Accessibility links

Адам саудасы құрбанын анықтау оңай емес екенін айтады


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Құқық қорғаушылар дерегінше, мұндай қылмысты тыюға жемқорлық пен мардымсыз айғақ та кедергі келтіре береді.

«Сана сезім» ұйымының өкілі Лилия Халиулинаның сөзінше, Қазақстанда адам саудасы құрбаны болған жандардың жағдайы өте қиын. Ол Өзбекстаннан Қазақстанға келген еңбек мигранты Рашидтың мысалын айтты.

- Рашид бірнеше жыл Шымкенттегі кәсіпкердің жеміс-жидегін өсіріп, жерін отап, шаруашылығына көмектескен. Әдетте жазғы маусымда Өзбекстаннан келіп-кетіп істеп жүрген Рашид өткен жылы қысқа дейін қалуға мәжбүр болған. Жұмыс берушісі оның паспортын алып, ақшасын төлемей қойған, – дейді Лилия Халиулина.

Оның сөзінше, суық сарайда тұрып, нан мен шайдан өзге ас ішпеген Рашид суық тигізіп, аяғы іріңдей бастаған.

Адамдардан тығылып, Шымкентке бір тәулік дегенде жаяу әрең жеткен. Бірақ қайда барарын білмей, қалалық мешіттің маңында қайыр сұрап күн көрген.

- Амалы таусылған ол қыста қашуға мәжбүр болған. Адамдардан тығылып, Шымкентке бір тәулік дегенде жаяу әрең жеткен. Бірақ қайда барарын білмей, қалалық мешіттің маңында қайыр сұрап күн көрген, – дейді Лилия Халиулина.

«Сана сезім» ұйымы өкілі Рашидке көмектескендерін, алайда іріңдеген аяғын кестіріп тынған ол азаматтың еліне мүгедек болып қайтқанын айтты.

АДАМ САУДАЛАУШЫЛАР ЖӘНЕ БИЛІК ПЕН ПОЛИЦИЯ

Рашид сияқты адам саудасы құрбаны болған жандардың ахуалы «Дағдарыс орталықтарының одағы» ұйымы шілденің 21-і күні Алматыда бастаған екі күндік жиында да сөз болды. Адам саудасы құрбандарының құқығын қорғау мәселелеріне арналған бұл семинарға ішкі істер министрлігінің, үкіметтік емес ұйымдардың, облыстық адвокаттар алқасының өкілдері қатысып отыр.

Бұл жиынға қатысушылардың бірі, Көкшетаудағы«Адам саудасынан зардап шеккендерге арналған үйдің» жетекшісі Галина Морозова 2001 жылдан бері 180-ге жуық адам саудасы құрбандарына көмектескендерін айтады.

Галина Морозова.

Галина Морозова.

- Бізге негізіне жыныстық қызмет көрсету үшін құлдықта болған қыз-келіншектер келеді. Екі жыл бұрынғы өзіміздің жүргізген зерттеулеріміз көрсеткендей, ондай қыздар сутенерге күніне 8 мың теңге алып келуі тиіс болған. Ауырып қалды ма, клиент болды ма, болмады да, бәрібір – бұл «салықты» төлеуге міндетті, – дейді Галина Морозова.

Адвокат Айман Омарова «мұндай адам саудасы құрбандарын қорғаудағы басты мәселе – оны анықтау» деген пікір айтты.

- Әдетте құрбан болған адамды анықтау мүмкін емес, өйткені олар қорыққаннан оқиғаны ашып айтпайды. Екінші мәселе – жемқорлық деңгейі. Өйткені адамды саудалайтындардың әдетте билікке не полицияға қатысы болады. Үшіншіден, дәлелдеу базасы – яғни адам саудасы құрбаны құтқарылған сәттегі алынатын айғақтар мардымсыз болады. Кейін сотта бұл істе айыпты адам «адам саудасы» бабы бойынша емес, «өктемдік» бабы бойынша жауапқа тартылып жатады, – дейді адвокат.

Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Ал «Халықаралық құқықтық бастама» үкіметтік емес ұйымының президенті Айна Шорманбаева Қазақстанда адамды негізінен жыныстық қызмет көрсету және құлдыққа салу үшін саудаға түсетінін, құқық қорғаушылар әсіресе балаларды сату фактілеріне алаңдайтынын айтады. 2016 жылдың алғашқы алты айында «кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту» бабы бойынша 11 іс тіркеліп, олардың біреуі сотқа жіберілген.Кәмелетке толмағандарды сату фактісі бойынша 36 іс өндіріске түсіп, оның 19-ы сотқа кеткен.

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің өкілі Арман Матжанның дерегінше, елде 2016 жылдың алғашқы алты айында адам саудасына қатысты 318 қылмыстық іс тіркелген.

- Олардың 106-сы сотқа жеткен. Жеткілікті дәлел болмағандықтан, 25 іс жабылған, – дейді Матжан Арман.

Ал 2015 жылы адам саудасына қатысты іс 331 тіркелген еді.

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің өкілі Арман Матжан.

Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің өкілі Арман Матжан.

Қазақстан қылмыстық кодексіне 2013 жылы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар адам саудасына қатысты жауапкершілікті күшейткен. Кодекстің 128-бабы – адам саудалаған, 134-бабы – кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартқан,135-бабы – кәмелетке толмағандарды саудалаған, 308-бабы – жезөкшелiкпен айналысуға тартқан, 309-бабы жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырған немесе оларды ұстаған және сутенер болған адамдарға арнайы жаза бұйырады.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG