Accessibility links

Шикізатқа тәуелді экономиканың банктері де әлсіз


Теңге. (Көрнекі сурет)
Теңге. (Көрнекі сурет)

Ұлыбританиялық басылым қаржы және құрылыс дағдарысынан кейінгі Қазақстан банктерінің неліктен әлі заемнан құтыла алмай, сенімді несие алушылар таба алмай отырғанына талдау жасайды.


Financial Times («Файнэншл таймз») газеті қарашаның 1-і күнгі санында Қазақстан үкіметі мұнайдың қайта өсе бастаған бағасының арқасында қаржылық дағдарыстан есін жия бастады деп жазады. Орталық Азиядағы ең ірі экономиканың жалғыз қозғаушы күші де осы табиғи шикізат екенін еске сала кетеді мақала авторы Изабел Горст.

ДОТАЦИЯҒА СҮЙЕНГЕН БАНКТЕР

Алайда Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сипаттауынша елдің экономикалық ахуалын айна-қатесіз дәл көрсетіп тұратын Қазақстандағы банк жүйесі әлі де өте шатқалақ және болашақта сырттан жететін қаржылық соққыларға өте төзімсіз.

Financial Times басылымының жазуынша, өткен апта Алматы мен Астананы аралап қайтқан ХВҚ мамандары тиімді мұнай бағасы мен былтырғы қуаңшылықтан соң қалпына келген ауылшаруашылық өнімдерінің көлемін ескере отырып Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 2011 жылы 6,5 пайызға дейін артады деп болжаған. Елдің 72,5 миллиард АҚШ долларына тең алтын-валюталық қоры мен шапшаң өсіп бара жатқан ұлттық мұнай қорында сақталып тұрған 40 миллиард долларын қосып есептегенде Қазақстанның қаржылық жағдайы жап-жақсы болып көрінеді.

«Бірақ қазақ банктері мұндай көз қуантатын макро-экономикалық нәтижеге ешқандай үлес қоса алмайды. Ғаламдық қаржы дағдарысына дейін жарқырай қызмет көрсетіп келген бұл институттарды 2009 жылы үкімет дотация арқылы құтқарып қалды, сөйтіп оларға қисапсыз көп алынған шетелдік несие ақшасын қайта құрылымдауды бұйырды. Қазір бұл банктер тиімсіз шартты шетелдік несиенің ауыртпалығын тартып, сенімді несие алушылар іздеп шарқ ұрып жатыр» деп жазады мақала авторы.

Ал ХВҚ мамандарының ойынша, шетелдік қарызын қайта құрылымдап, ұлттық қордан дотация алғанына қарамастан қазақ банктерінің жағдайы мәз емес. Халықаралық стандарттар бойынша да бұлар кезінде көптеп алып қойған мерзімі өткен несиенің көлемі өте зор. Әуел баста жоғары деңгейде болжанып, кейін жүзеге аспаған пайыздық түсім, қайта құрылымданған қарыз ақшаның тым көптігі және мардымсыз кіріс бұл банктердің қандай да бір сырттан келетін қаржылық соққы алдында дәрменсіз екенін көрсетеді.

ҚАЗАҚСТАН БАНКТЕРІНІҢ КЛИЕНТТЕРІ

Автордың жазуына қарағанда Қазақстанның ең үлкен инвесторлары болып отырған мұнай компанияларында өздерін қаржыландыратын қосымша қор көздері жетеді. Сондықтан олар қаржыға мұқтаж бола қалған күннің өзінде Қазақстан банктерінен қарызға ақша алмайды.

Ал дағдарысқа дейін банктердің негізгі клиенті болып келген құрылыс компаниялары мен жылжымайтын мүлік сатушылар 2008 жылғы осы саладағы құлдыраудан соң қимылсыз қалған.

Бір кездері несиені оңды-солды таратқан банктер енді артық қадамға бармай қорқып отыр. Әзірше үлкен қаржылық соққының болмауының арқасында қазақ банктері бұл сүрлеуде біраз уақыт сүйретіліп жүріп, ақырындап қалпына келуі мүмкін дейді ХВҚ мамандары.

Қазақ үкіметі өз банктері үшін тиімсіз қарыз ақшадан құтылу кезінде салық кедергілерін азайтып, олардың төменгі шекті капиталдарына қатысты талаптарды күшейтті.

ШАҒЫН БИЗНЕС - БАНК ҚҰТҚАРУШЫСЫ

Бірақ қаржы дағдарысының екінші толқыны мемлекеттің берген көмегі мен банк жүйесін жақсартуға үшін жасалған әрекеттерге қарамастан банк саласын аз уақытта қиратып өте шығуы әбден мүмкін дейді мақала авторы. Сондықтан банктерге қатысты «шұғыл түрде құтқару жоспары» жасалып, алынған, я алынатын заемге инвестициялық талдау жасауды міндеттеу қажет деп санайды басылым авторы.

Оларды тиімсіз заемнан құтқару және акционерлер мен ұлттық қорлардың есебінен банк капиталын толықтыру да үкімет шұғыл түрде қолға алуы тиіс шаралар.

Қазақстандағы банктердің болашағы үкіметтің экономиканы сәтті жолмен әр түрлі салада түрлендіру жоспарына тұтастай тәуелді. Үкімет мұнай мен газ саласынан бөлек шағын бизнестің гүлденуіне жол ашатын болса, банктен несие алып жұмыс бастайтын клиенттер де көбейер еді деп санайды мақала авторы.

«Болашақта жоғарыдан дұрыс басқару, қоғамдық институттарды ашық, әділ құру ісі қаржы саласын қалпына келтіру әрекетімен қатар жүретін болса, елге жаңа инвесторлар тартылып, Қазақстан үшін өркендеудің жаңа мүмкіндіктері туар еді» дейді ХВҚ мамандары.
XS
SM
MD
LG