеннен бірдеңе сатып аласың. Ақыры келдім ғой деп ала салдым. Дүкен аралауға уақытым жоқ. Мен іздеген тоқыма бұйымдарының түрі де онша көп емес екен, - дейді әйел.

Жәрмеңкеге дистрибьютер компаниялар да көп қатысты. Әдетте таныстары мен туыстары арасынан клиент іздеп сабылатын олар мына жәрмеңкенің арқасында клиентке қарық болды. Мұндай компаниялардың сөрелерінде көбінесе косметика, пластик ыдыс-аяқ және «ағзаны сауықтырады» деп айтылатын түрлі құралдар тұр.

Жәрмеңке ғана емес, Астананың сауда үйлерінің көбінде мереке қарсаңында сатып алушыларға жеңілдіктер ұсынып жатыр. Кейбір компаниялар косметика мен парфюмерияға 50 пайыз жеңілдік жасаймыз деп мәлімдеді. Бірақ Астана тұрғыны Гүлнәр Қайыпова:

Әйелдер мерекесіне арнап ұйымдастырылған жәрмеңке. Астана, 5 наурыз 2014 жыл.

Әйелдер мерекесіне арнап ұйымдастырылған жәрмеңке. Астана, 5 наурыз 2014 жыл.

- Жеңілдікті жарты бағасына жасамағанын кассада бір-ақ білесің. 40 пайыз болса жақсы ғой, кейде 20 пайыз ғана жеңілдік болып шығады. Мысалы, мен бір әтірді 4 мың 990 теңгеге - жарты бағасына, ал скрабты 1 мың 490 теңгеге алдым. Скраб арзанға түсетін шығар десем, оған жеңілдік аз екен. Бірақ бұл туралы еш жерде жазбаған, - дейді.

Астана әкімдігі сайтының хабарлауынша, әйелдер мерекесі құрметіне «Артем» қалалық базарында 8 наурызға дейін барлық тауар түріне 10 пайыздық жеңілдік жасалады. Бірақ жуырдағы 20 пайыздық девальвациядан кейін, жұрттың қалтасы бұл жеңілдіктен онша ұта қоймасы белгілі.

Бұл күндері көбі мерекелік бағдарлама ұсынатын клуб, дәмханалардың кіру билетінің бағасы 1 мың теңгеден (5 доллар) басталады. Кешкі ас мәзіріне қалтаңның қалыңдығына қарай тапсырыс беруіңе болады. Бір тағамның орташа бағасы – екі мың теңге (10 доллар) немесе одан да қымбат.

Кейбір сатушылар «8 наурыз кезінде тіпті жаңа жыл мерекесінен де көп пайда көреміз. Өйткені әйелдерге ер адамдар ғана емес, әйелдер де әпке-сіңлілеріне, анасына, құрбыларына сыйлық алады» дейді. Оның үстіне, көптеген компания, кәсіпорындар бұл күнді міндетті түрде мерекелейді.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG