Accessibility links

БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімдері: соттағы қайшылық


Азапталғанын дәлелдеп шыққан Расим Байрамов.

Азапталғанын дәлелдеп шыққан Расим Байрамов.

Қостанай облысы Рудный қаласы тұрғыны Расим Байрамов БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің қаулысы негізінде облыстық ішкі істер департаментінен моральдық өтемақы өндіру ісіне қатысты сотта жеңіп шықты. Бірақ Астана соты осындай тағы бір іс бойынша БҰҰ шешімін қанағаттандырмай тастаған.

РАСИМ БАЙРАМОВТЫҢ ІСІ

Бүгін Қостанай қалалық соты полиция азаптауына ұшыраған әрі жазықсыз сотталған жергілікті тұрғын Расим Байрамовтың талап-арызын жарым-жартылай қанағаттандыру және өтемақы ретінде 100 мың теңге төлеу туралы шешім шығарды.

Қостанайдағы адам құқығы бюросының жетекшісі Анастасия Миллер Азаттық тілшісіне «Байрамов полициядан өтемақы ретінде 100 миллион теңге талап еткен, бірақ мәселе ақшада емесе» дейді. Оның айтуынша, соттың бұл шешімі арқылы мемлекет Расим Байрамға келтірілген зардапты мойындады әрі халықаралық органдардың шешімін орындауға қадам жасады.

Мемлекеттік органдар баяғыда орындауы тиіс болған міндетін жәбірленуші бүкіл сот инстанцияларынан өтіп келген соң ғана орындады, - дейді Анастасия Миллер.

Биыл мамыр айында БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті сот кезінде «қылмысын азаптау арқылы мойындатқан түсініктер» Расим Байрамовқа қарсы пайдаланылған, сондықтан оның моральдық зиян үшін өтемақы мен оңалту шараларын талап етуге құқы бар деп тапқан.

Расим Байрамовты «дүкеннен ақша мен үш бөтелке сыра ұрлады» деген айыппен 2008 жылы бес жылға соттаған. Кейін ол «полицейлер азаптаған соң жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүр болдым» деп мәлімдеген. Оның анасы Наталья Байрамованың Азаттық тілшісіне айтуынша, «дәлізде баласының шашынан сүйреген, басынан, бүйрегінен ұрып, тепкілеген, ұйықтатпаған». Байрамов колониядан үш жыл бұрын мерзімінен бұрын шартты жазамен босаған.

Анастасия Миллердің айтуынша, қазір арнайы прокурорлар басқармасында азаптау туралы қылмыстық іс қаралып жатыр, азаптауға қатысы бар екі күдікті анықталған. Қылмыстық іс БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешімінен кейін қозғалған.

Қостанайлық Александр Герасимов.

Қостанайлық Александр Герасимов.

Бұл - БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінде азаптауға ұшырағанын дәлелдеп қана қоймай, өтемақы туралы талап-арызы сотта қаралып, жеңіп шықан екінші адам.

Былтыр қарашада Қостанайдың қалалық соты азаптағаны үшін жергілікті полицияны Александр Герасимовқа моральдық өтемақы ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеген. Соттың бұл шешімі де 2012 жылдың мамырында БҰҰ-ның комитеті азаптау фактілерін мойындап, Қазақстанды Герасимовтың шағымдарын дұрыс тексеруге және оған өтемақы төлеуге міндеттеген шешімінен кейін шыққан.

ЕВЛОЕВТІҢ ІСІ: ҚАЙШЫЛЫҚ

Бірақ Астанадағы құқық қорғаушылар «елде халықаралық деңгейде заң жүзінде дәлелденген жайттарды азаптау құрбандарының қайта дәлелдеуіне тура келетін жаңа құбылыс пайда болды» деп сынайды.

Қарашаның аяғында Астана қалалық апелляциялық соты БҰҰ комитеті азаптау фактілерін мойындағанымен, полицейлердің азаптағаны үшін түрмедегі Олег Евлоевқа моральдық өтемақы өндіріп беруден бас тартқан.

Ал Қазақстандағы адам құқығы бюросының Астана қалалық филиалы жетекшісі Анар Ибраева «Астана БҰҰ-ның азаптауға қарсы шешімін елеусіз қалдыра алмайды. Бірақбұл іске қатысты жоғары деңгейдегі сот инстанциялары ғана тиісті шешім шығарар деген үміт бар» дейді.

Олег Евлоев сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл7

Олег Евлоев сотта отыр. Астана, 31 наурыз 2009 жыл7

2009 жылы Астананың 33 жастағы тұрғыны Олег Евлоевті «кәсіпкер Марат Есемсейітовтың әйелі мен кішкентай үш баласын өлтірген» деген айыппен өмір бойына түрмеге кескен. Евлоев ол кезде «бұл - қолдан жасалған іс, қылмысқа қатысым жоғын растайтын дәлелім бар» деп мәлімдеген. Биыл ақпанда БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті тергеу амалдары кезінде Евлоевты азаптаған деп тапты. Бірақ Астана соты бұл шешіммен келіспеді.

- БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті дәлел ретінде шешім қабылдағанын сот инстанцияларының ешқайсысы ескермеді. Оны тіпті талқыламай да қойды. Мүлде ескерусіз қалдырды да, енді «дәлел келтірген жоқсыңдар» деген сылтау айтады, - дейді Олег Евлоевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

Ел билігі мұнымен келіспейді. Ертеректе президент жанындағы ұлттық адам құқығы орталығы Азаттықтың Олег Евлоевтің ісі бойынша шыққан сот шешіміне қатысты «Қазақстан БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетінің шешімін орындауға және мемлекет азаптау арқылы келтірілген зиянның өтемақысын төлеуге міндетті ме?» деген сұрақтарына жауап берген. Ресми жауапта «азаптауға қарсы конвенция мен азаптауға қарсы комитеттің жұмысын реттейтін өзге құжаттарда комитет қабылдаған шешімдер міндетті түрде орындалуы тиіс деген императивті нұсқаулар жоқ» деп жазылған.

Ұлттық орталық «бірақ мемлекет аталған конвенцияға қосылу арқылы азаптауға қарсы конвенция талаптарын орындау туралы міндеттемелерді өз еркімен алды» деп түсіндіреді.

Енді Олег Евлоевтың заңды өкілдері мен құқық қорғаушылар БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитеті шешіміне қарамастан, оның азаптауға ұшырағанын елдің жоғары деңгейдегі соттарына дәлелдеуі тиіс.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG