Accessibility links

Александр Харламовты этаппен Риддерге жеткізді


Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.

Құқық қорғаушы, журналист Александр Харламов.

Құқық қорғаушы және журналист Александр Харламов Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына этаппен апарылды. Енді оның ісі сотқа жіберілуі мүмкін.

Алматыда өз еркінен тыс психиатриялық сараптамадан өткен құқық қорғаушы және журналист Александр Харламов маусымның 11-і күні этаппен Риддерге жеткізілді. Азаттық тілшісіне оның адвокаты Мәншүк Медиханова «Харламов уақытша қамау орнында (ИВС) отыр. Қазір қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр» деп хабарлады. Егер «діни араздықты қоздырды» деген айып тағылған Харламов сотталар болса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Адвокаттың сөзін Александр Харламовтың әйелі Марина Каплунская растап, күйеуіне азық-түлік беріп жібергенін, бірақ онымен жүздесе алмағанын айтты.

Алматыдағы республикалық психиатрия, психология және наркология ғылыми орталығында бір ай қамауда болған Харламовтың ақыл-есі дұрыс деп танылды. Бірақ одан «діни араздық қоздырды» деген айып алынған жоқ. Билік өкілдері осыдан біраз бұрын Азаттық тілшісіне «Харламовтың ақыл-есі дұрыс деп танылғандықтан, қылмыстық іс оның тұрғылықты жері бойынша Риддер сотында қаралуы тиіс» деген еді.

Харламов наурыз айынан бері қамауда отыр. Ол соңғы жылдары діни ілімдерді сынап, атеистік сипаттағы мақалаларын интернетте жариялаған. Құқық қорғаушылар «бұл – оның заңды құқығы» дейді. Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдарын жайлаған жемқорлықты сынаған мақалалар жариялауын да құқық қорғаушылар «азаматтың заңды құқығы» деп есептейді.

Харламовтың көп ұзамай сотқа тартылуы мүмкін екенін ескеріп, алматылық құқық
Олар журналистің аузын жауып, жазуды қойдырмақ болды. Бірақ бұл қолдарынан келмеді.
қорғаушы Андрей Гришин «айыптаушы тараптың қиын жағдайға тап болғанын» айтады.

– Шындығында, қазір прокуратура мен тергеушілер тұйыққа тірелді. Меніңше, олар Харламовты тыныш қана соттап жібергісі немесе оның ақыл-есі дұрыс емес деп көрсеткілері келген. Олар журналистің аузын жауып, жазуды қойдырмақ болды. Бірақ бұл қолдарынан келмеді. Психиатриялық сараптама оны «ақыл-есі дұрыс адам» деп тапты, ал Харламовтың ісі Қазақстаннан сыртқа жайылып кетті. Енді олар бұл тұйықтан бірдеңе етіп шығуы керек, - деді Гришин.

Ішінде Қазақстандағы адам құқықтары бюросы мен «Тірек» құқық қорғау ұйымы бар үкіметтік емес ұйымдар мамырдың 31-і күні Қазақстандағы саяси тұтқындардың тізімін жариялады. Тізімдегі алты адамның ішінде Харламов та бар.

«Александр Харламов – журналист, «Сикрет-сервис» құқық қорғау орталығының жетекшісі. Оны тұтқындауға журналистің өз блогында жариялаған атеистік сипаттағы мақалалары негіз болған. Полиция оның мақалаларынан діни араздықты қоздыру белгілерін көрген. Тергеушінің қаулысында «тергеу амалдарымен анықталмаған мерзімде Харламов А. христиан, ислам, иудаизм және буддизм сияқты әлемдік діндерді зерттеп, діни жүйеге қатысты өз тұжырымын берген» деп көрсетілген. Александр Харламов ұзақ жылдар бойы «Риддерский вестник» және «Flash!» деген жергілікті екі газетте адам құқығын бұзу мен жергілікті билік органдарындағы жемқорлық туралы мақалалар жазған. Журналистің еркінен тыс өткізілген психологиялық-психиатриялық сараптама негізінде Харламовтың ақыл-есі дұрыс деп танылды. Қазір ол сотты күтіп, уақытша қамау орнында отыр» деп жазады Қазақстан саяси тұтқындары тізімін жасаған авторлар.

Александр Харламовтың ісі халықаралық құқық қорғау ұйымдарының да назарына ілікті. Human Rights Watch халықаралық ұйымы Қазақстан билігін Харламовтан қылмыстық айыптауларды алып тастап, оны психиатриялық клиникадан дереу босатуға шақырды.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG