Accessibility links

2013 жыл: Қазақстандағы адам құқықтары


Қарсылық акциясына қатысқан азаматтарды полиция тұтқындап жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.

Қарсылық акциясына қатысқан азаматтарды полиция тұтқындап жатыр. Астана, 1 қазан 2013 жыл.

Халықаралық ұйымдар жиі сынайтын Қазақстанда 2013 жылы адам құқықтары өрескел бұзылған сот процестері, тәркілеу мен мәжбүрлі түрде емдету сияқты оқиғалар тағы қайталанды.

Қоғамдық мүддені қорғап жүрген эколог жұмбақ жағдайда қаза тапты. Бір журналист соққыға жығылды. Белсенділер қудаланып, әкімшілік жазаға тартылды. Қазақстанның құқық қорғау органдары адвокат пен дін қызметкерлерін елден кетуге мәжбүрледі. Азаттық 2013 жылы болған адам құқықтарына қатысты маңызды оқиғаларды инфокесте түрінде топтастырып ұсынады.

Эколог өлімі

Наурыздың 10-ы күні Алматы маңындағы Тастыбұлақ ауылының жанында саябақты отауға белсенді түрде қарсы шығып келген «Табиғат» экологиялық қозғалысының мүшесі Нұрлан Өтеулиевтің оққа ұшқан денесі табылды. Жазда Қарасай аудандық соты 27 жастағы Дмитрий Жабинді айыпты деп тауып, 10 жылға түрмеге кесті. Бірақ қаза тапқан экологтың туыстары мен жақтастары бұл қылмысқа қатысты жайттар толық анықталғанына сенбейтіндіктерін айтты.

Харламов ісі

Құқыққорғаушы, журналист Александр Харламов «діни араздықты қоздырды» деген айыппен наурыздың 17-сі күні қамауға алынды. Алты ай бойы қамауда отырған кезінде мәжбүрлі түрде психиатриялық тексеруден өтті. Тек қыркүйек айында ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қамаудан шықты. Сот оның ісін қайта тергеуге жіберді. Жақтастарының пікірінше, ол «адам құқығын қорғау қызметіне байланысты, жергілікті арнайы қызметті сынағандықтан қуғын көріп отыр». Харламовтың ісі халықаралық деңгейде назарға ілінген.

Пастор Қашқымбаев

Қылмыстық айып бойынша бес ай қамауда отырып, еркінен тыс психиатриялық сараптамадан өткен 67 жастағы астаналық пастор Бақытжан Қашқымбаев қазанның 10-ы күні абақтыдан босатылды. Бірақ сол күні қайта қамауға алынды. Алғашында ол «діни қауымға мүше әйелдің денсаулығына ауыр зардап келтірген» деп айыпталған. Кейін жәбірленуші пасторға тағылған айыпты жоққа шығарған. Қазан айында оған бұрынғыдан да ауыр экстремизм бойынша айып тағылды. Қазір ол Астана қаласындағы №12 тергеу изоляторында.

Баспасөз бостандығы

2013 жылы ақпарат алаңынан тәуелсіз, оппозициялық БАҚ-ты тықсыру үрдісі жалғасты. Жыл бойы «Правда Казахстана», «Правдивая газета», «Ашық алаң» сияқты тәуелсіз басылымдардың жұмысы «шығарылым деректерін жариялау тәртібін бұзғаны» үшін қайта-қайта тоқтатылумен болды. Өткен жылдың аяғында K+ телеарнасы мен «Республика» газеті бастаған 28 БАҚ сот шешімімен «экстремистік біртұтас БАҚ» ретінде танылған соң бірқатар оппозициялық БАҚ ақпарат таратудың балама жолдарын іздеп, қатты қыспаққа қарамастан жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Қазан айында соққыға жығылып, ауруханаға түскен ақтөбелік журналист Игорь Ларра (шын аты Игорь Ким) қайтыс болды. Оқиғаға байланысты бір адам сотталғанмен жақындары тағы бірнеше адамның жазаланбай бостандықта жүргенін айтады.

Қазақстаннан кетуге мәжбүрлеу

Бір жылдың ішінде екі рет айыпталған Ресей азаматы Петр Евтихеев (Софроний әкей) ақыры желтоқсан айында Ресейге кетіп тынды. 113 бала және 120 қарт пен мүгедек тұратын ол ашқан паналау орны Қазақстанның православ шіркеуіне өтті.
Қазақстанда 8 жыл заңды тұрған пастор Вячеслав Ли де осы уақыт бойы «сегіз рет әкімшілік заң бұзған» деген айыппен депортацияланды. Ол Бурабайдағы «Грейс» деген протестанттық шіркеу қауымын басқарған. Құқық қорғаушылар «Пасторды елден шығарып жіберу үшін әкімшілік заң бұзушылық сылтау ретінде пайдаланылды» деп мәлімдеді.

Психиатриялық ауруханаға тағы да күштеп қамалу қаупінен қорыққан балқаштық адвокат Зинаида Мухортова Қазақстаннан кетіп қалды. Тәуелсіз адвокат Зинаида Мухортова бірнеше рет мәжбүрлі түрде емделуге тап болған. Оның өзі де, жақтастары да саяси себеппен қуғын көргенін айтқан.

Зейнетақы «реформасы»

Маусым айында әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп ұлғайтатын және біртұтас зейнетақы қорын құруға мүмкіндік беретін «зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң қабылданды. Елде реформаға қарсы наразылық акциялары өріс алды. Жиындардың бірінде министр Серік Әбденовке жұмыртқа лақтырылды.

«Протон» апатынан соң

Биылғы шілдеде Байқоңырда «Протон» зымыраны құлаған соң елде «Антигептил» сияқты бірнеше белсенділер қозғалысы құрылып, наразылық шаралары ұйымдастырыла бастады. Олар Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын зымырандарда гептил отынын қолданбауды, АЭС салмауды, елге ядролық қалдықтарды әкелмеуді талап етті.

Саяси тұтқындардың жағдайы

2013 жылы Жаңаөзен оқиғасы бойынша түрмеге түскен азаматтардың жазасы қысқартылғанмен жеті сотталушы сол күйінше қамауда қалды. Ең көп жаза алған Роза Төлетаеваның қоныстандыру колониясына ауыстыру туралы өтініші бірнеше айдан бері сотта қаралып жатыр.

Қазақстан соты үкімді өзгертпегендіктен түрмедегі оппозициялық саясаткер Владимир Козлов пен құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің қорғаушылары БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданбақ. Курамшин биыл Людовик Трарье атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды.

Қамаудағы ақын, диссидент Арон Атабекке биыл тұңғыш рет жеңілдік жасалып, оны Арқалықтағы «жабық» түрмеден Қарағанды облысындағы Қаражал колониясына этаппен ауыстырды. Ал желтоқсан айында оны Қарағанды қаласындағы СИЗО-ға әкелді.

Баспана мәселесі

Биыл қазан айында банк алдындағы қарызын төлей алмай қалған көптеген борышкер азамат баспаналарынан күштеп қуылды. «Ипотекаға үй алып, банктердің тиімсіз несие шарттарының кесірінен қарызды қайтара алмай жүрміз» деп санайтын жүздеген адам Астанада наразылық акцияларын ұйымдастырды. Полиция олардың жиынын күшпен таратып, әкімшілік жазаға тартты. Борышкерлер еш нәтиже шықпаған соң қазан айында бастаған аштық жариялау акцияларын желтоқсанның аяғында амалсыздан тоқтатты.

ИНФОКЕСТЕ:

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG