Accessibility links

Құқық қорғаушылар кодекстегі өзгерістен қауіптенеді


Сотта отырған журналистер мен адвокаттар және айыпталушылар. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Сотта отырған журналистер мен адвокаттар және айыпталушылар. Алматы, 28 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет).

Құқық қорғаушылар азаматтардың мүддесін жоғары деңгейлі сот инстанцияларында қорғау құқығынан айыратын шектеулер енгізілуі мүмкін деп алаңдайды. Заңға енгізілетін түзетулер жобасы парламентке желтоқсан айында түседі.

Азаматтық процессуалдық кодекске енгізілетін түзетулер жобасы Қазақстанның жоғарғы соты сайтында жарияланған. Жобаға сәйкес, енді жоғары заңдық білімі бар тұлғалар тараптардың мүддесін төменгі сот инстанциясында ғана қорғай алады. Ал сот шешіміне қатысты шағымдану және шағымды жоғарғы сотта қарау процесінде азаматтардың мүддесін қорғаумен лицензиясы бар адвокаттар ғана айналыса алады.

Жоғарғы сот сайтында «Бұл өзгеріс клиенттерінен ақша алып, кейін түк бітірмей қоятын заңгерлерден азаматтарды қорғау үшін енгізілмек. Олар ешқандай жауапкершіліктен қорықпайды, ал адвокат лицензиясымен жауап береді» деп жазылған. Кейбір сотталушылардың мүддесін көбінесе коммерциялық мақсатпен емес, азаматтық ұстанымына сәйкес қорғайтын құқық қорғаушыларды бұл өзгеріс алаңдатады.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі әрі заңгер Анастасия Миллердің айтуынша, егер жаңа азаматтық процессуалдық кодексті бұл түрінде қабылдаса, ұйым өкілдері қаралатын істерге қатысу мүмкіндігінен айырылады.

Миллердің айтуынша, қазір Қазақстанда құқық қорғаушылардың бәрі бірдей заңгер емес әрі құқық қорғаушы болу үшін міндетті түрде заңгер болу шарт емес. Бірақ, оның айтуынша, жоғары заңдық білімі бар құқық қорғаушылардың өздері де енді клиентерін алғашқы сот инстанциясында ғана қорғай алады.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының Қостанай облыстық филиалының жетекшісі Анастасия Миллер. Алматы, 26 маусым 2013 жыл.

- Апелляциялық шағымдану сатысында біз соттардың шешіміне қарсылық білдіре алмаймыз. Бұдан былай істерді қараудың бұл сатысына заң білімі бар заңгерлерді жібермейді. Мұны азаматтардың заңмен қорғану құқығын өрескел бұзу деп санаймын. Адамда таңдау еркі болуы тиіс. Құқық қорғаушылардың тегін көмегіне зәру адамдар өте көп. Біз қыруар ақша талап ететін адвокаттық кеңселер сияқты клиенттерімізден ақша алмаймыз, - дейді Анастасия Миллер.

Оның айтуынша, құқық қорғаушылардың көмегіне көбінесе адвокаттың қызметін төлеуге шамасы жоқ адамдар жүгінеді. Ал жаңа азаматтық процессуалдық кодекс қабылданғаннан кейін олардың кімнен көмек сұрайтыны белгісіз.

- Егер адвокат кеңсесінде тіркелмеген әлдебір тұлғалар тарапынан соттағы істерді жауапсыз жүргізу фактілері тіркелсе, оларды жауапқа тартудың белгілі бір механизмі бар емес пе. Олай болса, адамдардың соттағы өкілін таңдау құқын шектеудің орнына әлгі механизмдердің неліктен жұмыс істемейтінін сұрау керек қой, - дейді Анастасия Миллер.

Интернеттегі әлеумет азаматтық процессуалдық кодекске енгізілетін түзетулер жобасы жарияланған жоғары сот сайтында «азаматтық істерге қатысты өтетін соттарда өкілдік ету құқығын адвокаттық лицензиясы бар-жоғына қарамастан, жоғары заң білімі бар азаматтардың бәріне беру керек» деп жазады.

Республикалық адвокаттар алқасы түзетулер жобасына қатысты комментарий бермеді. Ұйым төрағасы Әнуар Түгелдің Facebook парақшасына жолданған сауал да жауапсыз қалды. Адвокаттар алқасының комментарий беруден бас тартқан басқа адвокаттары «ұйыммен керіскіміз келмейді» деген уәжбен тіпті аты-жөндерін де атамауды өтінді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG