Accessibility links

Хьюман Райтс Уотч: «ЕҚЫҰ төрағалығы да Қазақстанға көмектесе алмады»


Қолшатыр ұстаған полиция қызметкері. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қолшатыр ұстаған полиция қызметкері. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Дүйсенбі күні «Хьюман Райтс Уотч» ұйымының әлемдегі адам құқығы жағдайына арналған баяндамасы жарық көрді. Ұйымның бағалауынша, Қазақстанда адам құқығының жағдайы жақсармай келеді. Бұған тіпті өткен жылғы төрағалық та көмектесе алмаған.


2010 жылдағы әлемдегі адам құқығының жағдайын саралаған «Хьюман Райтс Уотч» ұйымы кезекті баяндамасында Қазақстанға бес бет арнапты.

«Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы болуына қарамастан, елдегі адам құқығы саласында өрескел заң бұзушылықтар жалғаса берді. БАҚ еркіндігі мен интернеттегі сөз бостандығын шектейтін заңдар еш өзгеріссіз сол күйінше қалып, кілттенген веб-сайттар мен блогтар тізімі азайған жоқ» деп басталады баяндама.


СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ


Халықаралық ұйым қазақ үкіметінің «тәуелсіз ақпарат құралдарының дамуына мүдде танытпай, керісінше өздерін сынаған журналистерге қысым жасап, елдегі сөз еркіндігінің тынысын тарылтып отырғанын» сынайды. Жауапкерден шексіз өтемақы талап ете алатын арнайы заң баптарының кесірінен елдегі санаулы тәуелсіз басылымдардың кейбірінің хал-ахуалы, ұйымның бағалауынша, қазір тым мүшкіл көрінеді.

«2010 жылдың шілде айында сот «Уральская неделя» газетінің «Тенгизнефтестрой» компаниясына моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге (136 000 АҚШ доллары) төлеу туралы шешімін күшінде қалдырды. Басылым 2009 жылдың тамыз айында тендерде жеңіске жететініне сенімді болып, тіпті қажетті құрылғысына дейін сатып алып дайындап қойған мұнай компаниясы туралы сыни мақала жариялаған болатын. Бұл фактілердің рас екенін компанияның өзі де сот тыңдаулары кезінде мойындаған еді» делінген баяндамада.

Ұйым өкілдері бұған қоса мемлекеттік құпияны жариялады деген айыппен сотталған «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповке
«Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргеповті үкім шығатын күні сотқа апара жатыр. Тараз, 8 тамыз 2009 жыл.
шартты түрде бостандық берілмеуін де сынап, оның сотының жабық түрде өткенін де адам құқығына қайшы екенін атап көрсетеді.

Өткен жылдың басында «деструктивті сайттардың қара тізімін» жасауды бастаған Байланыс және ақпарат министрлігінің әрекетін назардан тыс қалдырмаған ұйым ізінше ЛайфЖорнал, «Республика» сайттары сияқты қазіргі таңда кілттенген сайттар тізімін келтіреді.


САЯСИ ТҰТҚЫНДАР


«Хьюман Райтс Уотч» ұйымы Қазақстанның бейбіт жиын өткізіп, өз пікірлерін ашық айтқан азаматтарды сотқа тартып, тіпті кейбіреулерін бірнеше жылға бас бостандығынан айыруын да айыптайды.

Ұйым келтірген мысалдар арасында өткен жылы «рұқсат етілмеген акция өткізді» деп айыпталып, ізінше «полицияға бағынбай, сотты құрметтемегені
«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев сот залында. Алматы, 14 мамыр 2010 жыл.
үшін» төрт жылға бас бостандығынан айырылған «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев та бар.

«Белсенділердің сотталуы» бөлігінде өткен жылдары сотталған оппозициялық саясаткер Айдос Садықов пен құқыққорғаушы Евгений Жовтистің істеріндегі заңға қайшы әрекеттер толық баяндалған.


ЭКСТРАДИЦИЯЛАНҒАН ТӨРТ БОСҚЫН


Халықаралық ұйымның пікірінше, Қазақстанда «Босқындар туралы» заңның қабылдануы елден саяси баспана сұрап, босқын мәртебесін ала алмай жүрген азаматтардың жағдайын қиындатып жіберген.

Ұйымның бағалауынша, қазіргі уақытта әсіресе Алматыда қамауда жатқан 40 шақты өзбек босқынының тағдыры қыл үстінде. Өз елдерінде діни экстремизм үшін айыпталған бұл азаматтар отандарына барса, қысым көріп, азапқа ұшырайды. Соған қарамастан бұл жайтқа Қазақстан жағы көз жұма қарап отыр деп баға береді ұйым.

«Олардың Өзбекстанда қуғындалып, азаптауларға ұшырағанына қатысты бұлтартпас дәлелдер бар. Бұл тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан Өзбекстанға төрт адамды қайтарып жіберген. Олардың екеуі – Тәжікстан
Жиырма жастағы өзбек босқыны Файзулаххон Акбаровтың анасы Рахима Акбарова соттың ұлына кескен үкімін естіді. Алматы, 27 желтоқсан 2010 жыл.
және Қырғызстан азаматы болғанмен – этникалық өзбек» делінген баяндамада.

Баяндамада елде бала еңбегін пайдалану мәселесінің де ушығып кеткені айтылады.

Қазақстандағы адам құқығы саласында өрескел қателіктерге тоқталған ұйым халықаралық аренадағы басты ойыншыларды да сынап өтеді.

Олар өткен жылы Қазақстанның төрағалығын пайдалана отырып, елдегі құқық саласында реформаларды жүзеге асыртуда табандылық таныта алмады дейді «Хьюман Райтс Уотч».
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG