Accessibility links

Қалтасы жұқа адамдардың көлік сатып алу машақаты


Бағасы 7-8 мың долларға дейінгі көлік іздегендерді қоятын шарты да көп емес: моторы жұмыс істеп тұрса, кузовының соғылған тұсы дұрыс жасалса болғаны - басқасын сұрамайды. Өйкені олардың дені 1987-1997 жылдары шыққан, яғни 20 жылдық «тарихы» бар, бірнеше рет соғылған, бірнеше рет иесі ауысқан көліктер.

Қыркүйектің 29-ы, яғни сенбі күні Алматы қаласынан шыға берістегі, Қаскелең кентінің жанында орналасқан «Барыс» автобазарына барғанымызда көлік сатушылардың да, алушылардың да қарасы аз көрінді. «Базардың саудасы жексенбіде қызады» десті базар ауызындағы алыпсатарлар.

«Шаруамызды бүгін-ақ бітіріп қайтамыз деп Тараздан келіп едік» деген Мұрат Ұлманов пен Жасұлан Берденовтер де:

- Бұрын сенбіде де базар қайнап жататын еді. Бүгін жібі түзу ештеңе байқай алмадық. 4-4,5 мың долларға көлік іздеп жүрміз. Көлігін асығыс сататын ақшаға мұқтаждар да көрінбеді, - деп кейін қайтты.

«20 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР КӨЛІКТЕР»

«Барыс» көлiк базарынның ішкі көрінісі. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

«Барыс» көлiк базарынның ішкі көрінісі. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Жексенбі күні таңғы сағат тоғыз шамасында «Баянауыл» базарына кірудің өзі қиындады. Ағылып келіп жатқан көліктердің жүрісін жол полициясының қызметкерлері реттеп тұрды.

Алыпсатарлар да «көліктерді базар аузынан қайтарып», арзанға сатып алуға кіріскен.

Көлік бағасының айырмасына орай автобазар бірнеше бөлікке бөлінеді. Бұл айырма әсіресе бағасы 7-8 мың долларлық авткөліктер сатылатын орын мен 20 мыңнан жоғары бағаланатын автокөліктер тұратын орыннан тез аңғарылады. 10 мың мен 20 мың доллар арасындағы көліктер көбірек орын алып тұр. Алайда алыс-беріс сауданың қызып жатқан жері - негізінен 2 мыңнан 7-8 мыңға дейін бағаланатын көліктер тұрағында.

Азаттық тілшісі бұл тұраққа жеткенде жауын жауа бастаған еді. Бірақ соған қарамай, таңмен таласа келіп, иін тіресіп тұрған көліктерді асты-үстін айналып, «тексеріп» жүргендер жеткілікті.

«ЕСКІ ДЕ БОЛСА ЖАҢА»

Сатушылардың бірі Шыңғыс Уәлиханұлы 1987 жылғы «Хондасын» 2500 долларға өткізгісі келеді. Оң жақ бұрылыс белгісінің орнында жабысқақ жабыстырылған «кәрі Хонда» оталған кезде алуан түрлі дыбыстар шығарады.
Шыңғыс Уәлиханұлы, көлік сатушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Шыңғыс Уәлиханұлы, көлік сатушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.


Шыңғыс Уәлиханұлы үш-төрт жыл бұрынғымен салыстырғанда көлік алушылар күрт азайып, ақшаның құны түсіп кеткенін, 90-жылдарғы «Аудидің» бағасы 2004 жылы алты жарым мың доллар болғанын, әлі де сол бағада тұрғанын айтты.

- 8-9 мың долларлық көліктерді халықтың қалтасы көтермейді. Жаңа көлік алуға жағдай жоқ. Жүк көлігін жүргіземін. Жалақым орта есеппен 60 мың теңге, - деді Шыңғыс.

Ол Алматыда пәтер жалдап тұрады. Оған қоса келіншегінің оқуына жылына 295 мың теңге төлейді.

- Кеден Одағына кіргелі баға қымбаттап кетті. Мәселен. Бішкекте 3 мың доларға 1998-2000 жылғы, рулі оң жақтағы сапалы көлік алуға болады. Жұрттар сөйтіп жатыр. Ай сайын жамап-жасқағанша шетелден бүгін келген «ескі де болса жаңа» көлік алған жақсы, - дейді ол.

«КӨЛІГІМ ЖАҚСЫ, БҰЗЫЛМАЙДЫ»

Көлік сатушылардың тағы бірі - зейнет жасындағы ақсақал бес-алты ай бұрын ғана сатып алған 1985 жылғы «Ауди-80-ін» екі мың долларға қайта сатып, баласына басқа көлік әпермекші. «Көлігім жақсы, бұзылмайды» деп мақтап қояды.

Көлік алмақ болып жүрген Ғалымжан есімді жігіттің іздегені «5 мың доллар шамасындағы, 1990-92 жылғы «Ауди С-4».

- Өзім құрылысшымын, одан тәуір көлікке шамам жетпейді, - дейді ол да.
Абдулла Нұрмаханов, көлік сатушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Абдулла Нұрмаханов, көлік сатушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.


«Жасым 25-те, сантехникпін» деген Абдулла Нұрмахановтың «Мицубиси-Галантының» зауыттан шыққанына 22 жыл болыпты, яғни өзімен құрдас деуге болады. Бұл «құрдасын» көлік қымбаттамай тұрғанда, яғни екі жыл бұрын екі мың долларға сатып алған көрінеді. Енді үш жарым мың доллар сұрап тұр. Саудасы келіссе, арзанырақ бермек.

Абдулланың көлігін сатып алмақ болып жүргендердің бірі Қалман есімді жігіт ағасы Ұзынағашқа қоныстанған оралман екен. Абдулланың көлігі бүгін сатылмаса, ертең сатып алмақ ойы бар. Осы базарда Қалманның өзінің де көлігі сатылып тұрған көрінеді.

- 1992 жылғы, 2,5 мың доллар сұрап тұрмын, - дейді ол.

Қалманға «өз көлігіңізден де ескісін сатып алмақсыз ба» дегенімізде, көлігін сатып тұрған Абдулла «менікі де аса ескі емес» деп күліп алды.
Қалман, көлік сатып алушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

Қалман, көлік сатып алушы. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.


Әскери қызметкермін деп танысқан Қанатбек Сұлтанов мұғалім әкесі ескі «Тойота-Каринасын» сатып, жаңа «Дэу-Нексия» алмақ екенін айтады.

- Зейнетақыға шығуына үш жыл бар, яғни әзірге ол кісіге кредит береді. Біз де 1-2 мың доллар қосып жатырмыз, - дейді ол.

Қанатбек Сұлтановтың айтуынша, қазір базардағы көлік бағасы автосалондардағы көлік бағаларына жақындап қалған. Қазақстанның Кеден Одағына кіргені көлікке мінгісі келетін қарапайым халыққа қиын тигенін айтқан Қанатбек Сұлтанов:

- Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кірсе, көлік бағасы түсетін шығар, - деген үмітін айтты.

«ДҰҒА ОҚЫП, АДЫРАСПАНМЕН АЛАСТАУ»

Аты-жөнін айтқысы келмеген автобазар қызметкерлерінің бірі Қазақстанның Кеден Одағына кіруіне байланысты 2011 жылы маусым айынан бастап шетелдік көліктерге салынатын кедендік баж салығы көтерілгелі базарда сатылатын сапалы көліктердің азайып бара жатқанын айтты.

- 8 мың долларға дейінгі көліктердің басым көпшілігі - Қазақстанда қолдан-қолға өтіп жүрген көліктер. Оны сатып алушылардың дені - ауыл қазақтары. Тіпті қымбаттарының да көбісі сол кезде әкелініп, енді саудаға түсіп жатқандар, - дейді ол.

Тағы бір сатушының айтуынша, бағасы арзан ескі көліктер тез сатылады, ал қымбат көліктердің өтуі қиын.
«Барыс» көлiк базарында адыраспанмен көлік аластап жүрген әйел. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.

«Барыс» көлiк базарында адыраспанмен көлік аластап жүрген әйел. Алматы, 29 қыркүйек 2012 жыл.


Оның айтуынша, көлігін тезірек сатқысы келгендер «дұға жасатып алады».

- Газет бетінде «жолыңды ашып беремін» дейтін тәуіптер көп. Соларға барсаңыз, көлігіңіздің қуыстарына «дұға оқылған» уақ-түйек зат салып береді. Ұзаса екі аптада көлігіңізден құтыласыз, - деп күледі ол.

Орталық Азия республикаларының бірінен келген бірнеше әйел де базардағы сатуға шығарылған көліктерді «адыраспанмен аластауды» кәсіпке айналдырғаны көрініп тұрды. Адыраспанды үйлеріне іліп қоятын ырымшыл қазақтардың кейбірі ақша берсе, кейбірі ұнатпай қарайды ондай әйелдерге.

«ҚЫТАЙ ДОҢҒАЛАҒЫ АРЗАНЫРАҚ»

«Барыс» базарынан шығып, Алматының ішіндегі қосалқы бөлшектер сататын «Баянауыл» базарына келгенімізде бұзылған көліктеріне бөлшек пен доңғалақ іздеп жүргендердің көптігіне тағы бір көз жетті.

- Алматыда соғысып, тұмсығын жапырып жатқан көлік көп. Әр бөлшегін бір іздеп шаршамас үшін шетелден көліктерді ортасынан кесіп әкелеміз. Мәселен, қатты соғылған көліктің тұмсығын кесіп тастайды да, орнына мына тұмсықты сала қояды, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген сатушылардың бірі.

Оның сөзіне қарағанда «Қазақстан Кеден Одағына қосылып, сырттан көлік кіргізбей қойғалы қосалқы бөлшектер саудасы тиімді бизнеске айналған.
Ұсақ-түйек сияқтанғанымен, миллиондаған доллар осы қосалқы бөлшекке жұмсалып жатыр.

- Ұсақ-түйек сияқтанғанымен, миллиондаған доллар осы қосалқы бөлшекке жұмсалып жатыр, - дейді ол.

Доңғалақ сататын Ерлан Мергенбаев «доңғалақ саудасы қар түскеннен кейін басталатынын» айтты. Оның айтуынша, шетелде жарамсыз саналған доңғалақтарды Қазақстанда негізінен қалтасы жұқа адамдар алады. Бірақ ол әрі кетсе екі жылдан кейін тозып, тағы алуға мәжбүр болады. Айналып келгенде жаңа доңғалақтан да қымбатқа түседі.

- Базардағы доңғалақтардың 50 пайызы - Қытайдікі. Қалған 50 пайызы Жапониядан келеді. Бірақ ол да Қытай арқылы жетеді. Қытай доңғалақтары арзанырақ әрі өтімдірек, - дейді Ерлан Мергенбаев.

Бұл тақырыпты автордың Facebook-тегі жеке парағында да талқылай аласыздар.
  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG