Accessibility links

«Араздық» бабы туралы түсінік әртүрлі


"Заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыпталып, сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.
"Заңсыз митингтер ұйымдастырды", "жалған ақпараттар таратты", "ұлтараздық тудырды" деп айыпталып, сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділердің көбі «араздық қоздыру» туралы баптан қылмыстық сипатты алып тастауды сұрайды. Олардың «бұл бап өзгеше ойлағандарды қудалайды» деген қаупін «Азаматтық альянс» пен қоғамдық кеңес өкілдері құптамайды.

Белсенді әрі Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) өкілі Аслан Құрманбаевтың мәлімдеуінше, жуырда оның үстінен қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік араздықты қоздыру» деген 174-бабы бойынша іс қозғалған. Белсенді Атырауда сотталған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау ниетімен Facebook желісінде ЭКСПО мен универсиадаға бойкот жариялау туралы посты үшін полиция тергеуінде болған.

ЖЕЛІДЕГІ ПОСТ ҮШІН ТЕРГЕУГЕ ШАҚЫРУ

Қарашаның 28-інде Макс Боқаев пен Талғат Аян «жер митингілерін» ұйымдастырғаны үшін бес жылға сотталған. Белсенділер тағылған айыпты мойындамайды, ал құқық қорғаушылар оларды ар-ұждан тұтқындары деп таныған.

Мемлекет белгілі бір шеңбер сызып қойған, ал бұл шеңберден аттасаң бітті – 174-бап бойынша айыптауға әзір.

– Екеуі нағыз патриот екенін дәлелдеді, жерін, елін саудаға салудан қорғады. Мен біздің қоғам қатал құрсауда отыр деп санаймын. Мемлекет белгілі бір шеңбер сызып қойған, ал бұл шеңберден аттасаң бітті – 174-бап бойынша айыптауға әзір. Бұл – мемлекет қолындағы саяси шоқпар. Мемлекет белгілеген бұл нормадан аттаған кез-келген тәуелсіз пікір, сөз бостандығы, кез-келген азамат немесе құқық қорғаушы әлеуметтік араздықты қоздырушы болып шыға келеді, – дейді Аслан Құрманбаев.

Бұл мәлімдеме бүгін Астанада Қазақстанда құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық тетігін іске асыру (имплемантация) мәселелеріне арналған конференцияда айтылды. Оған қатысушылар «араздық қоздыру» бабын Қазақстан президенті, парламент және үкімет деңгейінде қайта қарауға шақырды.

Белсенді Құрманбаевтың пікірінше, құқық қорғаушы ғана емес, түрлі тақырыпқа пікірін еркін білдіргісі келетін кез-келген Қазақстан азаматының құқықтарын шектейтіндіктен, қылмыстық кодекстің 174-бабынан қылмыстық сипатты алып тастау керек.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының хабарлауынша, биылғы жылы қылмыстық кодекстің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру») бойынша 12 қылмыстық іс қозғалған. Оның алтауы бойынша айыптау үкімі шыққан.

Бір іс үшін ешкім өз тағдырын ойран етіп, карьерасынан айырылғысы келмейді. Сондықтан адвокаттардың құқығын қорғауды да күшейту керек.

Астаналық адвокат Бақтияр Ғалымжановтың сөзінше, қазір Қазақстанда адвокаттар алқасына қарсы шықса, карьерасынан айырылудан қорқатын адвокаттар да қорғансыз күйге түсетін жағдай қалыптасқан. Оның айтуынша, биыл мамырда әріптесі екеуі «жер митингілері» үшін сотқа тартылған азаматтарды қорғау үшін Астанадан адвокат таба алмаған, адвокаттар оларды қорғаудан қорыққан.

– Оларды да түсінуге болады. Бір іс үшін ешкім өз тағдырын ойран етіп, карьерасынан айырылғысы келмейді. Сондықтан адвокаттардың құқығын қорғауды да күшейту керек, – дейді Бақтияр Ғалымжанов.

ДИАЛОГҚА ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІК

«Қазақстан азаматтық альянсы» ұйымының Батыс Қазақстан облысындағы өкілі Гамал Түзелбаев азаматтық қоғамдағы әріптестерінің пікірлерімен келіспейді. Оның пікірінше, дәл қазір – бес жылдан кейін билік пен қоғам арасында «конструктивті диалог» орнаған. Ол «белсенділер биліктің жақсы қолдаушыларына айналып, бір-бірінің пікіріне құлақ асуы тиіс» дейді.

– Ақпарат және коммуникация министрлігін құрып берді, ал министр жұртпен сөйлесіп, қоғамдық ұйымдардың пікірлерін тыңдайды. Биыл үкіметтік емес ұйымдар шынымен жаңа жағдайда жұмыс істеді, бірақ әлі де жетілдіре беру керек. Бұған қоса жуырда дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды, бұл да мемлекетіміздің жетістігі емес пе? – дейді Гамал Түзелбаев.

Шындығында, Қазақстанда ақпарат және коммуникация министрлігі биыл көктемде елдің бірнеше қаласында «жер митингілері» өткеннен кейін құрылған. Ол кезде кей құқық қорғаушылар «жаңа ведомство қысымды күшейтумен» айналысады деген қауіп білдірген.

КЕҢЕСТЕР МЕН ҚОҒАМ

Оппозициялық саясаткер Зәуреш Батталова қоғам, билік және құқық қорғаушылар даулы мәселелердің бәрін қоғамдық кеңестерде талқылай алар еді деп санайды. Бірақ құқық қорғаушы Евгений Цай «ол қоғамдық кеңестердің бәрі – құр фикция, әрі ол жерде билік өкілдері немесе оған бүйрегі бұратын белсенділер жиналған» дейді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты азаматтық қоғам істері комитеті басшысы Әлия Ғалымова «Қазақстанда қоғамдық кеңестердің құрылғанына бір ғана жыл болды, енді оны ары қарай жетілдіреміз» дейді.

Бір жыл ішінде орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдары қабылдайтын актілерге 5700 қоғамдық сараптама жүргізілді.

– Қоғамдық кеңестер арқылы азаматтардың құқық, еркіндігіне қатысты нормативті заң актілерін сараптамадан өткізу мүмкіндігі бар. Айналдырған бір жыл ішінде орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару органдары қабылдайтын актілерге 5700 қоғамдық сараптама жүргізілді, – дейді Әлия Ғалымова.

Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, заң ғылымы докторы әрі ішкі істер министрлігі жанынан құрылған қоғамдық кеңес мүшесі Марат Қоғамовтың айтуынша, келесі жылға халықтың полицияға сенімі туралы және митингілер мен ереуілдер туралы нормативті актілерді қарау жоспарланған. Қоғамдық кеңестерде талқыланғаннан кейін олардың бәріне «қоғамдық баға» беріледі. Қоғамовтың мәлімдеуінше, ішкі істер министрлігі жанындағы қоғамдық кеңеске кез келген адам еш бөгетсіз қатыса алады.

Конференцияда жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Раиса Юрченко «баптан қылмыстық сипатты алып тастауға бола ма әлде болмай ма, немесе мұндай фактілер шынымен бар ма» дегенді анықтау үшін қылмыстық кодекстің 174-бабын әуелі дұрыстап зерттеу алу керек дейді. Ол «мүмкін, бұл бап дұрыс қолданылмай жүрген шығар» деп топшылайды.

Конференция Қазақстан парламентіне құқық қорғаушыларды қорғаудың ұлттық механизмі туралы типтік заң бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, олардың мәртебесін айқындауды сұраған өтініш жолдауды ұсынды.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG