Accessibility links

Алматы жұртшылығы білікті заңгер, құқық қорғаушы Мария Пульманмен қоштасты


Мария Пульманмен қоштасу. Алматы, 19 қаңтар, 2009 жыл.
Мария Пульманмен қоштасу. Алматы, 19 қаңтар, 2009 жыл.

Қаңтардың 19-ы күні Алматыда белгілі құқық қорғаушы Мария Пульманды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Мария Пульманның арманы Қазақстанның демократия жолымен дамып, адам құқтары мен заңдардың сақталғанын көру еді, бірақ білікті заңгер бұл арманына жете алмай кетті.

Мария Пульман 72 жасқа қараған шағында, өткен сенбі күні, ауруханада көз жұмған еді.

Жиырмасыншы ғасырдың 50-ші жылдары, Ресейдің Томск қаласында, одан кейін Қазақ университетінде білім алған Мария Михайловна Пульман өте тәжірибелі әрі білікті заңгер болатын.
Мария Михайловна Пульман (5.07.1937 - 17.01.2009) Алматы, 19 қаңтар, 2009 жыл.


Ол 1988 жылы бүкіл одақтық тарихи-ағартушылық «Мемориал» қоғамының Алматы бөлімшесі мен республикадағы ең алғашқы тәуелсіз қоғамдық ұйымдар ассоциациясының да негізін қалаған жандардың бірі болды. 1993 жылы Мария Пульман Қазақстандағы Адам құқықтары бойынша халықаралық бюросы құрылтайшысының бірі болып, өмірінің соңына дейін осы бюрода заңгер қызметін атқарды. Қызмет барысында өз құқын қорғай алмай жүрген азаматтарға демеушілік жасап, кәсіби кеңес беруден шаршамайтын еді дейді аталмыш бюро жетекшісі Евгений Жовтис:

- Ол кісі жайында өткен шақта айтқан әрине қиын. Мария Михайловна табиғатынан өте адал әрі еркін жан еді. Мүмкін сондықтан да болар, өмірінің негізгі бөлігін демократия үшін, азаттық үшін күресумен өткізді. Қазақстандағы құқық қорғаушы ұйымдардың негізін қалаған ол қоғамда орын алған көптеген заңсыздықтарға бейжай қарамайтын еді.

Евгений Жовтистің айтуынша, Мария Пульман түрмеде отырғандардың құқы жайында, азаматтарға қарсы қолданылатын зорлық-зомбылық турасында, сонымен қатар мигранттар мәселесі турасында жиі мәселе көтеріп, олардың шешілу жолдарын қарастырған адам еді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов Мария Пульман өзі ешқандай саяси партияға кірмесе де, қоғамдағы азаматтардың саяси құқықтарын, бостандықтары мен еркіндіктерін қорғаумен болғандығын айтады.

- Кезінде көптеген саяси процестер болды. Бірқатар оппозиция қатарында жүрген азаматтардың үстінен іс қозғалып, олардың кейбіреулерінің жұмбақ жағдайда қаза болуы сияқты түрлі жағдайларға байланысты ол өз пікірін ашық айтып жүрді. Сол кездегі атқарылған істерді қарап отырып, мен ол кісінің қандай қайсар адам екендігіне көзім жетті. Мен сол үшін де Мария Пульманды өте қатты құрметтеймін.
Мария Пульманды соңғы сапарға шығарып салу рәсімінде Ж.Тұяқбай (оң жақтан бірінші), А. Қожахметов (ортада) және Жеміс Тұрмағамбетова. Алматы, 19 қаңтар, 2009ж.


Ал «Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова болса, Мария Пульман - сондай жарқын, ойшыл, көп сөйлемейтін, бірақ нақты, терең ойланып барып сөйлейтін адам еді деп, еске алады.


- Ол кісінің Қазақстанды демократияландыру жолындағы күреске қосқан үлесі өте зор. Көп жылдар бойы ол заңды жан-жақты білгендігіменен де қазіргі биліктің жасап жатқан қылмыстарына қарсы күресіп жатқан адамдарға сенімді тіреу, қолдаушы болып келді.

Әріптестерінің айтуынша, Мария Пульман Қазақстанның либерализация мен демократия бағытында алға басуын және елде заңдар мен адам құқықтарының сақталуын қалаған еді. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай Мария Пульман жаны әрдайым еркіндікті қалаған, өте ерекше тұлға болғандығын айтады.

- Ол кісінің жеке азаматтарды қорғаумен қатар, қоғамда болып жатқан әділетсіздіктерге, зұлымдықтарға қарсы өзінің айтары да көп болды. Қандай да бір орын алған заңсыздыққа қатысты сыни мақалалар жазып, тығырықтан шығудың жолын да көрсетіп отыратын еді. Әрине Марияның өзін де, оның жазбаларын да біз ешқашан естен шығармаймыз.


XS
SM
MD
LG