Accessibility links

Билік ауызашарға тыйым салады, я ресмилендіреді


Өзбекстан шенеуніктерге ауызашарға баруға тыйым салса, Қазақстанда әкімдіктер оны ресми діни шара ретінде өткізеді. Телеарнадан әлеуметтік жарнама ретінде хадистер оқыта бастағандар да бар.

Азаттық радиосы Өзбек қызметінің хабарлауынша Ташкент биыл мемлекеттік қызметкерлерге Рамазан айында ауызашарға баруға тыйым салған. Құқық қорғау саласы мен банк қызметкерлері, министрлік пен басқа да қызмет саласының өкілдеріне «Егер Рамазан айында көпшілік орындарға ауызашарға барса, ұлттық қауіпсіздік қызметінің қара тізімінен ілінетіні» ескертілген. Өзбек қызметінің жазуынша, ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері бұйрықтың орындалуын арнайы қадағаламақшы.

Мешіттің кіреберісіндегі жазу. Көрнекі сурет.

Мешіттің кіреберісіндегі жазу. Көрнекі сурет.

«Мәселен, «Халық банкінің» қызметкері жұмыстан шыққаннан кейін бірден үйіне қайтқанын анықтау үшін бақылаушы орган өкілі артынан міндетті түрде аңдиды» деп жазады Азаттықтың Өзбек қызметі.

Өзбек қызметінің жазуынша, бірнеше мемлекеттік қызметкерге жұма намазына баруға да тыйым салынған.

Ташкент қаласындағы ресторандар мен кафелерда ауызашар жасауға да тыйым салынғанын атап өткен Өзбек қызметіне ресторан менеджерлерінің бірі: «Сіз әдеттегідей отырыстарға ғана тапсырыс бере аласыз. Ең бастысы ауызашар туралы айтпасаңыз болды» деп кеңес берген.

Ал Өзбекстанмен көршілес жатқан Қазақстанда Рамазан айы басталғалы мемлекеттік арналардың бірі діни бейнероликтер бере бастаса, облыс әкімдіктері мемлекеттік қызметкерлерге ауызашар ұйымдастыруды міндеттеді.

ДІНИ-ӘЛЕУМЕТТІК ЖАРНАМА

Рамазан айы басталғалы Атырау облыстық «Қазақстан-Атырау» телеарнасы «Рамазан айы келгенде», «Рамазан айының қасиеті», «Оразаның артықшылықтары», «Адамгершілік – арың», «Отанды сүю – иманнан», ​ "Қазақстан-Атырау" телеарнасындағы діни роликтен көрініс. 24 шілде, 2013 жыл.

"Қазақстан-Атырау" телеарнасындағы діни роликтен көрініс. 24 шілде, 2013 жыл.

«Имандылық – басты байлығың» сияқты тақырыптар аясында әлеуметтік роликтер бере бастады.

Қазақстан теларадиокомпаниясының Атырау облыстық филиалы бастығының орынбасары Назарбек Қосшиевтің айтуынша, «Дін істері басқармасының облыстық департаментімен бірлесіп жасап отырған жоба кейін де тоқтамайды».

– Рамазан айына орай оразаның маңызы, қадір-қасиеті жөнінде күніне 7-8 мәрте роликтер өтіп жатыр. Күніне бір роликті ең кем дегенде бес мәрте беріп келеміз, жаңалықтардың басында, жарнаманың алдында, – дейді ол Азаттыққа.

ӘКІМІНІҢ ТАПСЫРМАСЫ

Рамазан айында «сауапты іс» ретінде ауыз ашар беруді ұйымдастыру ісін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев та бастама етіп көтерген. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Арал ауданы әкімінің орынбасары Әділхан Алданов айтты.

– Облыс әкімдігіндегі бір жиналыста болғанбыз. Сонда осы ауызашар беру әңгіме болған. Облыстың барлық аудандарынан келген қызметкерлер «сауап Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

қой» деп қолдау жасағанбыз. Сөйтіп, елге келіп Арал қаласындағы барлық кәсіпкерлер, мекеме мен бөлім басшыларын шақырып жиналыс жасағанмын. Жағдайларыңызға қараңыздар, бір мекеменің жағдайы келмесе, екі-үш мекеме бірігіңіздер деп, - дейді Әділхан Алданов.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, қазір күнделікті кешкісін 30-35 адамға ауызашар беріліп келеді екен. Әуелі ауызашарға ақсақалдар шақырылған, кейін ораза ұстап жүрген әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындар да қамтылған. Әркім өз шамасына қарай үлес қосып жатыр.

Азаттық тілшісінің «Бұл облыс бойынша жасалып жатқан шара ма?» деген сауалына Әділхан Алданов:

- Иә. Ауызашар облыс орталығында «Ақмешіт» пен «Сырдария» мешіттерінде берілсе, аудандарда аудан орталығындағы мешіттерде беріліп жатыр, - деді.
Азаттық тілшісі бұдан басқа Қазалы, Қармақшы аудандарына да хабарласқан болатын. Жергілікті шенеуніктер «әкімдік тарапынан күнделікті ауызашардың ұйымдастырылып жатқанын» растады.

Бұл бастамаға сынай қараушылар да бар. Қазақстан Мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков «шенеуніктердің берген ауызашарының мәртебесі төмен» деп санайды.

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков.

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібеков.

– Әкімдердің берген ауызашарына қатысқам жоқ. Өкінішке орай біздің шенеуніктер ауызашарға тек өздеріне керек адамдарды шақырады. Қазір қит етсе, «терроризм», «экстремизм» деп қауіптену шыққан. Шенеуніктердің көбі сол сөзден содан қорқады да, дін ұстанатын көп адамдарды шақырғысы келмейді. Ал мұндай ауызашардың беделі төмен,- деді ол.

Мұрат Телібеков сияқты белсенділердің пайымдауынша, Қазақстанның аймақтарында жаппай ұйымдастырылып жатқан ауызашар шараларын Өзбекстанмен салыстырып, діни бостандықтың көрінісі деп біржақты бағалауға да келмейді.

2011 жылдың соңында Қазақстанда күшіне енген дін туралы заң бойынша (3-тараудың 7-бабы) барша діни жоралғылар тек ресми тіркелген діни бірлестіктердің ғимараттарында, арнайы рұқсат берілген жағдайда қоғамдық тамақтандыру объектілерінде ғана өткізіледі. 2012 жылдың соңында аяқталған діни бірлестіктерді тіркеу процедурасы кезінде бірқатар дәстүрлі емес немесе азшылыққа жататын исламдық топтар бірлестік мәртебесін ала алмай қалған еді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар бұл әрекетті биліктің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сияқты ұйымдардың мүддесін біржақты қолдауы деп сынаған болатын. Ал ауызашар рәсімі діни жоралғыға жатқандықтан тек осындай рұқсат етілген мешіттер мен құлшылық орындарында ұйымдастырылып жатыр.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG