Accessibility links

Аштық жариялаушылар Қазақстандағы саяси тұтқындардың босатылуын талап етеді


Аштық жариялаған Ербол Нұрғалиевті дәрігер тексеріп тұр. Алматы, 7 мамыр 2010 ж.

Аштық жариялаған Ербол Нұрғалиевті дәрігер тексеріп тұр. Алматы, 7 мамыр 2010 ж.

Жасарал Қуанышәлі бастаған жеті азаматтың Алматыдағы аштық акциясына апта толды. 15 тәулікке қамалған Ермек Нарымбаев абақтыда ашығып жатыр. Қара судан басқа нәр татпай отырған олардың денсаулығын дәрігерлер жұма күні ғана тексеруге келді.





«НАЗАРБАЕВТЫ ТАЙДЫРУ ҮШІН ӨЛУГЕ ДАЙЫНБЫЗ»


Аштық акциясын мамырдың 1-і бес адам бастаған болатын, кейін олардың қатарына тағы екі кісі қосылды. Наразылық іс-әрекеті ресми тіркеуде жоқ «Алға» партиясының ғимаратының ауласында өтіп жатыр.

Олар билікке алты талап қойды: «Назарбаев, кет!», «адал сайлау», «әділ сот», «еркін БАҚ», «еркін митингілер, пикеттер мен шерулер», «Қазақстандағы барша саяси тұтқындарды босату».

Акцияға қатысушылардың бірі Жасарал Қуанышәлиннің айтуынша, қара сумен қоректеніп жатқан бұлар ашығуды алты талап орындалғанда ғана доғаруға бел шешіпті.

- Аштықтың мерзімі шектелмеген. Біздің дегеніміз болмаса, менің өзім аяғына дейін баруға дайынмын. Елдің Назарбаевтан бостандығы үшін өлуге дайынбыз. Мысалы, ол әлі бір отыратын шығар. Оған дейін адам аштыққа шыдамайды, өліп кетуі мүмкін, - дейді Жасарал Қуанышәлин.

АУРУХАНАҒА ЖАТПАЙДЫ, ДӘРІ ІШПЕЙДІ

Акция өткізушілердің айтуынша, аштық басталғалы бергі уақытта бұларға билік тарапынан ешкім келмеген. Тіпті, бұл араға дәрігерлердің өзі бір апта дегенде әзер жетіпті.

- Бүгін аудандық емхананың дәрігерлері тексеріп кетті. Осыдан екі күн бұрын қалалық денсаулық сақтау департаментіне, қалалық прокуратураға хат жіберілген болатын. Соның нәтижесі болар деп ойлаймын. Бірақ билік өкілдері мұнда келмеді, - дейді Жасарал Қуанышәлі.
Аштық жариялаушы Жәнібек Имамазировтың салмағын өлшеп жатыр. Алматы, 7 мамыр 2010 ж.

Дәрігерлер ашығушы Ербол Нұрғалиевке қан қысымының төмендігіне байланысты ауруханаға жатуға кеңес берген. Бірақ ол мұндай ұсыныстан бас тартып отыр. Бұған қоса ашығушылар адам ағзасына қуат беруге арналған дәрумендер қабылдау кеңесін де орындаудан бас тартты.

АБАҚТЫДАҒЫ АШТЫҚ

Аштық бастағандардың арасында «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев та бар. Нарымбаев аштық жарияланған күні-ақ полицияның қолына түсіп, оны заңсыз шеру өткізді деген әкімшілік жазамен 15 күнге абақтыға жапқан болатын. Бірақ Нарымбаев аштық акциясын түрмеде де тоқтатпаған.

Зайыбы Зоя Нарымбаева абақты жағдайында аштық акциясын өткізіп жатқан күйеуінің денсаулығына қатты алаңдайтындығын, бірақ абақты басшылығы Нарымбаевпен кездесуге рұқсат бермей отырғандығын мәлімдеді. Нарымбаев түрмеде сумен ғана қоректеніп жатыр.

- Су алып барамын. Кездесу өз алдына, онымен телефон арқылы сөйлесуге, хат жазып жіберуге болмайды. Бейсенбі күні Ермекті аппеляциялық шағымды қараған қалалық сотқа алып келді. Осы сәтті пайдаланып, оны дәрігерге қараттым. Бірақ күзетке жауапты кісі оның өмірін өз жауапкершілігіне алып, абақтыға қайтып алып кетті, - дейді Зоя Нарымбаева.

Нарымбаев абақтыда сыртқы әлемнен хабарсыз жатқанда, ашық аспан астында ашығушылар жұма күні соғыс ардагері Зейнолла Өміржановпен кездесті. Акцияға қатысушылар мейрам күндері қарсаңында отставкадағы полковниктің жағдай сұрап келуі өздеріне үлкен демеу екендігін айтып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG