Accessibility links

Жалған ақшаны қалай тануға болады?


Банк қызметкері 10 мың теңгелік банкноттарды арнайы құрылғымен тексеріп жатыр. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Банк қызметкері 10 мың теңгелік банкноттарды арнайы құрылғымен тексеріп жатыр. Алматы, 4 ақпан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ұлттық банкінің сайтында жергілікті валютаның қорғаныш элементтері туралы ақпарат жоқтың қасы. Бұл кемшіліктің орнын Азаттық сайты толтыруға тырысады.

Қарашаның 21-і күні Қазақстанның қаржы полициясы „Алматы облысында жалған ақша жасаумен айналысқан екі топтың қылмыстық әрекеті әшкереледік” деп хабарлады. Осы ведомствоның ақпаратына сәйкес, қарашаның 8-і күні Іле ауданында жалпы сомасы 90 мың теңге болатын номиналы 500 және 2000 теңгелік 72 жалған купюраны өткізуге тырысқан үш ер адам ұсталған.

Полицияның хабарлауынша, астыртын шеберханадан күміс түстес фольга қағазының екі орамы, крахмалданған қағаз, процессор, ноутбук және жалған ақшаға сутамғы белгілерін басу үшін арнайы қолдан жасалған аппарат, номиналы 2000 және 5000 теңгелік ақшаның сканерден өткізілген бейнесі сақталған флэшкарта табылған.

Банкноттардың сапасын жақсартуға, олардың дайындау барысында озық технологияларды қолдануға қарамастан, әлемде жалған ақшалардың көлемі өсіп барады.

Әдетте көбіміз қолма-қол ақшаның номиналына қараймыз да, оның қорғаныш элементтеріне назар аудара бермейміз. Қажет деп тапсақ қана банкнотты жарық көзіне ұстап көріп, сутамғы белгісін тексерумен шектелеміз. Көбінесе банкнот бетінде кедір-бұдыры, яғни бедерлі таңбасы бар-жоғын білу үшін ақшаны саусағымызбен сипалап көруден аспаймыз.

2008 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 15 жыл толуына орай шығарылған 5 мың теңгелік банкнот.

2008 жылы Қазақстан тәуелсіздігіне 15 жыл толуына орай шығарылған 5 мың теңгелік банкнот.

Қазіргі кезде ақша шығарудың жаңа технологиялары жетілдіріліп, банкноттарға енгізілетін қорғаныш элементтерінің саны оннан асты. Олардың арасында қорғаныш жібі мен талшық үзіктер, көзге көрінбейтін мөр мен ойықтар, құбылмалы бейнелер, самұрық құс бейнесіндегі сутамғы белгісі, фольгамен өрнектеу, кипп-эффект (арнайы жарық түсіргенде көрінетін таңба – ред.), голограмма сияқты элементтер бар.

Бұдан бөлек, банкнот әзірленетін материал да ескеріледі. Арнайы қағаз аса жоғары сапалы және төзімді болуы тиіс. Сондықтан ақша жасалатын қағазға мақта немесе зығыр талшығын қосады.

Соңғы кезде кейбір елдер пластик ақша шығара бастады. Тез тозбайтын оларды пайдалану мерзімі 3-4 есе ұзақ. Пластик ақшаны Австралия, Сингапур, Канада және басқа елдер пайдаланады. Бірақ бұл банкноттардың бір кемшілігі – олардың қорғаныштық деңгейі төмен.

ЖАЛҒАН ТЕҢГЕНІ ТАНУ ЖОЛДАРЫ

Жалған ақшаны тану үшін банкноттардың қорғаныш элементтерін білген жөн.





Эмиссиялық орталықтардың көбі – мемлекеттік, орталық немесе ұлттық банктер өз сайттарында банкноттардың қорғаныш элементтерінің сипаттамасын береді.

Мысалы, Беларусьтің ұлттық банкі, Ресей орталық банкі айналымда жүрген ақшалардың қорғаныш элементтерінің толық сипаттамасын жариялайды.

Өкінішке орай, Қазақстанның ұлттық банкінің сайтының „Ұлттық валюта” бөлімінде банкнотта не басылғаны жөнінде қысқаша сипаттама ғана берілген, ал оның қорғаныш элементтері туралы ақпарат жоқ.

Банкоматтан ақша алып тұрған әйел. Almaty, 21маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Банкоматтан ақша алып тұрған әйел. Almaty, 21маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Әрине, әр қазақстандық қолма-қол ақшаны банкоматтан алу немесе пластик картаның көмегімен есеп айырысу арқылы сақтана алады. Бірақ кім болса да „жалған ақшаға алданып қалмаймын” деп толық сеніммен айта алмайды.

Қазақстандықтардың жалған ақшадан сақтану жолдары қандай? Мысалы, Алматы қаласының тұрғыны Асқар Шалманов банкноттағы сутамғы белгісі мен металл жолақты тексерумен шектелетінін айтады.

- Осы кезге дейін жалған банкнотқа тап болып көрген жоқпын. Егер ондайға кез келіп жатсам, бірден полицияға хабарлаймын. Оның өзінде де егер қолдан жасалған бес немесе 10 тың теңгелік банкнот кездесіп қалса ғана. Ал бір мың теңгелік болса, тастай саламын, - дейді ол.

Алматы тұрғыны Арсен Хайыров Азаттық тілшісіне 2012 жылы номиналы бір мың теңгелік жалған банкнотқа тап болғанын айтады.

- Әлгі купюра тексеретін аппараттан өтпей қалмағанда, оның жалған ақша екенін білмес те едім. Оны маған Алматы барахолкасындағы базарлардың бірінде тұрған саудагер „сдачаға” берген. Сауда нүктесін тексеру үшін полиция шақырдық. Ары қарай не болғанын білмеймін,- дейді ол.

Арсеннің айтуынша, „Қазақстанның 500 теңгелік және бір мың теңгелік купюрасындағы қорғаныс қабаты әлсіз. Олардың арасындағы жалған ақшаны бірден айыра алмайсың. Ал екі мың, бес мың және 10 мың теңгелік купюралардың қорғаныш қабаты өте мықты".

ЖАЛҒАН АҚША ЖАСАУДЫҢ ЖАЗАСЫ

Банкнот шығару технологиясы жетілген сайын оларды қолдан жасаудың да айла-тәсілдері жетіле түседі. Егер бұрын банкноттың суретін қолдан салу кең 2006 жылы шыққан 10 мың теңгелік банкнот.

2006 жылы шыққан 10 мың теңгелік банкнот.

таралған әдіс болса, қазір жалған банкноттарды фотографиялық, электрографиялық, полиграфиялық және екі рет көшіру әдістері арқылы жасайды.

Қазақстан мамандарының айтуынша, қолдан жасалған теңгенің сапасы жылдан жылға жақсарып, оны нағыз ақшадан айыру қиындап барады.

Қазақстанның қылмыстық кодексіне сәйкес, жалған ақша жасап, өткізумен айналысқан тұлғалардың мүлкі тәркіленіп, өздері 5 жылдан 15 жылға дейін сотталады. Бірақ заң қанша қатал болғанымен, қолдан ақша жасаушылар азаяр емес.

Қаржы полициясының деректеріне қарағанда, былтыр номиналдық құны 40 миллиондай теңге болатын жеті мыңнан аса жалған банкнот тәркіленген. Қаржы полициясы 15 астыртын цехты әшкерелеп, жалған ақша жасау фактілері бойынша 2 мың 800 қылмыстық іс қозғаған. Биыл сәуір айында Қарағандыда номиналы екі мың теңгелік ақшаны өткізуге тырысқан Теміртау қаласының екі тұрғыны ұсталды.

Қазақ теңгесінің кейбір үлгілері өзінің дизайны мен қорғаныштық қабілеті жағынан әлемдегі ең сәтті жасалған купюра болып есептеледі. Халықаралық банкнот қоғамдастығының (IBNS) конкурсында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап шығарылған 10 мың теңгелік қазақстандық естелік банкнот «2011 жылдың ең үздік банкноты» деп танылды. Ал 2012 жылы 5 мың теңгелік ақша осы халықаралық конкурстың жеңімпазы атанды.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Қағаз ақшаның қызмет ету мерзімі әртүрлі. Ұсақ номиналды теңгелер 6-9 ай, орташа номиналды купюралар – 3 жылға дейін, жоғары номиналдар 5 жылға дейін „өмір сүреді”. Ақша басып шығарудың да өз құны болады: бір мың банкнотты шығаруға 40 пен 200 доллар аралығында қаржы жұмсалады.

Банкнотты шығару құны қағаздың сапасы мен банкноттың қорғаныш дәрежесіне қарай белгіленеді. Қазіргі кезде ақша шығару қымбаттап бара жатқаны байқалады. Мысалы, 1999 жылы АҚШ-та 1 долларлық купюраны шығару 4 цент, 2000 жылы – 5 цент, 2005 жылы – 6 цент тұрса, ал биыл 14 цент болды.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Руслан Меделбек қатысты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG