Accessibility links

Су құйыну акциясын «мақтанға айналды» деп сөкті


Режиссер Ермек Тұрсынов Ice Bucket Challenge акциясына қатысып, су құйынып тұр. 2014 жылдың тамызы.

Режиссер Ермек Тұрсынов Ice Bucket Challenge акциясына қатысып, су құйынып тұр. 2014 жылдың тамызы.

Қазақстандық белгілі азаматтардың қайырымдылық мақсатында суық су құйыну акциясы интернет-қолданушылар арасында қызу пікір туғызды.

Жүйке жүйесі дертіне қарсы күресті насихаттап, суық су құйынатын Ice Bucket Challenge акциясы Қазақстанға да жетті. Бұл шараға елдегі танымал адамдар (бизнесмендер, шенеуніктер, әншілер, спортшылар) қосылып жатыр.

YouTube желісінде тамыз айының соңында қазақстандық құрылыс жұмыстарымен айналысатын холдингті құрушы Қайрат Құдайберген, банкир Жомарт Ертаев және режиссер Ермек Тұрсынов үшеуінің суық су құйынғаны жайлы бейнеролик жарияланды.

Бұл видеода Алматыдағы биік ғимараттардың бірінің төбесінде тұрып су құйынған бизнесменді аспанда ұшып жүрген камера түсіреді. Ал кортта теннис ойнап жүрген банкирдің басына су толы шелекті екі адам төңкереді. Ағаш арасындағы алаңқайда тұрған режиссердің басына суды салт атты адам құйып кетеді.

«ПОНТ АҚШАДАН ҚЫМБАТ»

Бірақ акцияға қатысушылардың тұрмыс деңгейін көрсететін, арнайы түсірілім тобының көмегімен сапалы әрі кәсіби түрде түсірілген бейнеролик жарияланысымен интернет-қолданушылардың сынына ұшырады.

Интернет қолданушылар Ice Bucket Challenge акциясының осы көрінісі тікұшақтан түсірілген деп болжайды. Алматы, 2014 жылдың тамызы.

Интернет қолданушылар Ice Bucket Challenge акциясының осы көрінісі тікұшақтан түсірілген деп болжайды. Алматы, 2014 жылдың тамызы.

«Роликтің арзанға шықпағанын, тіпті тікұшақтан түсірілгенін» айтқан қолданушылар «бұған кеткен қаржыны оданша неге қайырымдылыққа жұмсамайды» десті.

«Пафосы азырақ, ақшасы көбірек болса әлсіз бе? Жақсы понт (мақтан) ақшадан қымбат екенін түсінемін, бірақ науқас балаларға керегі қаражат қой. Түсірілімде ауқатты ауқатты адамдардың түскенін ескерсек, көмегі зор болатын еді-ау» деп жазады Erlan Tanikeev есімді қолданушы YouTube-те жарияланған видеоның соңына.

Қолданушылардың кейбірі «бейнероликте қайырымдылықтан гөрі өз-өзін көрсету, жарнамалау басым сезіліп тұрғанын» айтады. Олар «суық суға үйде-ақ түсіп, ың-шыңсыз қайырымдылық акциясын жасауға болар еді» деседі.

«Пафос көп. Бұл қайырымдылық шарасы ғой, емделмейтін ауру, бұлайша түсірудің не керегі бар...» деп жазады тағы бір қолданушы.

Ал роликті ұнатқан қолданушылар «азаматтар өз мүмкіндіктерін қолданып отыр, онда тұрған не бар, керісінше қызық болып шыққан» дейді.

«ТІКҰШАҚ ДЕГЕНДЕРІ – КІШКЕНТАЙ АППАРАТ»

Ролик кейіпкерлерінің бірі Қайрат Құдайберген бұл бейнежазбаны Facebook желісіндегі парақшасында да жариялаған еді. Ондағы оқырмандар да роликті көрген соң «мақтан мен қайырымдылықтың ара-жігі жайлы» дауласты.

Бизнесмен Қайрат Құдайберген «режиссер Ермек Тұрсыновтың арқасында бейнероликтің құны ноль теңге болғанын» айтады.

Бизнесмен Қайрат Құдайберген Ice Bucket Challenge акциясына қатысып, су құйынып тұр. Алматы, 2014 жылдың тамызы.

Бизнесмен Қайрат Құдайберген Ice Bucket Challenge акциясына қатысып, су құйынып тұр. Алматы, 2014 жылдың тамызы.

«Кейбір пікірлер адамды күйдіреді. «Қымбат тікұшақ», «оданша ақша аударса дұрыс болатын еді» деседі. Достар, біз осылайша [ақша] аударып, көмектесіп жатырмыз. Мәні – осының бәрін кеңінен тарату. Ал тікұшақ деп отырғандары – кішігірім ұшатын аппарат қана» деп жазады Қайрат Құдайберген.

Ол қайырымдылық акциясын жұртқа танымал ету үшін осындай бейнеролик түсіргендерін айтады.

ALS Ice Bucket Challenge акциясы адамның орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, бұлшық етін солдырып, салдандырып тастайтын Шарко (немесе Лу Герига) дертіне жұрт назарын аударту үшін басталған. Акция ережесі бойынша, әрбір адам басына суық су құйып, эстафетаны келесі үш адамға береді. Олар бір күннің ішінде су құйынып, шараны видеоға түсіруі керек. Акцияға қатысудан бас тартқан адам осы ауруды зерттеуге қаржы бөлетін ALS Association қайырымдылық қорына кемінде 100 доллар береді, егер шараға қатысса кемінде 10 доллар аударады.

Әсіресе биыл тамыз айында аса танымал болып кеткен бұл акцияға әлемдегі танымал адамдар – Билл Гейтс пен Марк Цукерберг бастаған интернет технологиясы тұлғалары, Том Круз бен Джон Траволта сияқты актерлер, Бритни Спирс пен Леди Гага сияқты әншілер, Криштиану Роналду сияқты спортшылар да қатысқан.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG