Accessibility links

Қазақстан тағы да адам құқықтарын бұзып отырған елдер қатарына кірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Amnesty International ұйымының «Әлемдегі адам құқықтарының жағдайы 2011» атты баяндамасында Қазақстанда қинап-азаптау оқиғалары жалғасып жатыр деп көрсетілген.

Сонымен қатар есепте Қытай мен Өзбекстанға босқындарды күштеп қайтарғаны үшін Қазақстан билік орындары сынға алынған.

Мамырдың 13-де жарияланған баяндамаға қарағанда, Қазақстан билік орындары БҰҰ-ның қинап-азаптауға қарсы конвенциясындағы міндеттемелерін толық орындай алмаған.

Билік орындары қинап-азаптаудың алдын алу үшін бірқатар шараларды қолға алғанымен, елдегі жағдай жақсармай отыр делінген баяндамада.

ҚИНАП-АЗАПТАУ

Amnesty International («Амнести Интернэшнл») ұйымының айтуынша, Қазақстанда тәуелсіз қоғамдық бақылаушылардың абақтыларға кіруіне мүмкіндік жасалған, сонымен қатар билік орындары қинап-азаптауға қатысты қатаң шара қолдану саясатын жүргізуге уәде еткен.

Дегенмен үкімет абақтыларды тәуелсіз бақылайтын Ұлттық алдын-алу механизмінің құрылуын үш жылға кейінге қалдырған деп атап көрсетілген аталмыш есепте.

Оған сәйкес, қолға алынған шараларға қарамастан, полиция абақтысындағы
Астанадағы адам құқығы бюросының құқық қорғаушылары бұл абақтыда соққы жеген тұтқын денесінің суреті дейді.
адамдар өздерінің жиі қинап-азапталатындығы туралы шағымданады.

Жергілікті заңдар бойынша полиция қамауға алынған адамды үш сағаттың ішінде тіркеуі керек, олардың құқықтары туралы бірден айтылуы тиіс. Бірақ көп жағдайда құқық орындары аталмыш заңдарды орындамайды. Кейде күдікті ұсталғаннан кейін азаптау мен ұрып соғу жалғасады деген мәліметтер келтірілген баяндамада.

Amnesty International ұйымының мәліметінше, Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуына қатысты жазасыздық жағдайы қалыптасып отыр.

Елдің бас прокуратурасы 2009 жылы тек екі жағдайда ғана «қинап-азаптау әрекеттеріне барды» деп айыпталған қауіпсіздік офицерлеріне қарсы қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеген.

Қалған шағымдар бойынша айыптаулар «негізсіз» деп жоққа шығарылды, дейді Amnesty International. Азаптап-қинау әдістерін қолданған адамдардың жазасыз қалуы алаңдаушылық тудырады деген ұйымның есебінде бірқатар құжаттарға сілтеме жасалынған.

ГЕРАСИМОВ ІСІ

Бұдан бұрын Азаттық радиосы хабарлағанындай, 2010 жылдың сәуір айында қостанайлық Александр Герасимов деген азаматтан БҰҰ-ның азаптауларға қарсы комитетіне полицияның азаптағаны турасында арыз түскен еді. Amnesty International ұйымы өз баяндамасында Қазақстаннан халықаралық комитетке жеткен бұл алғашқы шағым туралы атап өткен.

Сонымен қатар баяндамада «Қазақстан билігі ұлттық қауіпсіздік пен лаңкестікке қарсы шаралар аясында саяси баспана сұраушылар мен босқындарды Қытай мен Өзбекстанға күштеп қайтару әрекеттерін күшейткен» делінеді.

БОСҚЫН ҚҰҚЫҒЫ

«Босқындар жөніндегі жаңа заң бойынша кейбір саяси баспана сұраушылар Қазақстанда босқын мәртебесін алу құқығынан айырылған. Олардың арасында өз елдерінде заңсыз, тіркелмеген немесе тыйым салынған саяси және діни партиялардың немесе қозғалыстардың мүшелері деп айыпталғандар бар», - дейді аталмыш ұйым.

Оның жазуынша, бұл заң әсіресе Өзбекстаннан қашып кеткен мұсылмандар мен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиясынан босып кеткен адамдарға
Өзбек босқынының әйелі, сегіз баланың анасы Гүлнора Кодирова Өзбекстандағы қинап-азаптаулар туралы айтып тұр. Алматы, 13 желтоқсан 2010 жыл.
кесірін тигізген.

2010 жылдың маусым айында Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Өзбекстанға экстрадициялау үшін 30 өзбек босқыны мен саяси баспана сұраушыларды ұстаған. Отыздан астам ер азамат, олардың кейбірі отбасы, бала-шағасымен бірге, «діни сенімдеріміз үшін қудалануымыз мүмкін» деп қауіптеніп, Өзбекстаннан қашып кетуге мәжбүр болған.

Қазақстан бас прокуратурасы қалған 29 ер адамды экстрадициялау туралы шешім шығарды. Бұл босқындарды экстрадициялау мәселесі бойынша бірқатар сот процестері жалғасып жатыр. Бұған қарамастан, Қазақстан билік орындарында босқындарды Өзбекстанның арнайы қызметтеріне тапсыру үшін формалдық негіздер бар, дейді құқық қорғаушылар. Олардың айтуынша, егер өзбек босқындары еліне қайтарылса, қинап-азаптауларға душар болуы мүмкін.

Amnesty International 400 беттік жаңа баяндамасын ұйымның 28 мамырда болатын 50 жылдығы қарсаңында жариялады. Онда 157 елдегі адам құқықтарының жағдайы сипатталған.
XS
SM
MD
LG