Accessibility links

Полицейлер «беделіне нұқсан келтірген» адвокаттан өтемақы талап етті


Адвокат Бауыржан Азановтың Астана соты ғимаратында полицейлерді түсірген видеосынан скриншот.

Адвокат Бауыржан Азановтың Астана соты ғимаратында полицейлерді түсірген видеосынан скриншот.

Астанада жеті полицей адвокат Бауыржан Азановтан видео жариялап, моральдық зиян келтіргені үшін 500 мың теңгедей өтемақы өндіруге тырысып жүр. Ол видеода олардың портфелін ашпаған адвокатты сотқа кіргізбеген сәті түсірілген.

Астанада жеті полицей адвокат Бауыржан Азановтан видео жариялап, моральдық зиян келтіргені үшін өтемақы өндіруге тырысып жүр. Видеода олардың портфелін ашпаған адвокатты сотқа кіргізбеген сәті түсірілген.

Азаттық оқырмандарына адвокат Бауыржан Азановтың есімі сот күзетінің портфелін ашып, ішін көрсету талабы орынсыз екенін дәлелдеуге тырысқан әрекетімен танылды. Енді оның үстінен жеті арыз түскен. Арыздарға ішкі істер министрлігіне қарасты мамандандырылған күзет қызметі басқармасының (МКҚБ) бірнеше қызметкері қол қойған. Талапкерлердің жазуынша, «адвокат Азанов оларды «заңға қайшы әрекет жасады» деп дәлелсіз айыптап, ұялы телефонына түсіріп алған видеороликтерді Youtube желісінде жариялаған».

Талап-арыздың жетеуінде де «Әлгі видеолар жалпақ жұртқа тарап, ІІД қызметкерлерінің жұмысын жақтырмайтын тұлғалар тарапынан ар-намысымызды таптап, іскерлік беделімізге нұқсан келтіретін келемеж-мазаққа айналуға түрткі болды» деп жазылған.

Талапкерлер азаматтық кодекстің 143-бабына сілтеме жасап, олардың ар-намысына тиетін мәліметтерді терістеуді және келтірілген моральдық зиянды өтеуді талап етеді. Жеті полицейдің әрқайсысы зиян көлемін 70 мың теңге деп бағалаған.

ПОРТФЕЛЬ МЕН КІСЕН

Полицейлер «күзетілетін нысандарға кіргізу режимі жайлы бекітілген ережеге сай қатаң әрекет еттік» деп жазады. Олар талап-арызында «адвокат Бауыржан Азанов қол жүгін визуалдық тексеруден өту үшін көрсетуден бас тартып, жанжал шығарды әрі мұның бәрін ұялы телефонындағы видеокамераға түсіре бастады» деп мәлімдейді.

Адвокат Бауыржан Азанов болған жайтты видеоға түсіріп, кейін оларды «өз қауіпсіздігін ойлап әрі сот органдарындағы адвокаттармен қарым-қатынас қандай екенін көрсету мақсатымен» Youtube желісінде жариялағанын мойындайды. Оның айтуынша, оны әлгі оқиғаны видеоға түсіруге былтыр қыркүйек айында болған жағдай (постта тұрған полицейлер қолына кісен салған) итермелеген. Ол «визуалдық тексеруден» өтуден бас тартқаны үшін полицейлердің сот отырыстарына талай мәрте кіргізбей қойғанын айтады.

Адвокат Бауыржан Азанов.

Адвокат Бауыржан Азанов.

- Ол кезде сотқа келгенмін, мені процеске кіргізбей қойды, мұның бәрін видео және аудиожазбалар растайды. Дөрекілік көрсетіп, қолыма кісен салып, жарты сағаттай ұстады. Маған күш қолданып, денемді ауыртқан соң ауруханаға бардым. Портфель мен қолжүгіне қатысты мұндай жайттар қараша айында ғана емес, үнемі, күн сайын, мен сотқа келген сайын болады әрі олар маған ғана осылай істейді, - дейді Азанов.

Адвокат Астана МКҚБ қызметкерлерінің әрекетін заңсыз деп тануды талап етеді. Сотқа жүгінгенімен, қаңтарда Астананың Алматы аудандық соты оның талап-арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Наурыздың 29-ы күні қалалық сотта оның апелляциялық шағымы қаралмақ.

Бауыржан Азанов өзінің үстінен түскен біркелкі жазылған жеті арызды азаматтық және кәсіби позициясы үшін қудалау деп санайды.

- Әлгі талап-арыздарда МКҚБ ар-намысы тапталған көрінеді. Мекеменің ар-намысын қалай таптауға болатынын білмеймін, сондықтан дәлелі жоқ әлгі талап-арыздарды мүлде орынсыз, мүлде негізсіз шағымдар деп санаймын. Олар - жалаң сөзге құрылған әрі менің заңды адвокаттық қызметіме кедергі келтіруді жалғастыру мақсатымен және өзге адвокаттарға сабақ болсын, олар соттарда видеоға түсіріп, өз құқығын қорғауға дәндемесін деген оймен түсірілген арыздар, - дейді Азанов.

70 МЫҢ ТЕҢГЕ

Азаттық тілшісіне талапкерлердің көбімен телефон арқылы сөйлесудің сәті түспеді. Олардың бірі Алтынбек Тәшенов «ғафу өтінем, бірақ жұмыстан кейін шаршап тұрмын» деген уәжбен өзінің талап-арызы жайлы ештеңе айта алмайтынын айтты.

МКҚБ қызметкері Ержан Айменов Азаттық тілшісіне «конституциялық құқығын қорғау үшін әріптестерімен бірге сотқа арыз түсіргенін» айтты. Ол «бейнемді менің рұқсатымсыз интернетке жолдауға ешкімнің құқығы жоқ» дейді. Ал моральдық зиян көлемін тура 70 мың теңге деп неліктен бағалағанын полицей түсіндіре алмады.

- Бізге көп ақша неменеге керек? Бізге ақша мүлде керек жоқ. Әлгі ақшаны берсе де, оны балалар үйіне аударамыз, - дейді Айменов.

Олардың рұқсатынсыз бізді әлеуметтік желілерге жариялай салыпты, сондықтан олар азаматтық тәртіпке сай сотқа жүгінді.

Ержан Айменовпен әлгі әңгімеден кейін Азаттық тілшісіне талап-арыз жазғандардың бірі подполковник Қайрат Жарқынбаев қоңырау соқты. Оның арызында ол МКҚБ басқармасында полицейлерді ұйымдастыру және техникалық қызмет бөлімі бастығы болып жұмыс істейтіні көрсетілген.

- Заңға, азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес біз - қызметкерлерміз... Олардың рұқсатынсыз бізді әлеуметтік желілерге жариялай салыпты, сондықтан олар азаматтық тәртіпке сай сотқа жүгінді, - дейді Қайрат Жарқынбаев.

Ол өзге ештеңе айтқысы келмей «бізден комментарийді ресми сауал жолдау арқылы алуға тиіссіздер» деумен шектелді. Бұдан бөлек, Жарқынбаев қарамағындағы қызметкеріне қай БАҚ-тан телефон соққанын біліп, басшылыққа баяндау үшін хабарласқанын айтты.

Бұл істі қарайтын сот өтетін күн әлі белгіленбеген. Адвокат Азановтың дерегінше, істі Алматы аудандық соты қабылдаған.

Портфельге бола адвокатты сотқа кіргізбеген оқиғаның Youtube желісінде жарияланған видеоларын мына сілтемелер арқылы көре аласыз.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG