Accessibility links

«Түрмелерді полицияға тапсыруға қарсымыз» дейді құқық қорғаушылар


Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 9 тамыз 2011 жыл.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев. Алматы, 9 тамыз 2011 жыл.

Олардың ойынша, «бұдан түрмелердегі атыс, жарылыс, наразылық шаралары көбеймесе, азаймайды».


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 26-шілдедегі «Пенитенциар жүйесі туралы» жарғысына сәйкес, елдегі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) ішкі істер министрлігінің қарамағына енді. ҚАЖК қыркүйек айының ортасына дейін толығымен көшіріліп бітпек.

«ТЕРГЕУ МЕН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ – БІР-БІРІНЕ ҚАЙШЫ ҚЫЗМЕТ»

Бірнеше құқық қорғау ұйымдарынан құралған Қазақстандағы қысымға қарсы коалиция биліктің бұл қадамына қарсылық танытып, тамыздың 9-ы күні Алматыда жиын өткізді.

Коалицияға мүше ұйым өкілдерінің айтуынша, билік мұны елдегі түрмелерде атыс, жарылыс, ереуіл жиілеп кеткендігімен түсіндірген.

Ал құқық қорғаушылардың пікірінше, биліктің бұл қадамынан проблема ушықпаса, шешілмейді.

Құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаевтың ойынша, бұл іс ішкі істер министрлігінің негізгі функциясына қайшы келеді.

– Ішкі істер министрлігінің негізгі функциясы – тергеу өткізу. Пенитенциарлық жүйені өзіне алғаннан кейін олар ұсталған адамдардың құқықтарын қорғау функциясын иеленеді. Бұл қызметтер бір-біріне қайшы келеді, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, күштік құрылымдардың бұл қызметті қатар алып жүре алмайтындығын әлемдік тәжірибе көрсеткен. Сондықтан
Адам құқығын қорғау бюросы директоры міндетін атқарушы Роза Ақылбекова. Алматы, 9 тамыз 2011 жыл.

демократиялық бағытта жылжып бара жатқан елдердің барлығында түрмелер жүйесін күштік құрылымға жатпайтын орган басқарады немесе жеке тәуелсіз орган ретінде жұмыс істейді.

«ТАЯҚ ЕМЕС, САУАТТЫ МАМАН КЕРЕК»

Адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі міндетін атқарушы Роза Ақылбекованың айтуынша, түрмелерде төтенше жағдайлардың жиілеуіне сотталушыларға адамгершілік қарым-қатынастың жоқтығы, олардың жағдайының нашарлығы, т.б жағдайлар себеп болып отыр.

– Соңғы уақытта қылмыстық атқару жүйесі комитетін күштік құрылымдардан шыққан өкілдер басқарып келеді. Сондықтан жазасын өтеу жүйесі өзінің негізгі міндетін, яғни сотталушыларды түзеу мен гуманистік тәрбиелеу міндетін атқарған жоқ деп есептейміз, – дейді Роза Ақылбекова.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Қазақстандағы түрме жүйесіне «таяқ» емес, психология, құқық, білім-ағарту саласының сауатты да кәсіпқой мамандар керек.

«ПОЛИЦЕЙЛІК МЕМЛЕКЕТ»

Қазақстан 2002 жылы пост-советтік елдер арасында тұңғыш болып түзету мекемелерін ішкі істер министрлігі құзырынан әділет министрлігіне өткізген болатын.

Жиынға қатысушылардың айтуынша, түрмелерді «полицияның» қолына қайта тапсыру – сегіз жыл бойы адам құқығын қорғау саласында жеткен
Құқық қорғаушы Ардақ Жанәбілова. Алматы, 9 тамыз 2011 жыл.

жетістіктің бәрін жойып, Қазақстанды «полицейлік мемлекетке айналдырмақ». «Мұның соңғы айлардағы оқиғалар анық көрсетті» дейді құқық қорғаушылар.

– Ақтөбе мен Балқаш оқиғалары бойынша барлық операцияларды ішкі істер министрлігінің қызметкерлері өткізгенін атап өту маңызды. Бұл операцияларды сәтті өтті деп айту қиын. Себебі барлық тыйым салынған заттар түзету мекемесіне сырттан келген. Ал бұл территория – облыстық ішкі істер басқармасының территориясы. Олай болса, түрме жүйесін ішкі істер министрлігіне беру қисыны мүлде түсініксіз болып шығады, – дейді «Сауығу» қоғамдық қорының президенті Ардақ Жанәбілова.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG