Accessibility links

Таяу Шығысты аңдып отырған БАҚ Сауд Арабиясындағы ахуалды «көрмей қалады»


Сауд Арабиясының Қатиф қаласындағы шерушілер мен полиция қақтығысы. 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Сауд Арабиясының Қатиф қаласындағы шерушілер мен полиция қақтығысы. 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

Сауд Арабиясының Қатиф қаласында шерушілермен қақтығыс кезінде қауіпсіздік қызметкерлері төрт адамды атып өлтірген. Осыған дейін бейтараптығы арқылы бедел жинаған «әл-Жазира» осы оқиғаны жұмсартып көрсетсе, басқа батыстық БАҚ мүлдем байқаған жоқ деп жазады ұлыбританиялық басылым.


Араб тілді қызметіне қарағанда әлдеқайда озық жұмыс жасайтын ағылшын тіліндегі «әл-Жазира» телеарнасының өзі Қатифтегі қақтығыстың себептерін ашып көрсетуге құлықсыз деп жазды Guardian («Гардиан») газеті қарашаның 28-і күні.

Басылым авторының жазуынша, жергілікті араб теле-, радиоарналары ешқашан бейтарап болып көрмеген еді. Бірақ өткен аптада Сауд корольдігінде болған бір оқиға олардың біржақты хабар тарататынын көрсетіп берді.

«КЕЗДЕЙСОҚ АТЫС»

Қарашаның 19-ы күні Сауд Арабиясының Қатиф қаласында 19 жастағы Насыр әл-Мхейши есімді жас жігіт полиция қолынан оққа ұшады. Билік өкілдері оның мүрдесін туыстарына қайтарып беруден бас тартқан соң, наразылық шарасы келесі күні қайта жалғасқан. Келесі күнгі шеруде полицейлер Әли әл-Фелфел есімді тағы бір жігітті атып тастады. Сәрсенбі күні де тоқтамаған толқу кезінде тағы екі адам көз жұмды.

Бейсенбі күнгі жаңалықта барып «әл-Жазираның» араб тілді телеарнасы «екі кісінің өлімі» туралы ғана айтып өтеді. Бірақ олар «полицейлер қорғануға мәжбүр болып, амалсыз оқ атқан» деген Сауд билігінің ресми ақпаратын қайталап шықты. Қаза болғандардың бәрі - түсініксіз атыс кезінде жәй ғана кездейсоқ оқ тиіп өлгендер. Бар болғаны сол дейді журналист.

«БӘРІНЕ ИРАН КІНӘЛІ»

Кейін бұл ресми ақпаратта Иранның аты атала бастады. Сауд үкіметі Қатифтегі ереуілге «шетелдіктерге арқа сүйеген күштер» кінәлі, олар қара халықтың арасына сіңіп алып, елдің ішіне іріткі салып отырған өте қауіпті күштер деп айыптап жатты деп жазады мақала авторы. Халық толқулары басталған кезде Бахрейн үкіметі де осындай көзқарас ұстанған еді.
Иранды негізсіз айыптау арқылы Сауд Арабиясы мен көрші елдер отпен ойнап отыр. Бүйте берсе Иран расында да қатерге айналып кетуі мүмкін

Наурыз айында Сауд Арабиясы Бахрейнге Иранды сылтау қылып әскер жіберген. Бұл жолы да сол сылтау пайдаға аса кетті. Иранды негізсіз айыптау арқылы Сауд Арабиясы мен көрші елдер отпен ойнап отыр. Бүйте берсе Иран расында да қатерге айналып кетуі мүмкін. Себебі араб елдері халқының наразы бөлігін Тегераннан қолдау іздеуге итермелеп жатыр деп ескертеді Guardian.

Саудиялық билік Қатифтегі наразы жұртты басбұзар етіп көрсету арқылы, осында тұратын шииттердің алда келе жатқан мухаррам айындағы кез-келген бас көтеруін осы «заңсыз әрекеттің жалғасы» етіп жанши бермек деп пайымдайды автор.

«ӘЛ-ЖАЗИРА» ЖҮРІСІНЕН ЖАҢЫЛДЫ

Араб тілді баспасөз Сириядағы наразылықты, Египеттегі ахуалды және Мароккодағы сайлауды егжей-тегжейлі түрде жазғанымен Сауд Арабиясындағы адам өліміне келгенде үнсіз қалады деп санайды автор. «Әл-Жазираның» ағылшын тілді телеарнасы да Қатифтегі жағдайды шала-шарпы хабарлайды. Бұл арнаның редакциялық еркіндігіне ешкім қол сұқпайды. Сауд Арабиясының Әли әл-Ахмед сияқты оппозиция мүшелері араб арналарынан аласталса да, ағылшын тілді «әл-Жазирада» жиі көрінеді.

Оқиғаның шынайы, боямасыз көрсетілуі жағынан араб тіліндегі арнадан гөрі сапалырақ болса да, ағылшын тілді «әл-Жазира» Қатифтегі қазалардың себебін қазбалаған жоқ. Қауіпсіздік күштері қолданған қатігез әрекеттерді ешқандай оператор камераға түсірмеген. Болған оқиғаға түсінік беретін құқық қорғау ұйымдарының бірде-бір мүшесінен сұқбат алынбады.

Араб тілімен салыстырғанда ағылшын тілді арналарда бұрмалау барынша аз байқалуы керек еді. Алайда ағылшын тілді «әл-Жазира» YouTube-тегі жаңалықтарында комментарий жазуды шектеуге дейін барды. Бахрейндегі толқу кезінде болған қатігездік туралы бес бейнематериалдың астына пікір жазуға шектеу қойылды. Бірақ дәл сол күндері интернетке олармен бірге салынған Сирия, Иемен, Египетке қатысты видеоматериалдарға аудитория еркін түрде коммент жазып жатты дейді автор.

Ал Сауд Арабиясында орналасқан «әл-Арабия» телеарнасы Қатифтегі қайғылы оқиғалардың тігісін жатқызып, ішкі істер министрлігінің мінберіне айналды деп айыптайды мақала авторы. Бұл туралы батыстық BBC мен CNN де жақ ашқан жоқ. Дәл осы жағдай Ливияда, Египет пен Сирияда болса, әлемдік БАҚ басқаша назар аударар еді деген пікір айтады басылым.

«Әл-Жазираның» ағылшын тілді арнасы осыған дейін мақтанышпен айтып келген «барлық тарап, барлық көзқарас, әрқашан» деген ұранын енді «барлық тарап, барлық көзқарас, анда-санда» деп өзгерту туралы ойлана берсе дұрыс болар еді деп қорытындылайды мақала авторы.
XS
SM
MD
LG