Accessibility links

ҮЕҰ: «Бізге мемлекет қауіпті элемент ретінде қарайды»


«Намыс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Иманалиев. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

«Намыс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Иманалиев. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) Қазақстанда талқыланып жатқан қылмыстық және әкімшілік кодекстердің жаңа редакциясына алаңдайды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысатын «Намыс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Иманалиев сенатқа жолданған қылмыстық кодекс жобасына наразы. Ол әсіресе кодекс жобасындағы «қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдардың жұмысына араласуына болмайды» деген 400-баппен келіспейді.

«Елдегі мүгедек ұйымдардың жұмысын «араласусыз» елестету мүмкін емес. Мүгедектердің құқықтарын қорғау үшін, олардың өмір сапасын арттыру үшін, бейімделу мәселесін шешу үшін үнемі мемлекеттік органдардың жұмысына араласу қажет болады. Қаржы дұрыс бөлінбесе, айту керек болады, қандай да бір мәселе бойынша зерттеу өткізу керек болады – жаңа редакцияға сәйкес осының барлығы мемлекеттік органдардың ісіне араласу болып саналады» деп налиды Қайрат Иманалиев.

Ол «заң жобасы қазіргідей күйде қабылданып кетсе, елдегі ҮЕҰ-лар жұмысы тоқтап, қоғамдағы негізгі функциясынан айрылады» деп қауіптенеді.

Парламентте қаралып жатқан қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару, азаматтық және әкімшілік кодекстер бірқатар ҮЕҰ-лардың Алматыда мамырдың 22-сі күні өткен жиынында да сөз болды.

Отырысқа келген азаматтық қоғам өкілдері Қазақстандағы өзгерістер Ресейде 2012 жылы қабылданған «шетел агенттері» туралы заңның салқыны деп жориды. Ресей заңы елдегі шетелден қаржыландырылатын ұйымдарды қыспаққа алған еді. Белсенділер Қазақстанда да ҮЕҰ-ға қатысты мемлекеттің көзқарасы Коммерциялық емес құқық бойынша халықаралық орталықтың кеңесшісі Айгүл Қаптаева. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

Коммерциялық емес құқық бойынша халықаралық орталықтың кеңесшісі Айгүл Қаптаева. Алматы, 22 мамыр 2014 жыл.

өзгергенін, оларға «қоғамдағы қауіпті элемент» ретінде қарап бақылауды күшейте бастағанын, жаңа заңда қаржыландыру мәселесі де қарастырылғанын айтады.

Коммерциялық емес құқық бойынша халықаралық орталықтың кеңесшісі Айгүл Қаптаеваның сөзінше, жазда қабылдануы мүмкін жаңа қылмыстық кодексте биліктің ҮЕҰ-ларға қатысты секемшілдігін көрсететін және оларға қарсы бірнеше бап бар. Құқық қорғаушы заңда «терроризм», «экстремизм», «ұлтараздық, діни, әлеуметтік қоздыру» сияқты ерекше ауыр қылмыс жасайтын қоғамдық бірлестік басшысына қатысты жекелеген баптардың пайда болғанына таңданады.

«Араздық қоздырумен айналысатын ҮЕҰ-ларды білесіздер ме? Керісінше, олар азаматтардың құқықтарын қорғаумен айналысады. Біздің бас прокуратура ҮЕҰ тек осындай қылмыспен айналысады деп ойлайды екен. Олардан талқылауларда «Мүмкін қандай да бір статистикаларыңыз бар шығар» деп себебін сұрап едік: «Бұл – алдын-алу шаралары. Бізге терроризммен күресіңдер деді, біз күресіп жатырмыз» деп жауап берді» дейді Айгүл Қаптаева.

Әлеуметтік жобалармен айналысатын «Еуразия» қорының есімін айтпаған өкілі заң жобасының «тіркелмеген ұйымдардың, кез-келген жиынның әрекеті осы заң Қылмыстық кодексті талқылап отырған парламент депутаттары. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қылмыстық кодексті талқылап отырған парламент депутаттары. Астана, 23 қаңтар 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

бойынша жауапкершілікке тартылатынынан қорқамын» дейді.

«Тіпті ҮЕҰ-ларды айтпай ақ қояйық, бұл заң бойынша кез келген адам жауапкершілікке тартылуы мүмкін ғой. Айталық, бірнеше ерікті бірігіп, бір жобаны жүзеге асырғысы келсе және олардың жасағандары мемлекеттік органдарға ұнамаса, қылмыстық кодекске ілініп кетуі мүмкін. Бұл тіпті қорқынышты» дейді ол.

ҮЕҰ өкілдері «билік азаматтық қоғам тарапынан жасалған ұсыныстарды елемеді, бірақ біз соңына дейін күресеміз» десіп тарасты.

Қазақстан парламенті жыл басынан бері талқылап жатқан қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық, қылмыстық-атқару, азаматтық және әкімшілік кодекстері жобасына халықаралық құқық қорғау ұйымдары да қарсы болған еді. Норвегиялық Хельсинки комитеті мен «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қоры «Қазақстанның қылмыстық, қылмыстық процессуалдық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерінің жаңа нұсқалары ҮЕҰ мен БАҚ қызметіне шектеу қояды» деп мәлімдеген. Бұл ұйымдар Қазақстан парламенті мен үкіметін аталған заңнамаларды адам құқықтарын қорғау мақсатында қайта қарауға шақырған.

Аталмыш кодекстердің жаңа редакциясын талқылауға қатысқан қазақстандық құқық қорғаушы Айна Шорманбаева жобада оң өзгерістерден гөрі адам құқықтарын шектей түсетін тұстар көбірек екенін айтып Азаттыққа арнайы сұхбат берген болатын.

Үкімет бұл жобаларды заңдарды реформалау ретінде таныстырған. Кодекстердің жобалары әуелі мәжілістің, одан кейін сенаттың қарауынан өткен соң құжатты президент Нұрсұлтан Назарбаев бекітеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG