Accessibility links

АҚШ мемлекеттік департаменті: Қазақстан азаматтары бұрынғысынша билікті сынау және таңдау құқығынан айрылған


Чехиядағы қазақ босқындарының балалары. Брно,1 ақпан, 2009 жыл

Чехиядағы қазақ босқындарының балалары. Брно,1 ақпан, 2009 жыл

Қазақстанда азаматтардың билікті ауыстыру құқына қатаң шектеу қойылған деп атап көрсетіледі АҚШ мемлекеттік департаментінің 2008 жылғы әлемдегі адам құқтарының жағдайы туралы баяндамасында. Елдегі баспасөзге қысым көрсетілетіні, парламенттің тіл алғыштығы, сыбайлас- жемқорлықтың өршіп бара жатқаны сияқты жайттарға назар аударылған.

АҚШ мемлекеттік департаменті әлемде 2008 жылы адам құқтарының сақталу жағдайына арналған жылдық баяндамасын 25 ақпанда жаpиялады.

Атап айтқанда, есеп ауторлары Қазақстанда 2007 жылы қабылданған заң шығару органдарының билігін күшейтуге бағытталған конституциялық түзетулерге қарамастан, бақылау бұрынғыдай президенттің қолында қалып отырғандығына тоқталады.

2007 жылдың мамыр айында парламенттің бастамасымен республика Конституциясына енгізілген түзетулерге сәйкес, президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін бұл қызметке екі мәртеден артық сайлануға болмайтын шектеудің алынып тасталғандығы да назардан тыс қалмады.

Қазақстан заңнамасында сөз және баспасөз бостандығы туралы айтылған. Алайда, БАҚ-тарға үкімет тарапынан қысым жасау әлі бар. Баяндама авторларының пікірінше, бұл Қазақстан азаматтарының жоғары қызметтегі адамдарды сынау құқын одан ары шектей түседі.

Баяндамада Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, İшкі істер министрлігіне, қаржы полициясына заңды түрде кең өкілеттіктер берілгені сынға алынған.

Баяндама авторлары Қазақстанның құқық органдарының жекелеген азаматтардың бұрынғыдай жеке хат жазысу және де басқа байланыстарының түрлеріне және қаржылық құжаттарға қатысты құпияны, сонымен бірге тұрғын үйге қол сұғылмаушылық тәртібін бұзатындығын атап көрсетеді. Сонымен бірге, баяндама авторлары аталған мекемелер тікелей президентке бағынады дейді.

Сондай-ақ соттар прокуратура қаулысына наразылық білдіру туралы шағымды қарай алады бірақ, заң бұзушылықты жедел тоқтату жөнінде тапсырма бере алмайды. Қылмыстық заңнама бойынша, телефон әңгімелерін жасырын тыңдау мен жазуға, хабарламаларды, оның ішінде электронды байланыс құралдарымен жіберілген хабарламаларды, ерекше жағдайда санкциясыз қарауға рұқсат етілген, - деп көрсетілген АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде. Сонымен бірге, оппозиция өкілдері мен олардың отбасы мүшелері, мемлекеттік органдар олардың жүріс-тұрысын ұдайы қадағалап, телефон әңгімелерін жасырын тыңдайтындығы жөнінде де айтылған баяндамада.

Өткен жылы мемлекет немесе оның агенттерінің қандай да бір заңсыз әрекетке немесе кісі өліміне қатысты болғандығы жөнінде ешқандай ақпарат түспеген. Солай бола тұра, есеп авторлары 2006 жылы Қазақстан оппозициясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің өлтірілуіне қатысты тергеу ісінде ешқандай алға жылжудың болмай отырғандығына баса назар аударған.Бұл жерде олар аталған қылмысқа Қазақстанның жоғары қызметтегі адамдарының қатыстылығын дәлелдейтін айғақтар бар деп есептейді.

Сонымен бірге, 2008 жылғы тамыз айында теңіз патрулі Каспий теңізінде балықшы қайығын атқандығы айтылады. Осының салдарынан екі адам өлген. Шекара қызметінің өкілдері алдымен балықшылар мылтық ата бастады деп ақталған. Алайда, құқық қорғаушы ұйымдар мен БАҚ-тар қайықты атуға ешқандай қажеттілік болған жоқ деп есептейді.

Авторлар сонымен бірге, әскердегі әлімжеттіктің асқынып бара жатқандығын алға тартқан Оның ішінде, өзіне өзі қол салу оқиғасы жиілеген. Үкімет келтірген деректер бойынша, 2008 жылдың алғашқы бес айында 15 әскери қызметкер өзін өзі өлтірген. Салыстыра қарасақ, 2007 жылы мұндай 7 оқиға болған.

Баяндама авторлары қорғаныс мекемесінің өкілдеріне сілтеме жасай отырып, әскердегі суицидтің көбеюінің бір себебі намысқа тию, қорлау деп есептейді. Сонымен бірге республика өкіметінің хабарлауынша өткен жылы әскерде намысқа тиюдің 115 фактісі орын алған. 2007 жылы 97 фактінің орын алғандығы хабарланған. Ар-намысқа тиюден өткен жылы 3 әскери қызметкер опат болған.

Әйелге қарсы зорлық-зомбылық, оның ішінде тұрмыстық күш көрсету мәселесі де алаңдатарлық күйде қалып отыр. 2008 жылы полиция органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 11 мың шағым қараған. Үкіметтік емес ұйымдардың хабарлауынша, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты нақты қылмыстардың саны полицияға хабарланған оқиғалардан анағұрлым жоғары.

Гендерлік мәселелер жөніндегі комиссияға жыл сайын әйелдерден 30 мыңнан аса шағым түседі. Қоғамдық ұйымдардың деректеріне сәйкес, әйелдер өзінің дұрыс қорғалмауы себепті жазған шағымын үнемі қайтып алып отырған. Ал, жапа шеккендер отбасындағы зорлық-зомбылық немесе күйеуінің зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткенде, кей кездері полицейлер оларды бұлай істемеуге үгіттеген. Полицейлер отбасылық жанжалға тек өмірге қауіп төнуі мүмкін деген жағдайда ғана араласып отырған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG