Accessibility links

Билікке жақпайтын белсенді ісіндегі «тергеу құпиясы»


Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың жақтастары оларға шыққан үкімге наразы болып тұр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың жақтастары оларға шыққан үкімге наразы болып тұр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, тоталитарлық режимдер «тергеу құпиясы» туралы бапты қолшоқпар ретінде пайдаланады. Олардың айтуынша, билікке жақпайтын белсенділер мен журналистердің үстінен қозғалған істерді тергеуге қатысты жайттарды орынсыз құпиялау оларды қоғамдық пікірге жүгіну құқынан айырады.

Өзін «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісімін» деп атайтын Мұрат Телібеков – жарияланбаған «Ветер с улицы» кітабының авторы. Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев осы кітаптан «үзінді жариялады» деген айыппен үш және екі жылға сотталған. Істі тергеу амалдары кезінде Мұрат Телібековке сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламауды міндеттеген.

Телібековтің мәлімдеуінше, «Сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол бермеу» бабында дискриминациялық сипат бар. Ол «бұл бап – тергеу органдарының қысымды күшейтуіне мүмкіндік беретін жақсы сүйеніш болды» дейді.

Мұрат Телібеков. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.
Мұрат Телібеков. Алматы, 8 қаңтар 2016 жыл.

– Кейде тіпті тергеу сатысындағы жүгенсіздік пен қорлау әрекеттеріне тап болған адамның мұны әлеуметке жария етуден өзге қорғанатын амалы қалмайды, – дейді Мұрат Телібеков.

Мұрат Телібеков «сотқа дейінгі тергеу деректерін жарияламауды міндеттеген қолхатпен қол-аяғымды матап тастағандықтан, маған көрсеткен қорлықтарын журналистер мен жұрт түгілі, ішкі істер министрлігіндегі жоғарғы басшылыққа да жеткізе алмадым» дейді.

Қазақстанда құқық қорғаушылар мен адвокаттар қылмыстық-процессуалдық кодекстің «Сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол бермеу» туралы 201-бабын бір жақты көлік қозғалысы бар көшеге теңейді. Өйткені бұл бапты қолдану прокуратура мен тергеу органдарының заңсыздыққа жол беруіне мүмкіндік береді, ал айыпталушы мен оның адвокаттарына сотқа дейінгі тергеу амалдары жайлы қоғамға ақпарат таратуға тыйым салады.

ҚЫСЫМ ҚҰРАЛЫ МА?

Бүгін Алматыда өткен, «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева мен адвокат Айман Омарова да қатысқан баспасөз жиынында белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис «қылмыстық-процессуалдық кодекстің сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтіні туралы бабында қолданылатын түсініктердің бұлыңғырлығы тергеу органдарының бұл бапты қысым құралына айналдырып, оны өз қалауынша түсінуіне мүмкіндік береді» деп мәлімдеді.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис. Алматы, 3 тамыз 2015 жыл.

– Кейінгі жылдары біздің елде алдын ала тергеу органдары мұның бәрін барынша кең түсініп, бәрін құпияландырып тастайтын болды. Яғни олар алдын ала тергеу амалдарына қатысты жайттарды жарияламау жайлы қолхат алып алады. Шын мәнінде, бұл бап – адвокаттарға да, куәгерлерге де, жәбірленушілерге де қысым жасау құралына айналып барады, ал прокуратура мен тергеу органдарында мұндай міндеттеме жоқ. Яғни олар тергеу деректерін (өздері қажет деп санаған көлемде), қылмыс жасады деп күдікке ілінген адам жайлы әлдебір детальдарды жариялай алады. Ал қорғаушы тараптың мүлде мұндай мүмкіндігі жоқ, – дейді Евгений Жовтис.

Жовтистің айтуынша, Қазақстанның қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабы сияқты бапты тоталитарлық режимдер билікке жақпайтын жандарға қарсы шоқпар ретінде пайдаланады. Оның пікірінше, Қазақстанда сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтіні туралы бапты қолдану практикасы Ресейдегі жағдайға ұқсайды.

СОТ БАРЫСЫ ЖӘНЕ ҚОҒАМҒА АҚПАРАТ ЖЕТКІЗУ

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калееваның айтуынша, әдетте бұл бап айыптаушы тарап жағдайды қоғамның толық білмегенін қалаған кезде қолданылады. Ол павлодарлық «Версия» газетінің редакторы, Павлодар облысы әкімі Қанат Бозымбаевтан ««әшкерелеуші материалды пайдаланып, ақша бопсалады» деген айыппен 2015 жылдың 30 қазанында сегіз жылға сотталған Ярослав Голышкиннің ісіне қатысты тергеу амалдарын мысал ретінде келтіреді.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева.
«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева.

​– Бұл әу бастан кәмелетке толмаған қызды зорлауға қатысты іс болғандықтан сот өндірісі бірден жабық деп жарияланды. Бірақ ол іс баяғыда жұртқа жария болып, сот шешімі шығып қойған жеке іс болатын. Бұл – бүкіл істі жабық деп жариялау үшін сылтау ғана болды, – дейді Тамара Калеева.

Калееваның айтуынша, іске қатысты деректерді құпиялап тастағандықтан, Ярослав Голышкиннің адвокаты тергеу амалдары тұсында да, сот тергеуі кезінде де іске қатысты ақпаратты интернетте жариялай алмаған. Адвокат Голышкиннің сотталғанын Facebook желісінде тек үкім жарияланғаннан кейін ғана хабарлаған.

Оппозициялық Nakanune.kz сайты журналисі әрі «есірткі сақтады» деп айыпталатын Юлия Козлованың адвокаты Айман Омарова да сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтіні туралы бапқа тап болғанын айтады.

– Юлия Козлованың ісіне қатысты деректерді жарияламауды міндеттеп, менен қолхат алды. Бірақ әлгі бапта деректерді қай мезеттен бастап жариялауға болмайтыны көрсетілмеген. Ал мен оған дейін көп сұхбат беріп қойғанмын. Өзіме мәлім жайттардың бәрін қолхатқа дейін айтқанмын, – дейді Айман Омарова.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен «Халықаралық құқықтық бастама» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Айна Шорманбаеваның айтуынша, Қазақстанның қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекстері репрессиялық сипатта жазылған, ал сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтіні жайлы бап – мұның айқын көрінісі. Ол «Қудалау органдары мен күдіктілердің адвокаттарының арасында іс жүзінде теңдік жоқ. Күштік ведомстволарға тиімді болса күдіктілердің жүзін ашық көрсетіп, жедел түсірілім кадрларын бірден жалпақ жұртқа жариялап, «қылмыс жасалды» деп ақпарат құралдарында жар салады.

– Олар қоғамдық пікір қалыптастырады, ал мұны сотқа қысым жасау деп тануға болады, өйткені қоғамның бір бөлігі ретінде судьялар да әлгі материалдарды көреді ғой, – дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушылар сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға жол берілмейтіні туралы баптағы әр түсінікке ұғынықты әрі анық етіп анықтама беретін өзгерістер енгізу қажет деп санайды.

Қаңтардың 26-сы күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ еркіндігі жөніндегі өкілі Дуня Миятович мәлімдеме жасап, Қазақстандағы кейбір блогерлер мен белсенділер және оппозициялық журналистерге жуырда шыққан үкімдер мен қылмыстық айыптаулар бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдарын «азаматтық қоғамға жасалып отырған қысым» деп сынады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG