Accessibility links

Саяси аштық акциясын оппозиция қолдамағанымен, аймақтар үн қоса бастады


Саяси аштық акциясындағылар тұрып жатқан шатырлар. Алматы, 11 мамыр, 2010 жыл.

Саяси аштық акциясындағылар тұрып жатқан шатырлар. Алматы, 11 мамыр, 2010 жыл.

Алматыда Назарбаевтың биліктен кетуін талап етушілердің ашыққанына 11 күн болды. Аймақтарда оларды қолдау науқаны басталды. Ашығушылардың қатарындағы денсаулығы жарамай шығып қалғандардың орнын өзгелері толтыруда.

Алматыда ресми тіркелмеген «Алға» партиясы ғимаратының ауласында өтіп жатқан аштық акциясын алты адам жалғастырып жатыр. Олар: Жасарал Қуанышәлі, Ербол Нұрғалиев, Құралбек Ақназаров, Мұхамеджан Құдысұлы, Мейірхан Әбдіманапов. Ал Ермек Нарымбаев абақтыда ашығып жатыр.
Ашығушылар:( солдан оңға қарай) Құралбек Ақназаров, Мейірхан Әбдіманапов, Есенбек Өктешбаев- қолдау танытып келіп отыр, Жүсіп Ерғалиев, Мұхемеджан Құдысұлы, Жасарал Қуанышәлі, Ербол Нұрғалиев. Алматы, 11 мамыр, 2010 жыл.

Ашығушылардың бірі Қуанышәлінің айтуынша, өткен аптада Жүсіп Ерғалиев пен Жәнібек Имамәзіров денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты акциясын тоқтатуға мәжбүр болған. Бірақ олар басқа да ашығушыларға қолғабыс ету үшін осында қалған.

БИЛІК ПЕН "ЖАЛҒАН" ОППОЗИЦИЯ КӨРІНБЕЙДІ

Акцияға қатысушылардың айтуынша, дәрігерлер 6 мамырдан бастап ашығушылардың жағдайын күнделікті тексеріп отыратын болған. «Халық билігі» блогы - «Алға» партиясы мен Қазақстан коммунистері партиясы аштық акциясындағыларға қолдау көрсетіп келеді.

Қуанышәлінің айтуынша, акция басталғалы бері билік тарапынан ешкім келмеген. Бұған қоса ашығушылар оппозициялық «Азат» ЖСДП өкілдерінен қолдау болмағандығына ренжіп отыр.

- Басқа партиялардан, соның ішінде «Азаттан» ешкім қарасын да көрсеткен жоқ. Олар да үкімет сияқты. Өйткені олар «жалған оппозиция» ғой, - дейді Қуанышәлі.

«Азат» ЖСДП президиумының мүшесі Маржан Аспандиярованың пікірінше, мұндай саяси акциялар арқылы Назарбаевты биліктен тайдыру мүмкін емес.
Аштық жариялаушы "Жаса, Азаттық!" қозғалысының жетекшісі Жасарал Қуанышәлі.


- Менің өз басым Жасаралдың азаматтығын сыйлаймын, шындықты талап еткені дұрыс деп есептеймін. Дегенмен де әлгіндей іс-шаралар арқылы Назарбаевты биліктен кетіру мүмкін емес деп ойлаймын. Жәкең, ең алдымен, денсаулығын ойласа екен. Өйткені қазіргі билікке адамның денсаулығы да қажет емес, бәрібір құлақ асып жатқан жоқ, - дейді Аспандиярова.

АЙМАҚТАР ҚОЛДАЙДЫ

Бұл уақытта аймақтарда Қуанышәлі бастаған топты қолдау акциясы басталып кетті. Атап айтқанда, Ақтөбе облысының бір топ азаматы штаб құрып, қолдаушылардан қол жинау науқанын жүргізіп жатыр.

Ұйымдастырушылардың бірі Ғазиз Төртбаевтың айтуынша, белсенді топ аштық акциясының аумағын аймақтарда кеңейтуді көздеп отыр.

- Қазірдің өзінде 11 адам қол қойды. Біздің мақсатымыз – Алматы ғана емес, басқа өңірлерде де билікке қарсы шығуға дайын жұрт бар екендігін көрсету болып отыр. әзірге қол жинау жүріп жатыр. Солардың арасында аштық жариялаймын дегендері болса, баспасөзге хабарлаймыз, - дейді Төртбаев.
Аштық жариялаушылардың алға тартып отырған талаптарының тізімі. Алматы, 11 мамыр, 2010 жыл


Ақтөбеліктер өз үндеуінде билікті келіссөздерге, ашығушылардың алты талабын орындауға шақырды.

«Біз өз тарихымызда тәуелсіздік пен мемлекеттікті бірнеше рет жоғалттық. Әрбіріміздің кеудемізде қазақ рухы тірі тұрғанда енді ұлт басына мұндай қайғылы және қасіретті жағдайлардың төнуіне жол бермейміз» делінген үндеуде.

АБАҚТЫДАҒЫ АШТЫҚ

Ашығушылардың бірі, «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев, наразылық іс-шарасын абақтыда жалғастырып жатыр. Нарымбаев аштық жарияланған күні-ақ полицияның қолына түсіп, ол заңсыз шеру өткізді деген әкімшілік жазамен 15 күнге абақтыға жабылған болатын.

Зайыбы Зоя Нарымбаеваның айтуынша, әкімшілік жазаға тартылушы алдағы дүйсенбі күні абақтыдан босап шығуы тиіс.
- Ермекті жексенбіден дүйсенбіге қараған түні босатады. Әзірге мен күнделікті ішетін суын тасып жүрмін. Абақтыдағы күзетшілер бәрі жақсы дегеннен өзге ештеме айтпайды, - дейді Зоя Нарымбаева.

Аштық акциясы 1-ші мамырда басталған болатын. Ашығушылар билікке алты талап қойды: «Назарбаев, кет!», «адал сайлау», «әділ сот», «еркін БАҚ», «еркін митингілер, пикеттер мен шерулер», «Қазақстандағы барша саяси тұтқындарды босату».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG