Accessibility links

Астана БҰҰ комитеті шешімін орындаудан бас тартты


Олег Евлоев (оң жақта) сот залында отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.
Олег Евлоев (оң жақта) сот залында отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл.

Астанада кәсіпкер отбасын өлтіріп, өмір бойға сотталған Олег Евлоевтің ісі басқаша өрбіп жатыр. Сот БҰҰ комитетінің Евлоев пайдасына шығарған шешімін орындаудан бас тартты. Адвокат соттың бұл әрекетіне қарсы шағым түсірді.

Сарыарқа аудандық соты Олег Евлоевке Астана қаласы ішкі істер департаментінен (ІІД) «азаптады» деп моралдық өтемақы өндіріп беруден бас тартты. Евлоевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев соттың мұнысын негізсіз шешім деп санайды.

2008 жылдың қазан айында Астананың элиталық Шұбар ауданындағы кәсіпкер Марат Есемсейітовтің пәтерінен қанға бөккен әйелі мен кішкентай үш баласының денесі табылған еді. Суық хабар ел арасына тез тарады. Бұл қылмыс бойынша Есемсейітовтің бұрынғы серіктесі, «бизнестегі әріптесі әрі қарыз берушісінің көзін жойғысы келген» Олег Евлоев күдікке ілінген.

Биыл ақпанда БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті «тергеу кезінде Олег Евлоев азаптауға ұшыраған» деп тапты. Бірақ Астана БҰҰ-ның шешімін орындаудан бас тартты. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, қазіргі Қазақстан тарихында мұндай жағдай алғаш рет болып отыр.

ТҰТҚЫННЫҢ КҮРЕСІ

Олег Евлоев Астана ІІД-нен 100 миллион теңге (550 мың доллар шамасында) моральдық өтемақы талап еткен.

Олег Евлоевтің әкесі Исса Евлоев. Астана, 12 мамыр 2010 жыл.
Олег Евлоевтің әкесі Исса Евлоев. Астана, 12 мамыр 2010 жыл.

Тұтқын Олег Евлоевтің әкесі, 74 жастағы Исса Евлоевтің айтуынша, шілде айында Жітіқара кентіндегі түрмеде отырған ұлымен соңғы кездесуінде ұлы «Астана қаласы ІІД-нен өтемақы өндіру керек» деп айтқан.

- Әйелім қайғы мен құсадан қайтыс болды, ұлым қалған өмірірін түрмеде өткізеді. Онымен жылына бір рет бір жарым сағат қана кездестіреді. Әділдік іздеуден басқа қандай амалым бар? Енді осы іспен айналысамын. Мүмкін БҰҰ-ға тағы да шағымдануға тура келетін шығар, - дейді Исса Евлоев.

Бір қарағанда, Қазақстан билігі БҰҰ-ның азаптауға қатысты шағымды қайта тексеру және өтемақы төлеу туралы шешімін орындауы тиіс сияқты көрінеді. Бірақ Евлоевтің ісіндегі жаңа жайттар бұл елдің азаматтарына халықаралық заң араша түссе де, Қазақстан билігі позициясынан қайтпайтынын көрсетті.

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, Қазақстан тиісті халықаралық құжаттарға қол қойғандықтан әрі мұндай шешімдер ұсыныс емес, орындалуы тиіс болғандықтан, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімін Қазақстан бұлжытпай орындауы тиіс.

- БҰҰ комитеттерінің шешімдері міндетті түрде орындалуы тиіс, - дейді Нұрлан Бейсекеев.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, бұған дейін БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті Қостанай қаласының тұрғыны Александр Герасимовтың осындай шағымы бойынша шешім шығарып, ол орындалған.

ОМБУДСМЕН КЕҢСЕСІНІҢ КОММЕНТАРИІ

Азаттық тілшісі Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық басшысы Вячеслав Калюжныйға «Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің шешімін орындауға және Олег Евлоевке азаптау арқылы келтірілген зиянның өтемақысын төлеуге міндетті ме?» деген сұрақтар жолдады.

Ұлттық орталық «азаптауға қарсы конвенция мен азаптауға қарсы комитеттің жұмысын реттейтін өзге құжаттарда комитет қабылдаған шешімдер міндетті түрде орындалуы тиіс деген императивті нұсқаулар жоқ» деп жауап берді.

Орталық «Бірақ мемлекет аталған конвенцияға қосылу арқылы азаптауға қарсы конвенция талаптарын орындау туралы міндеттемелер алды» деп түсіндіреді.

Евлоевтің Астана қаласы ІІД-не қарсы азаматтық талап-арызына қатысты бұл орталықтың жауабында «жоғарыда баяндалған жайттарға байланысты өтемақы тағайындау өкілетті органдары арқылы тиісті шешім қабылдайтын мемлекеттің құзырында екенін хабарлаймыз» деп жазылған.

Ал Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылы қазанның 21-і шығарған қаулысында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің Евлоевтің Астана қаласы ІІД-не қарсы талап-арызы негізінде шығарған шешімі туралы ештеңе айтылмаған. Сарыарқа аудандық сотының судьясы Руслан Мәжитов «моральдық өтемақы өндіру туралы» өтініш «толық қанағаттандырылмасын» деген шешім шығарған.

Соттың бұл шешіміне байланысты ұлттық орталық «Қазақстан Республикасының конституциясы мен заңдарына сәйкес, соттардың шешімдері мен әрекеттеріне баға беру Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық құзырына кірмейді» деп жазған.

БОЛЖАМ

Евлоевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.
Евлоевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

Адвокат Нұрлан Бейсекеев Азаттық тілшісіне «егер аппеляциялық алқа Сарыарқа аудандық сотының шешіміне қарсы түсірген шағымымызды қолдамаса, жоғары сатыдағы бүкіл сот инстанцияларына арызданамыз» дейді. Олег Евлоевтің әкесі де «БҰҰ-ға екінші мәрте шағымдануға әзірміз» дейді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис те осындай болжам жасайды.

- Қазір БҰҰның азаптауға қарсы комитетінің шешімін елемей отырған шенеуніктер өз-өзін тығырыққа тірейтінін түсінбейді. Өйткені сотталған Олег Евлоевтің талап-арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы сот шешіміне қатысты БҰҰ-ға шағымдануға болады. Сол кезде қазақстандық шенеуніктердің БҰҰ комитетінің алдында не деп ақталатынын білгім келеді, - дейді Евгений Жовтис.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы басшысы Анар Ибраеваның айтуынша, БҰҰ комитеттерінің шешімдері арыз иесі ғана емес, Қазақстанның қалған азаматтары үшін де маңызды. Өйткені өз еркімен алған міндеттемелеріне сәйкес, келешекте мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін мемлекет заңдарын, практикасын өзгертуі тиіс». БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясына 1998 жылы қол қойған Қазақстан азаптауға қарсы халықаралық заңдарды мойындап, БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімдерін орындауы тиіс.

Өмір бойға бас бостандығынан айырылған Олег Евлоев жазасын Қостанай облысының Жітіқара кентіндегі түрмеде өтеп жатыр. Сот қатыгездікпен кісі өлтіруге қатысты деп таныған Дмитрий Тян 25 жылға сотталған. Сотта Евлоев қылмысты мойындату үшін тергеу кезінде азаптауға ұшырағанын дәлелдеуге тырысқан. Дмитрий Тян екеуі тағылған айыпты мойындамайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG