Accessibility links

Қазақстанда Салық органдары қоғамдық ұйымдарды нысанаға ала бастады


"Дом" қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенова. Алматы,10 ақпан, 2009 жыл.

"Дом" қоғамдық ұйымының төрайымы Майра Әбенова. Алматы,10 ақпан, 2009 жыл.

Семей қаласындағы «Дом» қоғамдық ұйымы жергілікті Салық комитеті заңсыз салық төлеуді талап етіп отыр деп шағымданды.Осыған ұқсас жағдай Алматыдағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдарда да қайталанып отырған көрінеді және құқық қорғаушылар оны кездейсоқтық деп ойламайды. Бұл жөнінде сейсенбі күні баспасөз-мәслихатында мәлімделді.

Қоғамдық ұйымның төрайымы Майра Әбенованың айтуынша, бәрі де осыдан 7 жыл бұрын басталған. 2002 жылы Семей қаласындағы «Дом» қоғамдық ұйымы АҚШ-тың Демократияны қолдаудың ұлттық қорының (National Endowment for Democracy) Конституциялық сотқа қатысты жариялаған грантын ұтып алады. 3 жылдан соң қоғамдық ұйымға тексеріс жүргізген жергілікті Салық комитеті аталмыш грант үшін 1 млн 896 мың теңге көлемінде корпоративті табыс салық төлеуін талап етті.

- Олардың түсіндіруінше, бізде керек құжаттар түгел емес. Біз ауданаралық экономикалық сотқа барып шағымданып, екі рет жеңдік.. Бірақ өткен жылдың қыркүйек айында облыстық соттың бақылау коллегиясы бізге грант беруші ұйымның Үкімет қаулысында бар халықаралық ұйымдар тізімінде жоқ екенін айтып, жоғарыда аталған сот шешімдерін кері қайтарып алды. Бұл дәйекті Бас прокуратура да келтірді. Қазіргі сәтте ұйымды қорғаудың заңнамалық механизмдерінің барлығы түгесілді,– дейді Майра Әбенова.

Мұнымен қатар ұйым басшысы қолданыстағы заңнамада қарама-қайшылықтардың көптігі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Ал Қазақстандағы Адам құқығын қорғау бойынша халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдарының талабы заңсыз дейді. Оның айтуынша, ҚР-сының Салық Кодексіне сәйкес, мемлекет немесе халықаралық ұйымдар мен қорлар ұсынған қайтарымсыз мүлік грант ретінде танылса, онда оған корпоративті табыс салығы салынбайды.

- «Дом» қоғамдық ұйымының Конституциялық сотты қалпына келтіру жобасы коммерциялық жоба емес. Бұл мұнай мен газды сату емес. Демократияны қолдау ұлттық қорының жеке ақшасы жоқ. Ол АҚШ-тың мемлекеттік департаментінен алған ақшаны жұмсайды. Яғни, ол тек қана АҚШ үкіметіне техникалық көмек көрсетушісі ғана. Қысқаша айтқанда, бұл АҚШ үкіметінің ақшасы болып шығады. Ол жайлы «грант туралы келісімде» де жазылған. Яғни, біздің Салық Кодексімізге сәйкес, мұндай гранттан корпоративті табыс салығы есептелмейді, ол қайтарымсыз көмек болып табылады.

Мұнан басқа құқық қорғаушының айтуынша, 1992 жылдан бері Қазақстан мен АҚШ арасында Мемлекеттік департаментке техникалық көмек көрсететін ұйымдар туралы келісім болған екен. Бұл келісімдегі тізімде Демократияны қолдаудың ұлттық қоры да бар көрінеді.

Бір қызығы, «Дом» қоғамдық ұйымының басындағы жағдай Алматыдағы Адам құқығын қорғау бойынша халықаралық бюро мен «Политон» қоғамдық ұйымында да қайталанып отырған көрінеді.
Сергей Дуванов. Алматы, 10 ақпан, 2009 жыл.


- Салық комитеті бізден әлеуметтік салық төлемейді деген заң бұзушылық тауып отыр. Біз оны төлеуге міндетті емеспіз. Біз сотқа шағымдандық. Сот бізді біреуінен екіншісіне қарай итерді. Соңғысы құжатымызды қарап көрді де: «Ал, сіз Дуванов, «Политонның» директоры екеніңізді дәлелдеңіз» деп қайтарып берді,– деді «Политон» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сергей Дуванов. Ол мұны саяси қоқан-лоққы деп бағалайды.

- Жалпы мен мұны кездейсоқ болған жайт деп атамас едім. Міне, әртүрлі бағытта жұмыс жасайтын үш ұйым. Үшеуі де біздің шенеуніктерше айтқанда, «қарғыс атқан буржуазияның гранттарын алған». Біздің шенеуніктердің арасында Үкіметтік емес ұйымдар жайлы «Кім төлейді, сол әуенге тапсырыс береді» деген стеоротип қалыптасқан.

Олардың көзқарасынша, егер ұйымды батыс қаржыландырса, онда ол солардың әнін айтады. Бұл идеология советтік дәуірден бері жалғасып келе жатыр. Бұл авторитаризмнің көрінісі. Үкіметтік емес ұйымдарға жасалған осындай шабуылдардың нәтижесі көзге ұрып тұр. Мен Адам құқығын қорғайтын бюроның жағдайы қандай болатынын, егер «Политонның» есепшоты құлыпталса, оның қалай жұмыс істейтінін білмеймін,– деді Сергей Дуванов.

Осылай деп мәлімдеген жоғарыда аталған ұйымдар жергілікті Салық комитетінің үстінен шағымданып отыр. Олар өздерінің ісінің дұрыс екендігін дәлелдеп шығатынына сенімді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG