Accessibility links

«Сонар - 2009»: Қазақстан құсбегілерінің ең кішкентайы - 7 жаста, үлкені - 70 жаста


Республикалық "Сонар-2009" жарысына қатысушы бүркітшілердің бір тобы. Талғар, 15 ақпан, 2009 жыл.

Республикалық "Сонар-2009" жарысына қатысушы бүркітшілердің бір тобы. Талғар, 15 ақпан, 2009 жыл.

Құсбегілік өнерінің Қазақстандағы ұлттық спорт ойындары тізіміне енгеніне он жыл болды. Содан бері жыл сайын бүркітшілер жарысы өткізіліп келеді. Ақпанның 14-15-і аралығында Алматы маңындағы Талғар жазығында «Сонар 2009» деп аталатын республикалық Құсбегілер жарысы өтті.

Биыл додаға Қазақстанның 5 облысынан сайланып әкелінген 48 сайыпқыран бүркіт қатысты. Ұйымдастырушылар бүркітшілердің жасы жылдан - жылға жасарып келе жатқандығын мақтанышпен айтуда. Мәселен, биылғы жарысқа 7 жасар бала да қатысып отыр екен.

«Қансонарда бүркітші шығады аңға» дегендей, құсбегілік ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан көне дәстүрлі өнер. Оның тарихы 3 мың жылдан арыға барып тіреледі. Сонау ерте замандарда жақсы бапталған қыранды бірнеше түйеге айырбастайтын болған. Ал халықтың басына күн туған жұт жылдары жыртқыш құс тұтас ауылды асыраған, – дейді көпті көрген қариялар.

Алайда, өткен ғасырда құсбегілік өнер ұмыт қалып, тек 1997-ші жылдары қайта жанданды.
Биылғы «Сонар - 2009» жарысына Қазақстанның 5 облысынан әкелінген 48 бүркіттің 9-ы қаршыға. Жарысқа барлығы құстарын баптаған 44 құсбегі келді.

Қазақстандағы құсбегіші жалғыз қыз -Мақпал Әбдіразақова бүркіті Ақжелкемен бірге. Талғар, 15 ақпан, 2009 жыл.

Олардың арасында құсбегілікпен кәсіби айналысып жүрген бірден –бір бойжеткен қыз Мақпал Әбдіразақова да бар. Ол өзінің Ақжелке есімді 7 жасар бүркітімен барлық жарыстардан қалмайтындығын айтады.

- Жыл сайын өткізіліп жатқан сайыстарға барып, өз күшімізді сынап жүрміз. Өткен 2008 жылы Көкшетеудағы сайыста екінші орынды еншіледік. Бүгінде көрсеткіштеріміз жаман емес. Ақжелке бабында.

Жарысты ұйымдастырушы «Қыран» Федерациясы қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаевтың сөзіне қарағанда, осы сайыстың ауқымы жылдан -жылға кеңейіп барады.

- Ең қуанарлығы, жылдан - жылға жас бүркітшілер көбейе түсуде. Бұл осы өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуының бір көрінісі. Кішкентай жастарымыз қорықпай, батылдық танытып, бүркітті қолына қондырып, атқа мініп, оны қоянға немесе түлкіге салып, ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін дәлелдеп келеді, – дейді Нұрлан Өнербаев.

Жарысқа қатысушының бірі – 11 жасар Абзал Әбен. Ол – Еңбекшіқазақ ауданында құсбегілік өнерінің қайта жандануына мұрындық болған Әбен Тоқтасынов ақсақалдың немересі. Абзалдың әкесі Әнуар Тоқтасыновтың айтуынша, Әбен ақсақал Абзалды өз бүркітімен осы жарысқа дайындаған екен. Алайда қарияға бұл күнді көру жазбаған екен.

11 жасар құсбегі - Абзал Әбен бүркіті -Ақжелкенмен Талғар, 15 ақпан, 2009 жыл.


- Біздің әкеміздің өзінің жарысқа салып жүрген бүркіті – Ақжелкенді баптап алып келдік. Немересін осы жарысқа қатыстыру ол кісінің арманы еді. Өкінішке қарай, сол арманға жете алмай кетті. Міне, Абзал атасының Ақжелкенімен жарысқа шықты, – дейді Әнуар Тоқтасынов.

Жалпы осы салада жүрген мамандардың айтуынша, соңғы кездері қазақтың ұлттық спортының бірі – саятшылық пен құсбегілік өнері қайта жандануда. Алайда, аталмыш өнерді алыс - жақын шетелдерге паш етуге әзірге мүмкіншілік болмай отыр.

- Былтыр Англияда бүркітшілердің үлкен сайысы өтті. Онда әлемнің 100-ден аса мемлекеттерінен өкілдер қатысты. Біздің бүркітшілер де шақырту алды. Бірақ, бүркіттеріміздің халықаралық стандарттарға сай құжаттары болмағандықтан кеденнен өткізбеді. Сөйтіп, бүркітшілердің өздері барып келді. Сол жерде оларға Англияда туып - өскен бүркіттерді берді. Біздің бүркітшілердің оларды екі күн баулып, жарысқа қатыстырып, бірінші орын алғандығы бүркітшілік мектебінің шеберлігін байқатты. Бүркітшілеріміз сол елдің құсын бағындырып, олжалы қайтты. Егер өздерінің кішкентайдан бағып - қаққан бүркіттерімен барғанда не болар еді... Біздің құстардың да өз ерекшелігі мен көз тартарлық сұлулығы, аң аулаудағы ерекше тактикасы бар. Міне, соның барлығын елге паш ету үшін бүркітшілердің алыс - жақын шет елдерге шығуына мүмкіндік жасау керек – дейді «Қыран» Федерациясы қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаев.

Ал биылғы додада бүркітшілер арасында ең үздік болып Қанат Шүленбаев танылса, қаршыға бапкерлерінің жарысында Мейрамбек Зейнелов үздік шықты.

"Сонар - 2009" құсбегілер жарысынан түсірілген видеоны мына жерден көріңіз

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG