Accessibility links

Қазақстанда құлдыққа түсушілер жәрдемге мұқтаж


Құлдыққа түскен адам. Көрнекі сурет

Құлдыққа түскен адам. Көрнекі сурет

Қазақстанда жергілікті тұрғындар кейде мигранттардан да қиын жағдайға қалып, құлдыққа түседі. БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Қазақстан үкіметін құлдықпен күресті күшейтуге шақырды.

Құлдықпен күрес бойынша мамандар Қазақстанда құлдықтың жыныстық қанау мен адам еңбегін қанау сияқты түрлері жиі кездесетінін айтады. Құлдыққа түсуге көбіне әлеуметтік жағдайы нашарлар, жұмыссыздар, баспанасыздар, құжаты жоқ адамдар бейім болады.

Азаттық тілшісіне мәлім болған төмендегі екі қыздың оқиғасы жыныстық қанау құрбандары бастан кешетін әдепкі оқиғаларға жатады. Кейіпкерлер аты-жөндерін өзгертіп беруді өтінді.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын 15 жастағы Вера осыдан бірнеше жыл бұрын анасынан сұранбай, Ира есімді құрбысымен бірге жолға шығып, Алматыдағы хат жазысу арқылы білетін танысына қонаққа келеді. Алматы маңындағы Есік қаласында тұратын танысы қыздарды бір қонақ үйге орналастырып, қалдырып кетеді.

ВЕРАНЫҢ ХИКАЯСЫ

Ақшасыз алған құрбылар әуелі үйлеріне қайту үшін пұл табу үшін жұмыс іздейді. Бірақ құжаттары жоқ, әрі кәмелетке толмаған қыздарды ешкім де жұмысқа ала қоймайды. Амалы таусылған қыздар «таныстары» қалдырып кеткен қонақ үйге қайта келіп, қонақ үй басшысынан жұмыс сұрайды. Әуелі үй сыпырып, кір жууға келіскен қыздарға қонақ үй жетекшісі сол күні-ақ жезөкшелік жолымен ақша табуды ұсынады.

«Біз апта бойы жұмыс істеп, ақысын сұрадық. Бізге ақша бермей, интимдік қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Күніне 15-20 клиентке қызмет көрсеттік. «Черная касса» болды. Әр клиенттен түсетін 5 мыңның 2 мыңы – полицияға, 1 мыңы – «черная крыша» деп аталатын адамға, 2 мыңы – қонақ үй иесіне. Үстінен түскен қосымша табысты қонақ үй иесі тартып алады» дейді Вера. Global Slavery Index ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 30 миллион адам әлі құлдықта.

Global Slavery Index ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 30 миллион адам әлі құлдықта.


Қонақ үй иесі қыздардың қашып кетпеуін қадағалап, оларды құлдықта ұстаған. Бірнеше рет қашып кетуге әрекеттенген қыздарды олар бірден ұстап алып отырған. Вераның айтуынша, бір мәрте оны тіпті полиция учаскесінен қонақ үйге қайтарыпты.

«Мені қайтарғаннан кейін қатты ұрып-соққаны соншалықты тіпті отыра да алмадым. Басым жарылды. Бір рет ауыр аяқ болып қалдым. Жатырдан тыс екіқабат болғандықтан, алдырып тастауға тура келді» дейді Вера.
Вераның сөзіне қарағанда қонақ үй иесі Өзбекстан, Қырғызстаннан келген қыздарды да жалдап, ақша тапқан. Вера және Ирамен салыстырғанда олар бостандықта өмір сүрген – өз еркімен келіп, жұмыс істеп тұрған.
Кәмелетке толмаған Вера мен Ира тек 2011 жылдың сәуір айында ғана полицияның арнайы рейді кезінде құлдықтан босап шығады.

ШАХИНЯННЫҢ СЫНЫ

Наурыздың 25-27 күндері БҰҰ-ның адамдардың құлдыққа түсуі мәселесі бойынша арнайы баяндамашысы Гүлнара Шахинян Қазақстан аймақтарын аралап, елдегі құлдыққа түсу жағдайын бақылап шықты. Бейсенбі күні сапарын қорытындылап, Астанада баспасөз конференциясын өткізген Шахинян Қазақстан үкіметін құлдықтың барлық түрлерімен күресті нығайтуға шақырды.

Тәуелсіз сарапшы Қазақстанға 2012 жылы алғаш келген кезде айтқан ұсыныстарының кейбірі орындалғанын атап өтіп, сол үшін алғыс айта келе, құлдық түрлерін жоюға арналған қадағалау механимздерін тезірек қолданысқа енгізуге шақырды.
Өкіл елдегі кейбір шаруашылықтарда бала еңбегін қанау әлі де бар екенін атап өтіп, еңбек инспекциясын кеңейтуге кеңес берді.

Шахинян мигранттардың жұмысқа орналасуын жеңілдететін көші-қон мәселелері бойынша заңнамаға енген өзгерістерді мақұлдап, мигрант балаларының оқуға мүмкіндіктерінің пайда болғанын оң бағалады. Алайда елдегі тіркелмеген жүмысшылар мен отбасыларға, әсіресе, балалардың медициналық көмек алуы үшін жеке идентификациялық нөмірдің енгізілуі бөгет болатынына алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ-ның сарапшысы елде талқыланып жатқан жаңа қылмыстық кодекс жобасына құлдықпен пара-пар жалға алу, күштеп еңбекке салу, ерте үйлендіру сияқты әрекеттерді қылмыс ретінде бағалауға шақырған.

Өкіл елдегі кейбір шаруашылықтарда бала еңбегін қанау әлі де бар екенін атап өтіп, еңбек инспекциясын кеңейтуге кеңес берді.

«Құлдық ұғымын анық түсінбейінше оны анықтау және оның алдын-алу, еңбекпен қанау мен ауыр жұмысқа салуды жою іс жүзінде мүмкін емес. Бірақ бейхабарлық пен түсінбестік бір сәтте жойылмайды» деді ол.

Үш күндік сапар аясында Гүлнара Шахинян орталық мемлекеттік басқару органдарының, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтардың өкілдерімен кездескен. Тәуелсіз сарапшы бұған қоса мәжбүрлі түрде неке қию және тұрмыстық жағдайда құлдыққа түсу сияқты мәселелермен де айналысады.

Walk Free Foundation құқық қорғау ұйымының есебі бойынша Қазақстанда 44 мың адам құлдыққа салынған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG