Accessibility links

Үкіметтік емес ұйымдар адам құқығы жағдайы туралы баяндама әзірлеуге кірісті


Human Rights Watch ұйымының өкілі Мэри Лисицина. Алматы, 4маусым, 2009 жыл.

Human Rights Watch ұйымының өкілі Мэри Лисицина. Алматы, 4маусым, 2009 жыл.

2010 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде есеп береді. Мұндай есепті әлемнің 192-і мемлекеті әрбір 4 жыл сайын дайындайды. Ал өз тарапынан есепке атсалыспақшы Қазақстандағы бейүкіметтік ұйымдар кеңес назарына өз үндерінің жеткенін қалайды.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМ ӨКІЛІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫ БЕЛСЕНДІЛІККЕ ШАҚЫРДЫ

2010 жылы Қазақстан тұңғыш рет Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесіне Әмбебап периодикалық шолу механизмі бойынша өзінің алғашқы Баяндамасын ұсынады. Баяндама біржақты шықпас үшін кеңесте Ұлттық баяндамамен қатар азаматтық қоғам өкілдерінің жасаған балама нұсқасы да қарастырылмақ. Оны елдегі үкіметтік емес ұйым өкілдері дайындайды.

Сорос-Қазақстан қорының құқықтық бағдарламасы бойынша үйлестірушісі Гайдар Өтешов:

- 2010 жылға дейін мемлекет өзінің ұлттық баяндамасын ұсынуы тиіс. Бірақ баяндаманы дайындау барысында міндетті түрде азаматтық қоғам өкілдері де араласуы керек. Егер олардың ұсыныстары ескерілмейтін болса, онда бұл жағдай үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан жасалатын баяндамада көрсетіледі. Адам құқықтары кеңесі жанындағы комиссариатқа үкімет өзінің ұлттық баяндамасын тапсырса, азаматтық қоғам өкілдері өздерінің баяндамаларын ұсына алады. Бұл баяндамалар салыстырылып, соған қарап сарапшылар баға береді.

Human Ritch Watch ұйымының өкілі Мария Лисицина кеңесте Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің де «даусы» көлеңкеде қалмас үшін олардың белсенділігі қажет дегенді айтады.

- Әдетте мемлекеттерден ұлттық баяндаманы әзірлеуде азаматтық қоғам өкілдері араласты ма деп сұрағанда, барлығы бір ауыздан «әрине» деп жауап береді. Мәселен, Ресей Федерациясы өкілдеріне дәл осы сұрақ қойылғанда, олар «өте нәтижелі консультация болды» деп жауап берді. Барлығы да ешнәрсе болмағанын айтпай-ақ ұқты. Қалай болғанда да үкіметтік емес ұйым өкілдеріне бір рет мүмкіндік беріледі. Оны орынды пайдалану олардың белсенділігіне байланысты.

БҰҰ-ның ӘМБЕБАП ПЕРИОДИКАЛЫҚ ШОЛУЫ ҚАЗАҚСТАНДА АДАМ ҚҰҚТАРЫНЫҢ САҚТАЛУЫНА ӘСЕР ЕТЕ АЛА МА?

Қазақстанда әлеуметтік құқықтан бастап, қысым көрсету, дискриминация сияқты адам құқығы бұзылуының ауыр түрлеріне дейін кездеседі. Әмбебап периодикалық шолудың елдегі адам құқығы жағдайына қандай да бір әсері бола ма деген сұраққа мамандар төмендегідей жауап береді.

Қазақстандағы Адам құқықтары бойынша халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис
:

- Бұл мүмкіндік. Ал мүмкіндіктің қандай нәтиже беретінін ешкім білмейді. Себебі, бұл әлемде жаңа ғана үрдіс алып келе жатыр. Басқа елдер сияқты Қазақстан да елдегі адам құқығы жағдайы туралы есеп беретін болады. Яғни, бұл салада қандай процестер болып жатқанынан әлемді хабардар етеді. Өз кезегінде мемлекет Кеңес мүшелерінің жасаған байламдарын, ұсыныстарын естиді. Ал бұл ұсыныстар орындалуы тиіс. Яғни, азаматтық қоғамды алаңдатып отырған нәрселерге назар аудартудың мүмкіндігі.

Десе де, Human Ritch Watch ұйымының өкілі Мария Лисицина бұл ұсыныстар мемлекет үшін міндетті шарттар емес дейді:

- Міндетті түрде орындалуы тиіс БҰҰ комитетінің ұсыныстарынан айырмашылығы, комиссия мүшелерінің айтқан ұсыныстарынан мемлекет мүлде бас тартуына болады. Мәселен, өткен кеңесте Түркіменстан өзіне айтылған сындарды түсінетінін айтып, кейбіреулерін қарастырып, ал кейбіреулерін мүлде орындай алмайтынын ашық айтты. Ол саяси тұтқындар мен қара тізімдегі құқыққорғаушыларға бостандық беру туралы ұсыныстар болатын. Жалпы мұндай тәжірибені әу-баста Пәкістан бастаған еді. Олар алғашында ұсыныстан бас тартқанда кеңесте үлкен жанжал болды. Сол сияқты мәселен, Ұлыбритания мен Швейцария да барлық ұсыныстарды қабылдаған жоқ. Бірақ оның себебін нақты түсіндіріп берді. Есесіне мемлекет қабылдаған ұсыныстарды міндетті түрде орындауы тиіс болады.

Үкіметтік емес ұйым өкілдерінің өз ұсыныстарын жіберуге тек 3-ақ ай уақыты бар. Олардың көзқарасы бойынша, баяндамаға кіруі тиіс ең өзекті мәселелер: бала еңбегін пайдалану, әйелдердің құқығы, мүгедектердің қоғамға араласу мүмкіндігі, азаматтардың саяси құқықтарының сақталмауы т.б

Құқыққорғаушы Евгений Жовтис:

-Қазақстанда соңғы екі жылда адамдардың саяси құқығы, еркіндігі саласында кері жүру процесі байқалады. Қамаудағы Рамазан Есіргеповты алыңыз, «Тасжарған» газеті төңірегіндегі жағдай, «Алға» партиясының жағдайын қараңыз. Заңдық негізсіз саентология шіркеуін жабу. Яғни, елде алаңдататын жағдайлар тым көп. Әзірге, шешілмеген мәселелер көп.

«Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы Бақыт Түменова:

- Қазақстанда халықтың басым бөлігінің менталитеті әлі өзгерген жоқ. Олар әлеуметтік саладағы құқықты білмейді. Әрбір азаматтың қандай әлеуметтік құқығы бар деген сұрақтарға жауап жоқ. Үкіметтік емес ұйымдар күш біріктіріп, осы салада жұмыс істесе, үлкен резерв болар еді.

Зейнеткер Татьяна Беляева:

-Бізде адам құқығы әр қадам сайын тапталып жатады. Әсіресе, көресіні мына медициналық мекемелерден көрдім. Бір ғана мысал айтайын. Жақында қызым босанды. Сөйтіп, перзентханадағы дәрігерлерге ісім түсті. Өздерінің қолдарында тұрғанын біледі де, дәрігерлер одан сайын өркөкіректене түседі екен. Бір қол қойғызу үшін мені ары-бері жүгіртіп қойды. Қартайып қалғандықтан жүріп-тұруың қиын. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Қатты түңіліп кеттім. Неге бізде адамдар соншалықты қатыгез болып кетті?! Әлде дәрігерлер үшін Гиппократ антын алып тастағаннан ба екен?! Мен мұны кімге айтарымды білмедім. Өздерінен талап етсең, одан сайын өшігіп кетеді.

Әмбебап периодикалық шолу механизмі 2006 жылы наурызда БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарға сәйкес енгізілген. Оның мақсаты әрбір мемлекеттегі адам құқықтары жағдайын жүйелі түрде толыққанды зерттеу.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG